Балапанға бидай шаш

Тақырыбы: «Шұбар тауық» (II — кішкентайлар тобы)

Мақсаты

  • Балаларды ертегіні зейін қойып, соңына дейін тыңдауға үйрету.
  • Тәрбиешінің сұрақтарына анық жауап беруге, бір-бірінің жауабын тыңдауға және өзіне сенімді болуға дағдыландыру.
  • Кейіпкерлерге мейірімділік пен аяушылық сезімін тәрбиелеу.
  • Белсенді сөздік қорын дамыту.
  • Түстер мен геометриялық пішіндерді ажырата білуін жетілдіру, пішіндерден құрастыруға қызығушылығын арттыру.

1) Шаттық шеңбер

Балалар шеңберге тұрады. Тәрбиеші көңіл көтеретін қимыл-қозғалыстармен бірге тақпақты айтады:

Қуыр-қуыр, қуырмаш,
Балапанға бидай шаш.
Түлкі келсе — есік бас,
Әжең келсе — есік аш.

Бас бармақ,
Балаң үйрек,
Ортан терек,
Шылдыр шүмек,
Кішкене бөбек.

Қуыр-қуыр, қуырмаш,
Тауықтарға тары шаш.
Шеп-шеп-шеп.

Тәрбиеші: Балалар, ертегі тамашалағыларың келе ме?

(Балалардың назарын экранға аударады.)

2) Ертегі: «Шұбар тауық»

Балаларға «Шұбар тауық» ертегісі көрсетіледі/оқылады. Тәрбиеші маңызды тұстарға тоқталып, балалардың назарын кейіпкерлердің әрекеттеріне аударады.

3) Сөздік ойын: «Кім тез жауап береді?»

Ертегі желісі бойынша сұрақ-жауап жүргізіледі.

Қандай ертегі көрдіңдер?
«Шұбар тауық».
Шұбар тауық кімдердің үйінде тұрды?
Ата мен әженің үйінде.
Шұбар тауық ата мен әжеге қандай жұмыртқа туып берді?
Алтын жұмыртқа.
Жұмыртқаны не жарды?
Тышқан.
Тышқан жұмыртқаны қалай жарды?
Құйрығымен қағып кетті.

4) Психологиялық гимнастика: «Көңіл күй»

Балалар кейіпкерлердің эмоциясын бет-әлпет, қимыл арқылы бейнелейді.

Таңдану

Ата мен әже алтын жұмыртқаны көргенде қалай таңданды?

Көңілсіздену

Алтын жұмыртқа жарылып қалғанда олар қалай ренжіді?

Қуану

Жай жұмыртқа туып бергенде олар қалай қуанды?

Көрініс: «Қыт-қыттап Шұбар тауық келеді…»

Шұбар тауық: Сәлеметсіңдер ме, балалар, қыт-қыт-қыт!

Балалар: Сәлеметсіз бе!

Шұбар тауық: Мені таныдыңдар ма?

Балалар: Иә, таныдық. Сен Шұбар тауықсың.

Шұбар тауық: Мен сендерге ойындар әкелдім. Егер ойындарды дұрыс ойнасаңдар, мына жұмыртқаларым ашылады.

Тәрбиеші: Шұбар тауық, біздің балалар ойын ойнағанды өте жақсы көреді.

5) Дидактикалық ойын: «Суреттерді ретімен қойып, әңгімеле»

Балалар ертегі бойынша берілген суреттерді дұрыс ретке қойып, қысқаша әңгімелеп береді.

Тәрбиеші (жұмыртқаны қолына алып): Ой, балалар, мына жұмыртқадан бір дауыс шығып тұрған сияқты…

(Ішінен шиқылдап балапан шығады.)

Балалар: Балапан!

(Балалар таңданады. Шұбар тауық қыт-қыттап алғыс айтады.)

6) Дидактикалық ойын: «Геометриялық пішіндерді ата және сипатта»

Екінші жұмыртқа ашылып, ішінен балапан шығады. Балалар пішіндерді (шеңбер, үшбұрыш, шаршы, тік төртбұрыш) атап, түсін және қасиетін сипаттайды.

7) Дидактикалық ойын: «Балапанды пішіндерден құрастыр»

Үшінші жұмыртқа ашылып, ішінен балапан шығады. Балалар геометриялық пішіндерден балапанның бейнесін құрастырады.

Қосымша тапсырма: «Неше балапан, неше жұмыртқа?»

Балалар жұмыртқалар мен балапандарды санап, нәтижесін айтады.

Шұбар тауық: Жарайсыңдар, балалар! Жұмыртқаларымды ашуға көмектескендеріңе рахмет!

Балалар: Шұбар тауықпен бірге ән айтып, би билейік!

Ән: «Шөжелерім»

Шеп-шеп-шеп, шөжелерім,
Сары алтындай балапаным.
Тез жетіңдер, жем беремін,
Дәнге толы алақаным.

Қорытынды

Шұбар тауық: Балалар, сендермен бірге өте көңілді болды. Мен сендерге сыйлық ала келдім.

(Сыйлық ретінде киндер жұмыртқаларын балаларға таратады.)

Шұбар тауық: Мені атам мен әжем іздеп жүрген болар. Мен енді үйге қайтайын. Сау болыңдар, балалар!