Неліктен бала анасының сөздерінен ұялды
Өзін-өзі тану: Ар-ұждан және абырой
Құндылық
Дұрыс әрекет
Ар-ұжданды тыңдай отырып жасалған іс — адамның өзіне де, өзгеге де игілік әкелетін әрекет.
Қасиеттер
- Отбасындағы парызды орындау
- Мектептегі міндетке жауапкершілікпен қарау
- Әдептілік
- Әділеттілік
Мақсат
Оқушыларға ақкөңілділік туралы түсінік беріп, «дұрыс әрекет» құндылығының мәнін ашу.
Міндеттер
- 1 Отбасындағы және мектептегі парызды орындаудың қажеттігін түсіндіру.
- 2 Оқушылардың бойындағы әділеттілік қасиетін дамыту.
- 3 Әдептілікке тәрбиелеу.
Ресурстар
Интернет материалдары.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі: «5Т» ережесі
Ережені еске түсіріп, сыныпта тәртіп сақтап, білім алуға талаптанып, тыныштық орнатып, тазалықты сақтап, бүгінгі күнімізді татулықпен өткізуді мақсат етеміз.
-
Тәртіп
Сабақтағы ортақ мәдениет.
-
Талап
Өзімізден жоғарыны сұрау.
-
Тыныштық
Зейін мен сабыр.
-
Тазалық
Сыртқы және ішкі ұқыптылық.
-
Татулық
Сыйластыққа негізделген қарым-қатынас.
2) Тыныштық сәті: су асты патшалығына ойша саяхат
Нұсқаулық
- Шеңбер құрып отыру, қолды тізеге немесе үстел үстіне қою.
- Аяқты айқастырмау, арқаны тік ұстау.
- Жайлы, баяу әуен қосу.
Көзіңізді жұмып, бірнеше рет терең тыныстаңыз. Денеңізді босатыңыз. Бірнеше сәттен соң теңіз түбіне ойша саяхат жасаймыз.
Теңіз жағасымен келе жатқаныңызды елестетіңіз. Толқынның жайлы шалпылын, шағаланың үнін тыңдаңыз. Жалаңаяқ құмның жұмсақтығын сезініңіз.
Шалғайдан қара ноқат көрінеді. Жақындаған сайын оның дельфин екенін байқайсыз. Ол сізді теңіз түбіне алып баруға келген. Өте әдепті, сабырлы. Жайлап арқасына отырып, мықтап ұстап, жолға шығыңыз.
Су астында өзіңізді қауіпсіз сезінесіз. Айналаңызға қараңыз: кемпірқосақтай құбылған әсем балықтар, суда тербелген ғажайып балдырлар. Анау жақта — алып сегізаяқ. Бұл әлем — қызық та тылсым.
Ең бастысы — мұнда терең тыныштық бар. Сол тыныштық күйінде бір сәт аялдаңыз.
Енді жоғарыға, өз әлемімізге қайтуға дайындалыңыз. Түстерге тағы бір рет назар аударып, тыныштықты жүрегіңізде сақтаңыз. Дельфин сізді жағаға әкеледі. Одан түсіп, сипап, осы саяхат үшін алғыс айтыңыз.
Сыныпқа оралып, өз орныңызға келіңіз. Бірнеше секундтан соң көзіңізді ашыңыз. Ішкі тыныштықты сақтауға тырысыңыз.
Үй тапсырмасын тексеру және алдағы оқу
Тексеру
- №12 сабақ: оқулықтағы 1-тапсырма.
Келесі сабаққа дайындық
№13 сабақ: «Қара құлып» мәтінін оқып келу.
Талқылау сұрақтары
- Неліктен бала анасының сөздерінен ұялды?
- Оқиғадан бала қандай өмірлік сабақ алды деп ойлайсыңдар?
- Абайдың «Пайда ойлама — ар ойла» деген сөзін қалай түсінесіңдер?
- Адамды абырой биігіне көтеріп, дұрыс әрекетке жетелейтін қандай қасиеттер?
Дәйексөз және ой талқы
«Ар-ождан алдындағы адалдық — өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты.»
Әбу Насыр әл-Фараби — әлемге әйгілі ойшыл, философ. Ол логика, музыка, математика, физика, астрономия және басқа да ғылым салаларының дамуына үлес қосқан.
Сұрақтар
- Ар-ұждан дегеніміз не?
- Ар-ұждан алдында не үшін адал болуымыз керек?
- Дәйексөзден қандай ой түйдіңіз?
Оқиға: «Боз орамал»
Мұғалім сыйы
Авторы: П. Джон
Автобус аялдамасында ешкімге назар аудармай, мұңға батқан жас жігіт отыр. Өтіп жатқан жолаушылардың бірі бұрылып қарайды, бірі мән бермейді. Ал жігіт — терең ойдың ішінде.
Ол өткен өмірін қайта-қайта еске алды. Жиырма жыл бұрын ол келесі көшедегі қызыл кірпіш үйде дүниеге келіп, бақытты балалық шағын өткізген. Үйдің орнында не қалғаны белгісіз, бірақ маңындағы қызылды-жасылды гүлдерді ол еш ұмытпаған.
Үй жанында әкесі жасап берген әткеншек, бақтағы жалғызаяқ жол, алғаш велосипед тепкен сәт — бәрі есінде. Сол велосипедті ата-анасы бірнеше ай еңбек ақысын жинап әперген еді.
