Сөйлем соңындағы тыныс белгілеріне назар аудар

Грамматика Сөйлем түрлері Тыныс белгісі

Лепті сөйлемді оқытуға арналған сабақ құрылымы

Бұл сабақта оқушылар сөйлемнің үшінші түрі — лепті сөйлеммен танысады. Негізгі назар оқушының көңіл-күйін білдіретін сөйлемдерді ажыратуға, оларды дұрыс құрастыруға және сөйлем соңында тыныс белгілерін дәл қоюға бағытталады.

Негізгі ереже

Лепті сөйлем адамның көңіл-күйін, қуанышын, өкінішін, таңданысын, ұранын білдіреді. Лепті сөйлемнен кейін леп белгісі (!) қойылады.

Мысал

Алақай, ертең мен киноға барамын!

Мысал

Ура, бізге ертең демалыс!

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Амандасу.
  • Сабақ мақсатын қысқаша айту.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Мұғалім оқушылардан үйге берілген жаттығуды сұрайды. Оқушылар жаттығуды дауыстап оқып, орындалуын көрсетеді.

III. Өткенді қайталау (сөйлем түрлері)

Сөйлем дегеніміз не?

Сөйлем — адамның аяқталған ойы.

Сөйлемнің неше түрі бар?

Сөйлемнің үш түрі бар.

Сұраулы сөйлем

Жауап алу мақсатымен айтылатын сөйлем. Соңына ? қойылады.

Мысалы: Сен қай сыныпта оқисың?

Хабарлы сөйлем

Бір нәрсе туралы хабар беретін сөйлем. Соңына . қойылады.

Мысалы: Менің апам ауылдан келді.

IV. Сөзжұмбақ шешу

Оқушылар сөзжұмбақ сұрақтарына жауап беріп, негізгі сөзді табады.

  1. Ешкінің төлі
  2. Төрт түлік
  3. Ең ірі жануар
  4. Үй құсы
  5. Аңның үйі
  6. Біздің оқитын бөлме
  7. Бас киім
  8. Нан атасы
  9. Әнші құс
  10. «Кіші» сөзінің қарама-қарсы мағынасы
  11. Білім ордасы

Жауаптар

Лақ
Ешкі
Піл
Тауық
Ін
Сынып
Бөрік
Бидай
Бұлбұл
Үлкен
Мектеп

Сөзжұмбақтың жасырын сөзі: Лепті

V. Жаңа сабақ

Сабақтың тақырыбы мен мақсаты хабарланады: бүгін оқушылар сөйлемнің үшінші түрі — лепті сөйлемді меңгереді, оны тыныс белгілері арқылы дұрыс рәсімдеуді үйренеді.

Көркем жазу

Пп   Пп   парта

VI. Оқулықпен жұмыс

240-жаттығу (ауызша)

Өлеңді рөлге бөліп оқыңдар. Көтеріңкі көңіл күймен, дауыс ырғағымен айтылған сөздерді табыңдар. Сөйлем соңындағы тыныс белгілеріне назар аударыңдар.

241-жаттығу (жазбаша)

Хабарлы сөйлемдерді сұраулы және лепті сөйлемге айналдырып жазыңдар.

Хабарлы

Сыныпта өнерлі оқушылар көп.

Мектеп ауласында әдемі гүлдер егілген.

Сұраулы

Сыныпта өнерлі оқушылар көп пе?

Мектеп ауласында әдемі гүлдер егілген бе?

Лепті

Алақай, сыныпта өнерлі оқушылар өте көп!

Ура, мектеп ауласында әдемі гүлдер егілген!

244-жаттығу

Сурет бойынша әңгіме құрастырып, әңгімеге ат қойыңдар.

Бағыттаушы сұрақтар

  • Суретте қай жыл мезгілі бейнеленген?
  • Балалар қалай киінген?
  • Олар қайда жүр?
  • Олар не істеп жүр?

Үлгі жауап

Суретте қыс мезгілі бейнеленген. Балалар жылы киінген. Олар мұз айдынында ойнап жүр. Марат пен Әйгерім кішкентай Гүлназға коньки тебуді үйретіп жүр.

Әңгіме атауына ұсыныс

Қыс қандай көңілді!

Алақай, қар жауды!

Сергіту сәті

Оқушылар орындарынан тұрып, бой жазу жаттығуларын орындайды.

247-жаттығу

Берілген сызбалар бойынша сөйлем құраңдар.

VII. Қорытындылау (жұмбақ арқылы)

1) Өзім сөзден тұрамын,
Біткен ойды құрамын.

Жауабы: Сөйлем

2) Сөзді құрап, доп тіземін,
Қоя салсаң, бір тары,
Жаңалықты жеткіземін.

Жауабы: Хабарлы сөйлем

3) Ойды аяқтап орақ тұрады,
Жауап сөз қалап тұрады.

Жауабы: Сұраулы сөйлем

4) Ұранды, шаттықты,
Өкініш, аптықты
Білдіріп ойын талайдың,
Шарға ине қадаймын.

Жауабы: Лепті сөйлем

Қайталау сұрақтары

  • Лепті сөйлем дегеніміз не?
  • Лепті сөйлемнен кейін қандай тыныс белгісі қойылады?

VIII. Үй тапсырмасы

Оқулықтан берілген тапсырманы орындау (мұғалім нақты жаттығу нөмірін сынып деңгейіне қарай белгілейді). Лепті сөйлемге 3 мысал жазып келу.

IX. Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, тапсырмаларды орындауы, сөйлем түрлерін ажыратуы және тыныс белгілерін дұрыс қолдануы бойынша бағаланады.