Мысалды оқушыларға оқыту
Әдебиеттік оқу • 4-сынып
С. Оспанов — «Шыбын мен көбелек» мысалы бойынша сабақ жоспары
Сабақ түрі: жаңа сабақ
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
- Оқушылардың С. Оспановтың өмірі мен шығармалары туралы білімін кеңейту.
- «Шыбын мен көбелек» мысалының мазмұны мен идеясын ашу.
- Жәндіктер арқылы берілетін мысалдың тәрбиелік рөлін түсіндіру.
- Шыбын мен көбелектің пайдасы мен зияны туралы түсінік қалыптастыру.
Дамытушылық
- Ойлау, сөйлеу дағдыларын дамыту.
- Тілдік қорын байыту, мәтінмен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру.
Тәрбиелік
- Табиғатты аялауға баулу.
- Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге тәрбиелеу.
- Адамгершілікке, инабаттылыққа, бірлікке тәрбиелеу.
Сабақтың әдіс-тәсілдері мен көрнекіліктері
Әдістер
Көрнекіліктер
- Автордың портреті
- Тақырыптық суреттер
- Кестелер
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу.
- Оқушылардың назарын сабаққа аудару, ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру.
II. Үй тапсырмасын тексеру (сұрақ-жауап)
- 1.«Сапар мен парта» шығармасы қай жанрға жатады?
- 2.Мысал дегеніміз не?
- 3.«Сапар мен парта» мысалы не туралы?
- 4.Парта неге ренжіді?
- 5.Парта өз ойын қалай білдірді?
- 6.Монолог деген не?
- 7.Сапар өз кінәсін мойындады деп ойлайсың ба?
- 8.Мысалдың тәрбиелік мәні қандай деп ойлайсың?
III. Жаңа сабаққа кіріспе
Жұмбақ 1
Ас көрсе — «ақ» жалайды,
Содан ауру тарайды.
Жауабы: шыбын
Жұмбақ 2
Көлбең-көлбең етеді,
Гүлден ұшып жетеді.
Гүл шырынын сорады,
Соған риза болады.
Жауабы: көбелек
Автор туралы қысқаша мәлімет
Оспанов Сейітқұл
Туған күні: 1955 жыл, 30 наурыз
Туған жері: Қызылорда облысы, Қазалы қаласы
Білімі мен қызметі
- 1977 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді.
- «Жалын», «Мектеп» баспаларында, «Пионер», «Зерде», «Парасат» журналдарында, «Жетісу» газетінде жұмыс істеді.
- 1994–2003 жж. ҚР Үкіметі аппаратында аударма секторын басқарды.
- «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясында қызмет етті.
Шығармалары
Жыр жинақтары: «Бәйге», «Ащы қауын, тәтті қауын», «Күн көтерілген шақ»
Проза: «Ағаш ат», «Бақытты үй», «Ең қызықты күн», «Құлдар көтерілісі»
Тақырыпты кеңейту: көбелек пен шыбын туралы деректер
Көбелек: қысқа ғұмыр, үлкен қызмет
Нәзік жәндіктердің кейбірі небәрі бір-ақ күн өмір сүреді. Ал екі күнге дейін шыдаса, бұл — сирек кездесетін жағдай.
Дегенмен, осы қысқа уақыт ішінде көбелек мыңдаған гүлдерді тозаңдандырып, болашақ өсімдіктердің көбеюіне тікелей ықпал етеді.
Көбелек жұмыртқа салып, кейін ол құртқа, одан қуыршаққа айналады. Қуыршақтан шығу сәті — ғибрат: көбелек қабынан қиналып шыққанда қанаты қуат жинайды. Егер оған «көмектесіп» қабын жарып жіберсеңіз, ол кейін ұша алмай қалуы мүмкін.
Жібек көбелектен жібек мата өндіріледі.
Шыбын: зияны басым, пайдасы да бар
Шыбын — өте лас жәндік, ол түрлі аурудың тарауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан санитарлық тазалықта оның зияны ерекше атап өтіледі.
Соған қарамастан, кейбір синантроптық шыбындардың медициналық-санитарлық маңызы бар. Жаз мезгілінде 12–14 күн ішінде жаңа ұрпағы өсіп-өнуі мүмкін.
Бірқатар елдерде шыбынның құрттарын арнайы көбейтіп, үй құстарын жемдеуге және балық аулауға пайдаланады. Мысалы, Англияның Нортхемптон округінде құрт сататын автомат қойылғаны туралы дерек бар.
Қазақстанда да тәжірибе қолға алына бастаған: Семейдегі құс фабрикасында жемді шыбын құрттарымен байыту тәжірибеге енгізілген.
Оқулықпен жұмыс
- Мысалды оқушыларға оқыту (мәнерлеп оқу, тізбектей оқу).
- Мазмұн бойынша сұрақтарға жауап алу.
1-топ
- Әңгіменің негізгі кейіпкерлерін ата.
- Шыбын мен көбелек неге келіспей қалды?
2-топ
- Шыбын нені мақтан етті?
- Неліктен «халің мүшкіл» деді?
3-топ
- Көбелек оған не деді?
- Қайсысының айтқаны дұрыс деп ойлайсың? Неліктен?
Жалпы сұрақ
Мысалда адамдардың қандай қылығы сыналады?
Бұл мысалда мақтаншақтық, тоғышарлық, жалқаулық сияқты жағымсыз қасиеттер сыналады.
Сөздік жұмысы
Көз шырымын алу
ұйықтау, аздап мызғып алу
Қауыз
ашылайын деп тұрған гүл басының жұқа қабығы
Жұқсыз
сүйкімсіз, жек көрінішті
Сұғанақ
ұры, біреудің затын қымқырғыш
Сапалақ
шыбын қуғыш құрал
Шылғи өтірік
мүлде өтірік, шындыққа жанаспайтын сөз
Жеке және топтық тапсырмалар
1-топ: өлең құрастыру
Ұйқас сөздерді пайдаланып, көбелек туралы 1 шумақ өлең құрастыр.
.............. көркімін, .............. жүремін
.............. астында .............. кешемін
2-топ: мінездеме беру
Шыбын мен көбелекке мінездеме бер: олардың әрекеті, сөйлеу мәнері және мысалдағы орны бойынша салыстыр.
Шыбын
Мінезі мен іс-әрекетін сипатта.
Көбелек
Мінезі мен іс-әрекетін сипатта.
Бекіту (сұрақ-жауап)
- 1.Мысал не туралы?
- 2.Шыбын мен көбелек неге келіспей қалды?
- 3.Шыбын нені мақтан етті?
- 4.Көбелек оған не деді?
- 5.Қайсысының айтқаны дұрыс деп ойлайсың? Неліктен?
- 6.Сен шыбынның орнында болсаң, не істер едің?
- 7.Мысалда адамдардың қандай қылығы сыналады?
Әдіс: СТО технологиясы элементтері.
Үй тапсырмасы және бағалау
VI. Үйге тапсырма
- Мысалды оқу.
- Мазмұнын түсініп айтуға дағдылану.
VII. Бағалау
Оқушылардың сабаққа қатысуы, жауаптарының нақтылығы, мәтінді түсінуі және тапсырмаларды орындау сапасы бойынша бағалау жүргізіледі.
Авторлық дерек
Мекенжайы: Атырау облысы, Жылыой ауданы, Шоқпартоғай ауылы
Мектебі: №3 жалпы орта білім беретін мектеп
Мұғалім: Бекжанова Эльвира Турехановна