Уақыт өте велосипед мопедке ауысты. Жасөспірім ата-анасына сирек келетін болды: өзі ақша таба бастады, достары көбейді, сауық кештері қызық көрінді. Сол кезеңін еске алғанда жаны тітіркеніп, өз қателігін ішінен жасырып қалғысы келетін.
Бір күні қарызы көбейіп, ата-анасынан ақша сұрауға келеді. Анасы қуанып қарсы алады, әкесі мейірім танытады. Бірақ ұлы олардың ақшасын рұқсатсыз алып, үнсіз кетіп қалады. Сол кеткеннен қайта оралмайды — ұялғанынан жүздеріне тура қарай алмайды.
Жігіт алыс қалада жұмыс істейді. Кейде түнде айға қарап, ата-анасын сағынады: «Егер олар аман болса, мені көргісі келсе, бір күні үйіме барсам…» деп ойлайды.
Ақыры ол қайтуға бел буады. Бірақ ақшасы жоқ болғандықтан, жолға жаяу шығып, кейде кездескен көліктерге ілесіп, туған ауылына жақындай береді. Ішкі күресі күшейеді: «Менің қайта баруға қақым бар ма? Олар кешіре ме?»
Ол бір күн бойы ағаш түбінде отырып, ақыры қысқа ғана хат жазады да, пошта жәшігіне салады:
«Мені көргілерің келеді деп ойлау — ақымақтық шығар. Бірақ таңдау өздеріңізде. Бейсенбі күні таңсәріде біздің көшеде боламын. Егер мені көргілеріңіз келсе, босағаға боз орамал байлаңыздар. Орамал болса — үйге кіремін, болмаса — туған үйге соңғы рет қол бұлғап, өз жөніммен кетемін…»
Көп күттірмей бейсенбі таңы атады. Жігіт жүрегі атқақтап, туған көшесіне жақындайды. Кенет ол кілт тоқтап қалады: «Мүмкін, көшіп кеткен шығар… Босағада орамал болмаса ше…»
Ол именіп қана көшеге көз тастайды. Сонда өз көзіне өзі сенбейді: туған үйі аппақ шағаладай жарқырап тұр. Есігі мен терезесінің бәрі ақ матамен көмкерілген. Үйдің өзі бозарып атқан таңғы сәулемен шағылысып, нұрға оранғандай.
Екі көзінен парлаған жасты тыя алмаған жігіт босағаға қалай жеткенін де аңғармай қалады. Ал алдында — туған үйдің есігі айқара ашық еді.
Талқылау сұрақтары
- Әңгіме не туралы? Кейіпкер кім?
- Әңгіменің негізгі ойы қандай?
- Өз өмірлеріңізден ұқсас мысал келтіре аласыздар ма?
Шығармашылық жұмыс және топтық тапсырма
1-топ
«Дұрыс әрекет» тақырыбы бойынша 1-жағдаятты талдау.
2-топ
«Ар-ұждан» тақырыбы бойынша 2-жағдаятты талдау.
Топпен ән айту
Сөзі
Мұғалімдер шығармашылығы
Әні
«Ертегілер әні» әуенімен
Негізгі ой
Құндылық — өмір мәні, ар-ұждан — ішкі бағдар.
1-шумақ
Ақиқаттың әнін Айтамын күнде мен. Бөбек әлемінің сырларын түсініп, Нұрына шомылдым күннің. Тыныштық — жан көркі, Керемет ол неткен. Ар-ұждан сөйлейді, Жүректі тербейді, Бақытқа бізді жетелеп.
Қайырмасы
Құндылықтар — мәңгі әнім, Құндылықтар — өмір мәні. Ізгіліктің ғажап күйіне Ертесіңдер сендер.
2-шумақ
Дұрыс әрекеттер Сүйіспеншілік береді. Тыныштық орнайды, Қиянат болмайды Адамзатқа әлемдегі. Керемет ол неткен. Ар-ұждан сөйлейді, Жүректі тербейді, Бақытқа бізді жетелеп.
Үй тапсырмасы
Келесі қадам
- №13 сабақ: «Ақылды болсаң, арыңды сақта» тақырыбына эссе жазу.
- №14 сабақ: «Бір билеттің кесірі» мәтінін оқып келу.
Ойлануға
Әр күнгі таңдауда ар-ұжданға құлақ асу — абыройды сақтаудың ең сенімді жолы. Кішкентай, бірақ адал әрекеттер үлкен мінез қалыптастырады.
Қорытынды сәт: тыныс алуға зейін қою
Аяқ-қолыңызды айқастырмай, түзу отырыңыз. Қолды тізеге қоюға болады. Көзді жұмып, арқаны тіктеңіз.
Жаттығу мәтіні
Тыныс алуға зейін қойған кезде ақылымыз тынығады. Ауаны ішке тартқанда тыныштық пен қуанышты қабылдаймыз. Демді шығарғанда мазасыздық пен кернеуді сыртқа жібереміз.
Дем ал… дем шығар…
Жаймен 9–10 рет қайталаңыз.
Бүгінгі сабақта игерген жақсы қасиеттерді еске түсіріп, жүрегімізде сақтайық.
Мектебі: Бейнеу лицейі КММ
Мұғалімі: Алдабергенова К.