Левитан дауысы

Музыкалық-әдеби композиция: «Тарих беттерінен...»

Бұл қойылым — ұлт жадындағы ауыр кезеңдерді, рухтың сыналатын сәттерін және тәуелсіздік құндылығын көркем сөз, музыка, қозғалыс пен сахналық көріністер арқылы баяндауға арналған композиция.

1

1-көрініс: Бүгінгі ұрпақтың үні

Сахнаға 4 оқушы (формада, қолдарында кітап) шығып, диалог жүргізеді.

— Мерейхан, алдыңда үлкен сын — ҰБТ тұр. Осы сынақтан кейін қандай жоспарың бар?

Мен үлкен дайындық үстіндемін. Бірақ ҰБТ нәтижесі қандай болса да, өз болашағымнан да, елімнің ертеңінен де қорықпаймын. Керісінше қуанамын, өйткені келешегім нұрлы болмақ.

Иә, сөзіңмен толық келісемін. Себебі бүгінгі жас ұрпақ — арыстандай айбатты, қырандай қайратты. Біздің әдетіміз — алға ұмтылу.

Қазақ болып туғаныма, осындай байтақ өлкеде өмір сүріп жатқаныма бақыттымын. Мен тәуелсізбін, тәуелсіз елдің ұрпағымын. Білектің күшімен, найзаның ұшымен, соңғы демі қалғанша туған жерін қорғап, бізге аманат еткен Ұлы Даланың еңбегі жүрегімізде мәңгі жаңғыруы тиіс.

Футаж: кері жүретін сағат. Уақыт 1920–1930 жылдарға ауысады.

Ескерту: қажет болса, бұл көрініс қайталанып орындалып, тарихи кезеңге өтудің драматургиялық көпірі ретінде қолданылуы мүмкін.

2

2-көрініс: Ашаршылықтың қасіреті (1920–1930)

«Елім-ай» әні орындалады. Сахнада көш қозғалысы: баласынан айырылған ананың зары, әкесінен айырылған ұлдың жылауы көрініс табады.

Әлсіз қарияның сөзі:

— Ей, Алаштың ерке баласы... Азап пен қайғыға толы зобалаң ашаршылықта қазақтың көбі қырылып қалды. Кең сахарада аштықтан көшкен халық — сенің ата-бабаң, бауырларың. Сен сол қасірет көштен аман қалғандардың ұрпағы екеніңді ұмытпа.

Сахна жабылады.

3

3-көрініс: 1937 жыл. Үрейдің көлеңкесі

Футаж: 1937 жыл. Сахналық детальдар: кітап, үстел, майшам. Алыстан баланың жылаған дауысы естіледі.

Гүлбахрамның монологі:

1937 жылдың күзі менің өмірімді екіге бөлді. Бірі — қуаныш пен шаттыққа толы күндер: Сәкеннің махаббаты, ұлымыздың дүниеге келуі, адал жандардың құрметі. Екіншісі — қайғы мен үрей.

Қиын-қыстау уақытта жанымыздың жұбанышы — кішкентай Аянымыз еді. Сәкен қауіптің алдын сезді. Бейімбет Майлинге, Ілияс Жансүгіровке және Сәкеннің өзге де серіктеріне «халық жауы» деген жалған айып тағылды. Күн сайын «таныстардың бірін тұтқындады» деген хабар еститінбіз.

Сәкеннің де кезегі келетінін түсіндік. Телефонның әр шырылы, есіктің әр сықыры зәремізді алды. Әр сыбдырға құлақ түріп, үреймен өмір сүрдік. Ол — арыстандай айбатты, жүректі жан еді. Бірақ дәл қазір қайғы салмағы мысы басқандай күйге түсірді: қолы қалтырап, дауысы қарлығып қалатын кездері болды.

Қыркүйектің соңы. Үйімізге қарай беттеген екі бейтаныс адамды көргенімде, жүрегім солқ етті. Дереу ішке жүгіріп кірдім...

4

4-көрініс: Қамауға алу. Айырылысу

— Сәкен, бізге келе жатыр! — деп айғайладым.

Келгендердің бірі Сәкенге бір парақ қағаз ұсынды.

— Бұл не?

Бұл — қамауға алу ордері. Киініңіз!

— Қайда? Не үшін? — Сәкен бәрін сезіп тұрса да, үнсіздігін жасыратындай сұрақ қоя берді.

Барған соң түсіндіреді. Қане, жылдам. Тездетіңіз!

Сәкен өз-өзіне ұқсамады: бір отырды, бір тұрды. Өңі қуарып, сұрланып кетті. Аянжан әкесінің мойнына жабысып, бар дауысымен айқайлап, жібермеді.

Сол түні көз алдымызда жылдар бойы жиналған қолжазбалар, еңбектер, жеке кітапхана отқа оранып, күлге айналды. Маздаған отпен бірге менің өмірім де қара күйікке айналғандай еді.

