Тарихты зерделеп қарасақ, қазақ халқы - ұлы халық
Мақсаты
- Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке жету жолындағы айшықты кезеңдеріне шолу жасап, мазмұнды түсінік беру.
- Оқушылардың ойлау қабілеті мен сөйлеу мәдениетін жетілдіру.
- Еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру.
- Тарихты бағалай білуге үйрете отырып, ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеу.
Барысы
1) Тәуелсіздік – бізге оңай келген жоқ
Тәуелсіздік шежіресі арқылы ел жолындағы күрес пен сын сағаттарға тоқталу.
2) Менің Отаным – Қазақстан
Бүгінгі Қазақстанның келбеті, қол жеткізген жетістіктері мен тұғырлы құндылықтары.
3) Мен елімнің – болашағымын
Келешекке бағдар: жас ұрпақтың жауапкершілігі, үміті және азаматтық мұраты.
Жүргізушілер сөзі
Әнұраным – жанұраным,
Сөйлер сөзім, шырқар әнім.
Мәңгі бақи шырқалады,
Республика әнұраны!(Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалады.)
Қазақстанның жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі – Тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болудың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды: халқымыздың әлеуеті зор, өресі мықты, өрісі кең екеніне көз жетті.
Елдің биік табыстарға жетуінде президенттік биліктің рөлі айрықша. Бұл жолда ұзақ жылдар бойы ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке факторы да назардан тыс қалмайды.
Тәуелсіздікке бастар тарихи белестер
Тарихқа көз жүгірту
Біздің Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстан. Қазақ халқы Ресей империясының бодандығында болып, 1731–1917 жылдар аралығында тағдыр талқысына түсті. 1917–1991 жылдары еліміз КСРО құрамында болды.
Бұл тәуелсіздік халқымызға тегін келген жоқ. Талай ұрпақ зар еңіреп, жапа шегіп, өмірі өксікпен өтті. Тарихты зерделесек, қазақ – ұлы халық. Қазақ болғанымызды мақтан етуге толық хақымыз бар. Ендеше, тәуелсіздік жолындағы тарих беттеріне үңіліп, ой елегінен өткізелік. (Слайд көрсетіледі.)
1991: мемлекет атауы және тәуелсіздік туралы заң
1991 жылдың 10 желтоқсанында Жоғары Кеңес сессиясы республиканың ресми атауынан «кеңестік» және «социалистік» сөздерін алып тастап, ел атауын «Қазақстан Республикасы» деп өзгертті.
Көп ұзамай, бір апта ішінде Жоғары Кеңестің жетінші сессиясы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңды қабылдады.
16 желтоқсан: тарихи жариялау
1991 жылдың 16 желтоқсанында қазақ жұрты өзінің ешкімге кіріптар емес, дербес даму жолын таңдағанын салтанатпен жария етті. Байтағы тұтас, шекарасы берік ел халықаралық қатынаста теңқұқылық қағидатын ұстанатын демократиялық-құқықтық, зайырлы, унитарлық мемлекет құратынын әлемге мәлімдеді.
Дәл осы күні исі қазақтың еңсесі көтеріліп, өшкені жанып, көксегені келді. Мерейі өсіп, мәртебесі биіктеді.
Ұлт жады: күрес пен намыс сабақтастығы
Тарихтың тұтас шежіресі
Расында да, ұлыс мұңы мен ұрпақ қамы үшін «күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеген» байырғы бабалар – Білге қаған мен Тоныкөк абыздардан бастап, күні кеше 1986 жылғы Желтоқсан ызғарында орталықтың өктемдігі мен саяси озбырлығына төзбей, алаңға шыққан өрімдей жастарға дейінгі тарихи жол – бүгінгі Тәуелсіздігіміздің тұтас тарихы, үзілмес шежіресі.
Ел рухы: Қазыбек бидің өнегесі
Біз мыңғыртып мал баққан елміз,
Жүйрік жаратып, желіге бие байлатқан елміз.
Дәм-тұзды ақтай білген,
Сыйластықты сақтай білген,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз!
Төрімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Туырлыққа ту іліп,
Қыннан қылыш суырып,
Көк найзаның ұшына күлтелі үкі таққан елміз!
Дұшпанға бас ұрмаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз!
Астамсыған жау болса,
Сөз ұқпайтын паң болса,
Қанға қан, жанға жан алатынымызды жасырмаған елміз!
Атадан ұл құл боламын деп тумайды,
Анадан қыз күң боламын деп тумайды.
Жерді нақақ талатып,
Елді жерге қаратып өткеннен,
Өлгенді артық санап,
Ерліктің құтын қашырмаған елміз!
Бұл сөздерден Алтайдан Атырауға дейін көсілген алып кеңістікте ежелден еркін жайлаған ұлттың асқақ рухы, адамшылық парқы, асау болмысы мен адал пайымы айқын аңғарылады.