Балабақшадағы күндерім

Туған жердің қадірі

А. Жанпейісов атындағы №105 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Шарипова Қарлығаш.

Мен — жас түлекпін, алға ұмтылған. «Туған жер... Туған ел...» Осы екі-ақ сөздің өзінде қаншама мағына, қаншама ой жатыр десеңізші. Туған жердің қадірін әр адам әрқалай түсінетін шығар. Ал мен үшін туған жердің құны — дүниедегі ең ұлы нәрсемен пара-пар.

Себебі ол — мені әлпештеген анам, аялап өсірген әкем, туған-туысым, аға-әпкелерім, білім жолына жетелеген ұстаздарым, сол білімге ұмтылу жолында тай-құлындай тебісіп өскен жора-жолдастарым дүниеге келген қасиетті мекен.

Менің Отаным — Қармақшы

Менің туған жерім, Отаным — кішкентай болса да, мен үшін аса қымбат әрі киелі Қармақшы. Осы мекенде көңілді де шаттыққа толы, уайымсыз да бейкүнә балалық шағым өтті. Қызыққа толы күндерім өткен туған ауылымның ауласын ешқашан ұмытпаймын.

Естеліктер

  • Балабақшадағы күндерім.
  • Мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәтім.
  • Сыныптастарыммен алғашқы таныстық.

Бәрі-бәрі дәл қазіргідей көз алдымда.

Қоштасу жақындаған сайын…

Сол бір алғашқы қадамдарды көз алдыма елестетсем, бүгінгі білім ордасымен, сыныптас достарыммен қоштасар сәттің жақындағанына да сене алмай қаламын. Орта мектепті бітіруге санаулы ғана күн қалғаны, достарыммен жан-жаққа — Қазақстанның түкпір-түкпіріне — білім іздеп аттанатынымыз, балалықпен қоштасуым керектігі ойыма оралса болды, жүрегім атша тулап, қобалжып кетемін.

Енді әне-міне дегенше сүрлеуі көп өмірдің үлкен белесіне аяқ баспақпын. Мен — жас түлекпін, алға ұмтылған. Жас түлек — болашақ маман, өмір атты керуеннің бір жолаушысы. Қалаған мамандығымның соңына түсіп, өмір-керуен қайда жетелесе, сонда жол тартпақпын.

Ой түйін

«Сен де бір кірпіш, дүниеге; кетігін тап та бар, қалан», — деп Абай атамыз айтқандай, өмірден өз орныңды табу — ең маңыздысы.

Сағыныш пен серт

Дегенмен туған ауылымды артқа тастап кетемін деген ойдың өзі-ақ киелі құт мекеніме деген сағынышымды қазірден-ақ күшейтеді. Туып-өскен жерім туралы толғанған сәттерімде Авар елінің патриот ақыны Расул Ғамзатовтың мына бір жолдары ойыма жиі оралады:

Қымбат маған елімнің бар даласы,

Балтық пенен Сахалиннің арасы.

Қайда болсам қиям оған жанымды,

Туған жерден қазсын бірақ қабірді.

Расул Ғамзатов

Туған елге, туған жерге, туған тілге деген ыстық сезімнің үздік үлгісі мен үшін — осындай. Отан туралы ой толғасаң, жан толғанысын айтып тауыса алмассың.

Тілек

Туған жеріне деген шексіз махаббатқа толы жүрегіммен сыныптас достарыма алда тұрған үлкен сын — ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, өздері сүйген мамандықтың иесі болуды тілеймін. Ең бастысы, туған жердің — қазақ елінің — қадірін біле жүрейік.