Алты ай бойы темір тордың табалдырығын торуылдадым. Бір сәт Сәкеннің жүзін көру түгілі, апарған сәлемдемем қолына тигеніне шүкіршілік етумен күндерім өтті. Көктем де келді, бірақ қара бұлттай торлаған азап сейілмеді.

«Алматы халық жауларының жұбайлары мен балаларынан тазартылады» деген сыбыс тарады. Бір күні милиционер келіп, бес күн ішінде қаладан кету туралы бұйрық берді. Қолымa АЛЖИР лагеріне жолдама қағазын ұстатты.

Лық толы, лас вагонмен Аянжан екеуіміз амалсыздан Ақмолаға бет алдық. Бұл жол маған таныс еді: бір кезде Сәкенмен қуанып жүріп өткен сапарымыз дәл осы рельстермен енді азапқа айналатынын кім ойлаған?..

Суықтан ба, әлде ас-судың тапшылығынан ба — Аянжаным бозарып, әлсірей бастады. Дене қызуы көтерілді. Әуелі қиналғаннан жылаған баламның бірте-бірте әл-қуаты құрып, қозғалуға да шамасы жетпей қалды. Қолымнан келері — жалбарыну ғана.

Көкшетауға таяғанда қаршадай Аяным соңғы демін алып, қолымда қайтыс болды. Бұл ажал жүрегімді қақ айырып, жанымды сыздатты. Көз жасым өмірімнің мәнін шайып әкеткендей болды.

Көкшетауда жанымдағы адамдар қолтықтап вагоннан түсірді. Бір кезде Сәкенмен қошеметке бөленіп түскен перронға бүгін күңгірт күйде, Сәкенсіз, құшағымда өлі баламен қайта оралдым. Тағдырдың тауқыметімен Атбасарға қарай бет алып, Есіл бойындағы әйелдер колониясына кете бардым.

5

5-көрініс: 1941 жыл, 22 маусым

Футаж: 1941 жыл, 22 маусым. Сахнада мектеп түлектерінің қоштасу кешінен үзінді: түлектер вальс билейді. Левитанның дауысы Ұлы Отан соғысының басталғанын хабарлайды.

6

6-көрініс: 1945 жыл, 9 мамыр

Футаж: 1945 жыл, 9 мамыр. Сахнада Жеңісті қарсы алған халықтың қуанышы көрініс табады. «День Победы» әні ойналады.

7

7-көрініс: 1954 жыл. Тың игеру

Футаж: 1954 жыл. «Едут новоселы» әні. Тың игерушілер қолдарында чемодан ұстап шығады, «Здравствуй, целина» ұраны көрінеді. Қыздар мен жігіттер орыс биін билейді.

8

8-көрініс: 1986 жыл. Желтоқсан жаңғырығы

Екі НКВД қызметкері Қайратты сүйретіп әкеліп, сахнаның ортасына лақтырады. Қатігездік көрсетіледі.

Қайраттың сөзі:

Абай туған жерінде

Бомбасын атом жармасын.

Құлпытасты қиратып,

Өлігіңді қазбасын.

Өз ұлтыңның басшысын

Орнынан сүйреп алмасын.

Осы айтылған ақтық сөз

Туың болсын әрдайым!

Мойныма алып жаланы,

Мен болайын құрбаның.

Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар,

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар,

Алам десең, алыңдар!

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

Ағайын, туған азамат!

Артымда қалған ата-анам,

Ел-жұртым — саған аманат!

Футаж: «Қайрат тағдыры».

9

9-көрініс: Тәуелсіздікке тағзым

Футаж: 16 желтоқсан. Слайд арқылы Елбасы, Астана, «Рухани жаңғыру» эмблемасы көрсетіледі. Барлық қатысушылар сахнаға шығады.

1-оқушы

Тәуелсіздік, еркіндік — ежелден ел тілегі.

2-оқушы

Тәуелсіздік — халқымыздың бостандығы мен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күресінің нәтижесі.

3-оқушы

Тәуелсіздік — бұл менің парасатым,

Күншілмен де тіл тауып жарасатын.

Қорғайтын елдігіңді ерлігімен,

Қазақтың шығаратын Алаш атын.

Тәуелсіздік — арымдай аңсар әнім,

Тау-тастай аңсаған жан самалы.

Қазақтың жанына жат пиғылдарға,

Қамығып қара судай қарсы аламын.

4-оқушы

Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Финал: барлық қатысушылар «Қазақстан» әнін орындайды (Асыл тобының әні).

Қорытынды идея

Қойылымның өзегі — тарихи зобалаңдар мен сындардан өткен халық рухын бүгінгі жас ұрпақтың жауапкершілігімен байланыстыру. Әр көрініс ұмытылмас сабаққа айналып, тәуелсіздіктің бағасын терең сезіндіруге бағытталады.