Жаман дос
Лидер сағатының жоспары
Тақырыбы: «Дос – егіз, дұшпан – сегіз»
Достық — алтыннан қымбат. Ол адамды өсіреді, қиын сәтте демеу болады, қуанышта қоса қуанады. Нағыз достықтың өзегі — адалдық пен шынайылық.
Кәсіби даму мақсаты
Тәрбие сағаттарындағы тренингтер арқылы оқушыларда таратылған көшбасшылықты дамыту.
Концепт
Тарих және мәдениет, жаһандық қоғам контекстіндегі басты ой: «Достық – алтыннан қымбат!»
Сабақ мақсаттары
- «Достық» ұғымын ашу, шынайы дос болудың тәртібі мен мәдениетін түсіндіру.
- Достықтың адам өміріндегі орнын ұғындыру; қуаныш пен мұңды досымен бөлісе білуге үйрету.
- Жақсылық жасау, сыйластық пен өзара қолдау дағдыларын дамыту.
- Адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелеу және жаман әдеттерден аулақ болуға бағыттау.
Жетістік критерийі
Оқушылар достық сезімінің өмірде бір-бірін қажетсіну, құрметтеу, шынайы тілектестік, сенім, медет болу, қиын-қыстау күндерде іркілместен қасынан табылу, риясыз әрі есепсіз жомарттық арқылы көрінетінін түсінеді.
Құндылықтарды дарыту
- Татулық, достық, ұжымшылдықты нығайту.
- Сыйластық, түсіністік, өзара көмек мәдениетін дамыту.
- Өзін-өзі басқару қабілеттерін жетілдіру.
Оқыту ресурстары мен байланыстар
АКТ қолдану дағдылары
Бейнеролик, презентация
Пәнаралық байланыс
Қазақ әдебиеті, қазақ тілі, мәдениет, өзін-өзі тану
Сабақтың барысы
Сабақтың басы
Сәлеметсіздер ме, көшбасшылар! «Дос» сөзі — ақылшы, көмекші, сырлас, жақын, адал, шыншыл адам деген ұғымды білдіреді. Достық — адамның өміріндегі ең қымбат байланыстардың бірі: ол қуанышта да, қиындықта да жанынан табылады. Адалдықсыз достық болмайды, ал адалдық — рухани тазалық. Достық — адамдардың бір-бірін жүрек қалауымен жақын көріп, қалтқысыз сеніп, тілектес әрі мұраттас болуы.
1) Бейнематериал
«Жақсы дос пен жаман дос» бейнебаянын көру
Көргеннен кейін қысқаша талқылау: қандай әрекеттер достықты нығайтады, ал қандайы әлсіретеді?
Ой шақыру
- Мен досыма сенемін, себебі мен …
- Әрбір адамға дос керек, өйткені …
- Сыйластық бар жерде …
- Жақсы дос …
- Жаман дос …
Ойлан, тап! (мақал-мәтелдерді жалғастыру)
- 1. Кемшіліксіз … іздеген адам … қалады.
- 2. Дұшпан … айтады, дос … айтады.
- 3. Жаңылмайтын … жоқ, сүрінбейтін тұяқ … .
- 4. … жаңасы жақсы, … көнесі жақсы.
- 5. … теңгең болғанша, жүз … болсын.
- 6. Досы көппен … , досы жоқпен … .
- 7. Досы … , өзі де жақсы.
- 8. … басқа қарайды, … аяққа қарайды.
- 9. Ақылсыз … , ақылды дұшпан … .
- 10. Досың мың болса да — … ; … біреу болса да — көп.
Ескерту: Мақал-мәтелдердің жалғасын топпен ақылдасып, дәлелмен қорғау ұсынылады.
Сабақтың ортасы: ситуациялық жағдаяттар
Әр топқа бір жағдаят беріледі. Тапсырма: жағдайды талдау, ықтимал шешімдерді ұсыну, шешімнің достыққа әсерін түсіндіру.
I жағдаят
Көптен күткен әншінің концертіне бара жатырсың. Қалтаңда билет құнына жететін 2000 теңге бар. Жолда құрбың кездесіп, шұғыл ақша керек екенін айтып, қарызға 1000 теңге беруіңді сұрады. Бұл жағдайдан қалай шығасың?
II жағдаят
Сен математикадан есеп шығарып келдің. Досың сенен көшіріп алды. Сен кеткен қатені ол байқап, өзіне қатесіз етіп түзеп жазды. Үй жұмысынан сен «4», ал ол «5» алды. Бұл жағдайда досыңа не дейсің?
III жағдаят
Сен асығып барасың: кешігуге болмайтын маңызды кездесуің бар. Досың қоңырау шалып, «Тез келіп кетші, бір жағдаймен қатты қысылып тұрмын» деді. Сен қандай әрекет жасайсың?
IV жағдаят
Анаң бақтан қайтқанда нан алып кел деп ақша берді. Үйдегілер сені күтіп отыр. Досың да анасы берген ақшаға нан алуы керек еді, бірақ ақшасын жоғалтып алып, не істерін білмей тұр. Не істейсің?
Талқылауға арналған бағдар сұрақтар
- Бұл жағдайда адалдық пен жанашырлық қалай көрінеді?
- Шекара қою (өз уақытың, жауапкершілігің) достыққа қайшы ма?
- Әділетті шешім қандай, оны қалай мәдени түрде жеткізуге болады?