Сүйекті балықтар класы

Сабақтың тақырыбы

Сүйекті балықтарға жалпы сипаттама.

Білімдік мақсат

Оқушыларға сүйекті балықтардың өзіне тән ерекшеліктері туралы білім беру.

Дамытушылық мақсат

Балықтардың түрлері мен отрядтары туралы ұғым қалыптастырып, ой-өрісін және іздену қабілетін дамыту.

Тәрбиелік мақсат

Табиғатты қорғауға, аялауға және жан-жануарларға қамқорлық жасауға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі, әдісі және көрнекілігі

Сабақтың түрі

Жаңа сабақты оқыту; білім-біліктілікті және ізденіс дағдысын қалыптастыру.

Сабақтың әдісі

Топпен жұмыс, сұрақ-жауап.

Көрнекілігі

Кестелер, балықтардың суреттері, тірек-сызбалар және қосымша материалдар.

Сабақтың барысы

  1. 1
    Ұйымдастыру кезеңі
  2. 2
    Үй тапсырмасын сұрау және бекіту
  3. 3
    Жаңа сабақ
  4. 4
    Үйге тапсырма беру
  5. 5
    Бағалау

Үй тапсырмасын тексеру сұрақтары

  • Балықтарды зерттейтін ғылым саласы қалай аталады?
  • Омыртқалыларға қандай жануарлар жатады?
  • Балықтардың денесі қандай бөлімдерден тұрады?
  • Балықтардың денесінде қандай жүзбеқанаттар болады?
  • Шеміршекті балықтар қандай класс тармақтарына бөлінеді?

Жаңа сабақ: сүйекті балықтарға сипаттама

Таралуы және әртүрлілігі

Қазіргі кезде сүйекті балықтардың 20 000-нан астам түрі белгілі. Олардың дене пішіндері алуан түрлі және тіршілік ортасына жақсы бейімделген.

Дене құрылысы

Денесі бас, тұлға және құйрық бөлімдеріне бөлінеді. Терісі жалпақ әрі ірі қабыршақтармен қапталған.

Қабыршақтың ерекшелігі

Қабыршақта ағаш діңіндегі жылдық сақиналарға ұқсас сызықтар болады. Сол сызықтарға қарап балықтың жасын анықтауға болады.

Қаңқасы

Сүйекті балықтардың қаңқасында сүйектер өте көп, сондықтан қозғалысы ширақ әрі тиімді.

Торсылдақ: негізгі қызметі

Сүйекті балықтарға тән ерекше мүше — торсылдақ. Іші ауаға толы торсылдақ ұрықтың даму кезеңінде ішектен бөлініп қалыптасады.

  • Суда қалқу деңгейін реттейді: дене салмағын «жеңілдетіп», судың әр қабатына өтуге мүмкіндік береді.
  • Кейбір түрлерінде тыныс алуға және дыбыс шығаруға қатысады.
  • Су түбінде тіршілік етуге бейімделген кейбір балықтарда торсылдақ болмайды.

Көбеюі және шаруашылықтағы маңызы

Сүйекті балықтар көбіне сырттай ұрықтанады, сондықтан уылдырықты өте көп шашады. Кәсіптік маңызы бар түрлерді көбейту үшін балық зауыттарында қолдан ұрықтандыру жүргізіліп, шабақ өсіріледі.

Жіктелуі (класс тармақтары)

Сәулеқанаттылар
  • Бекіре тәріздестер
  • Майшабақ тәріздестер
  • Албырт тәріздестер
  • Сетінектер
  • Көзауықтар
Қалаққанаттылар
  • Қосжынысты балықтар
  • Саусаққанатты балықтар
  • Тұқымтәріздестер

Ескерту: Жіктеу үлгілері оқулыққа байланысты әртүрлі берілуі мүмкін; негізгі мақсат — сәулеқанатты және қалаққанатты топтарының айырмасын түсіну.

Дәптермен жұмыс: терминдер

Өрістегіш балықтар

Уылдырық шашу үшін Еділ, Жайық өзендеріне көтеріліп, өрістейтін балықтар.

Торсылдақ

Іші ауаға толы, ұрықтың даму кезеңінде ішектен бөлінетін ерекше мүше.

Уылдырық

Аналық безде жетілетін майда жұмыртқа жасушалары.

Шоғал

Аталық безден бөлінетін сұйық (шәует).

Сергіту: жұмбақтар

  1. Еркек балық ұя етіп қояды,
    Ұрғашысы шабағын жеп тояды.

    Жауабы: шаншар балық

  2. Аузы дөңгелек, пішіні жұмыр,
    Жыланша иреңдеген судағы сұм бір.
    Қорегін олжалап тою үшін,
    Бұрғылап ішіне еніп, ішегімен жеп жүр.

    Жауабы: миксина

  3. Тұмсығымен кемені теседі,
    Суда сүңгуір қайықша еседі.

    Жауабы: семсер-балық

  4. Еті семіз, тіл үйіреді,
    Балқаш пен Іле — тұрағы.
    Бұл балықты кім біледі?
    Қай органы уландырады?

    Жауабы: шармай

Қорытынды: «Чайнворд — балықтар»

  1. Маса дернәсілімен қоректенетін аквариум балығы. (Лялиус)
  2. Тынық мұхитының солтүстік бөлігінде мекендейтін, топтасып тіршілік ететін балық. (Сайра)
  3. Балқаш көлінің негізгі балығы, жыртқыш. (Алабұға)
  4. Төрткөз балық. (Анаблепс)
  5. Арқа қанаты тікенекті; Атлант, Үнді, Тынық мұхиттарында таралған, балық шаруашылығында маңызы бар. (Ставрида)
  6. Дернәсілдері цементті безінің көмегімен өсімдік сабағына жабысатын шабақ балық. (Аққайран)
  7. Треска тұқымдасына жататын, теңіз суынан тұщы суға таралған бір түрі. (Нәлім)

Әріптері араласқан сөздер

Әріптері адасқан сөздерден балықтардың аттарын құрастырыңдар:

Хабхат
Батан
Кеңөм
Азанс
Іебрек
Нартош

Үй тапсырмасы және бағалау

Үй тапсырмасы

  • «Сүйекті балықтар класы» тақырыбын қайталау.
  • Балықтардың аттарына сәйкестендіріп, суретті жұмбақ құрастыру.

Бағалау

Оқушылардың білім деңгейі сұрақ-жауап, тапсырмалар және топтық жұмыс нәтижелері бойынша бағаланады.

Негізгі өлшемдер: тақырыпты түсіну, терминдерді дұрыс қолдану, дәлелді жауап беру, белсенді қатысу.