Күнге қарай создық қолды

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Тобы мен білім беру саласы

Бірінші кіші топ. «Таным» білім беру саласы.

Сабақтың тақырыбы

«Күншуақ»

Сабақтың мақсаты

Пішін, көлем және түс туралы түсініктерді қалыптастыру; «бір» және «көп» ұғымдарын ажыратуға үйрету; танымдық белсенділікті арттыру және сенсорлық эталондарды бекіту; эмоциялық көңіл күйді көтеру; баланың сөйлеуін толықтырып, түсінетін сөздік қорын байыту.

Міндеттері

Білім беру

Көлем және түс бойынша түсініктерін қалыптастыру.

Дамытушылық

Есту, көру сезімдерін және ойлау қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік

Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, ұжымда жұмыс істеу дағдыларын тәрбиелеу.

Сөздік жұмысы

  • көп ұғым
  • біреу ұғым
  • үлкен сипат
  • кіші сипат

Көрнекіліктер

  • Ойыншық аю
  • Үлкен және кішкентай доптар
  • Үлкен және кішкентай қораптар
  • Түрлі түсті шариктер
  • Құм толтырылған қораптар
  • Жоғарыға ілінген картон күндер
  • Түймелер қадалған күн макеті
  • Әр түрлі түсті жіптер

Сабақтың барысы

1) Амандасу және көңіл күйді көтеру

Тәрбиеші балаларды қуана қарсы алып, бір-бірімен амандасып, достарын құшақтауға шақырады.

Ояну жаттығуы (өлеңмен)

Қайырлы таң, көздерім, ояндыңдар ма? (Балалар көздерін уқалайды.)

Қайырлы таң, құлақтарым, ояндыңдар ма? (Құлақтарын уқалайды.)

Қайырлы таң, жақтарым, ояндыңдар ма? (Жақтарын уқалайды.)

Қайырлы таң, қолдарым, ояндыңдар ма? (Қолдарын уқалайды.)

Қайырлы таң, аяқтарым, ояндыңдар ма? (Аяқтарын уқалайды.)

Қайырлы таң, Күнім! Біз ояндық, күлеміз! (Қолдарын жоғары көтеріп, күледі.)

2) «Күнмен» танысу және тақпақ айту

Тәрбиеші топтағы ілулі тұрған күндерге назар аудартып, сұрақ қояды: «Біздің топта неше күн бар?» Балалар: «Көп».

Күнге арналған тақпақ

Арайлап таң атты,

Алтын сәуле таратты.

Жарқырайды күніміз,

Жарқырайды нұрымыз.

Қайырлы таң, күніміз!

Балалар: «Қайырлы таң!» (Қол шапалақтайды.)

Тәрбиеші балаларды қолдарын жоғары көтеріп, Күнмен тағы бір рет сәлемдесуге шақырады. Нәтижесінде топта жылы, көңілді атмосфера қалыптасады.

3) «Сыйлық» жасау: құмда күн бейнесін салу

Балалар бір-біріне сыйлық дайындау үшін, алдын ала дайындалған құм салынған қораптарға саусақпен Күннің суретін салады.

Сұрақ

Күн қай геометриялық пішінге ұқсайды?

Жауап: дөңгелек.

Сұрақ

Күннің тағы нелері бар?

Жауап: нұрлары.

Сұрақ

Нұрлары қандай болады?

Жауап: ұзын, қысқа.

Тәрбиеші балалардың жұмыстарын бірге қарап, әдемі шыққанын атап өтеді.

4) «Жылап тұрған Күнге» көмектесу

Тәрбиеші балаларға: «Біреу жылап жатыр» деп хабарлайды. Жылап тұрған — Күн: оның нұрлары жоқ. Балалар Күнге көмектесуге кіріседі.

Орындау реті

  1. Балалар Күннің жанына келіп, текеметке отырады.
  2. Әр бала бір нұрдан алып, Күндегі түймелерге қадайды.
  3. Көзін, аузын, мұрнын бекітеді.
  4. Нұрларын әр түсті жіптермен әсемдейді.

Күн енді көңілді, қуанышты болып, балаларға күлімдеп қарайды. Тәрбиеші Күннің түстерін атап айтуды сұрайды.

5) Аюдың тапсырмалары: «бір» және «көп», «үлкен» және «кіші»

Күнді қуантқан балаларға Аю сыйлық әкеледі. Сыйлықты алу үшін Аю дайындаған тапсырмаларды орындау керек. Балалар: «Иә, дайынбыз!»

Сергіту сәті

Бұлт тарқап, күн ашық болды.

Күнге қарай создық қолды. (Қолдарын жоғары көтереді.)

Оңға, солға жаздық қолды. (Қолдарын оңға, солға жаяды.)

Біздің сергу аяқталды,

Қолдарымыз дем алды.

Тапсырма 1: Доптарды ажырату

  • Бұл жерде не жатыр? Доптар.
  • Қанша доп бар? Көп.
  • Көлемдері қандай? Үлкен және кішкентай.

Тәрбиеші балаларға бір-бірден доп алуды ұсынады және «бір» ұғымын нақтылайды: әр баланың қолында бір доп.

Тапсырма 2: Доптарды қораптарға салу

Екі қорап ұсынылады: үлкен және кішкентай.

Ереже: үлкен қорапқа — үлкен доптар, кішкентай қорапқа — кішкентай доптар салынады. Орындау барысында балалар доптың көлемін және түсін атап отырады.

Сыйлық: түрлі түсті шарлар

Аю балалардың тапсырманы жақсы орындағанына қуанып, түрлі түсті шарларды таратады.

Соңында балалар Аюға алғыс айтып, қоштасады.

6) Қорытындылау және рефлексия

Тәрбиеші балалардан сұрайды: тапсырмаларды орындау ұнады ма, бүгін не істедік, бір-біріміздің сыйлықтарымыз көңілден шықты ма?

Сабақ соңында балалар өздерін мадақтап, қол шапалақтап, бастарын сипайды. Тәрбиеші әр баланың еңбегін атап, қолдау көрсетеді.

Күтілетін нәтиже

  • Пішін, көлем және түстерді ажыратады.
  • «Бір» және «көп» сөздерін орынды қолданады.
  • Сабаққа белсенді қатысады.
  • Сұрақтарға толық жауап беруге дағдыланады.
  • Сөйлеу мәдениеті қалыптасады.

Автор туралы

Мекеме

Павлодар облысы, Естіс ауданы, Голубовка ауылы, МҚКК «Айгөлек» балабақшасы.

Тәрбиеші

Смагулова Назия Зайкеновна