Қаңбақ қандай өсімдік

Сабақтың тақырыбы

Әдебиеттік оқу (2-сынып). А. Тоқмағамбетов: «Бидай мен Қаңбақ».

Сабақтың типі

Жаңа білім беру.

Сабақтың түрі

Сахналық сабақ.

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап, оқу, іздену, топпен жұмыс, көрнекілік, сахналау, ББҮ кестесі, эссе.

Көрнекіліктер

  • А. Тоқмағамбетовтің суреті
  • Тақырыпқа байланысты слайдтар
  • Оқу құралдары, кестелер
  • Бидай мен қаңбаққа қатысты атрибуттар

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

  • Автордың өмірі мен шығармашылығымен таныстыру
  • Мысалдың мазмұнын меңгерту және тәрбиелік мәнін ашу
  • Бидай мен қаңбақ туралы жаңа мәлімет беру
  • Оқушының өз ойын дәлелді жеткізуіне дағдыландыру

Дамытушылық

  • Дауыстап, дұрыс әрі мәнерлеп оқуға машықтандыру
  • Кейіпкер бейнесіне еніп оқуға үйрету
  • Сөйлеу тілін және шығармашылық қабілетін дамыту

Тәрбиелік

  • Мақтаншақтық, жеңілтектік, уақытты бос өткізу сияқты жат мінездерден аулақ болуға бағыттау
  • Адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу
  • Үлкендердің еңбегін құрметтеуге үйрету

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен сәлемдесу
  • Дайындықтарын қадағалау
  • Психологиялық дайындық

Психологиялық дайындық

Еңбекті сүй, құрметте, Керек болар өмірде. Еңбек етсең емерсің, Жақын болшы еңбекке.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Тапсырмалар

  • Өлеңді жатқа айту
  • Өлеңді әуенмен орындау
  • Үй тапсырмасын қорытындылау

Сұрақтар

  • Өлең сенде қандай көңіл күй туғызды?
  • Күзгі еңбек түрлерін ата.
  • Біздің облысымыз күзде қандай дәнді дақылдарды жинайды?
  • Күзде пісетін бақша дақылдарын ата.

III. Жаңа сабаққа дайындық

Оқушылардың қызығушылығын ояту үшін жұмбақ шешіледі.

Жұмбақ 1

Ұзын мұртты сарылар, Қойынында наны бар.

Жауабы: Бидай

Жұмбақ 2

Шеңбер жасап өседі, Желмен бірге көшеді.

Жауабы: Қаңбақ

IV. Мақсат қою

Бүгінгі сабақтың мақсаты — «Бидай мен Қаңбақ» мысалымен танысу, мазмұнын түсіну және тәрбиелік ойын анықтау.

V. Жаңа материалды түсіндіру

1) Алдын ала сұрақтар

  • Асқар Тоқмағамбетов кім?
  • Бидай туралы не білесіңдер?
  • Қаңбақ қандай өсімдік?

Оқушылардың жауаптары тыңдалады.

2) ББҮ кестесі (Білемін — Білгім келеді — Үйрендім)

Білемін

  • Бидай Қазақстанда өсіріледі.
  • Одан нан өнімдері жасалады.
  • Қаңбақ — шөптесін өсімдік.
  • А. Тоқмағамбетов — ақын, жазушы, жерлесіміз.
  • Нан туралы мақал-мәтелдер мен тақпақтар бар.

Білгім келеді

  • Бидайдың түрлері қандай?
  • Қаңбақтың пайдасы бар ма?
  • Мысалдың негізгі ойы қандай?

а) Асқар Тоқмағамбетов туралы

  • Туған-өлген жылдары: 19.09.1905 — 21.08.1983
  • Туған жері: Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы
  • Білімі: 1932 ж. Мәскеу полиграфия институтын бітірген
  • Негізгі тақырыптары: ауыл өмірі, тарихи тұлғалар, Отан қорғау мен ерлік, халықтар достығы
  • Шығармалары: «Біздің Сәуле», «Қош, аман бол», «Бәтиманың хаты», «Күт мені», «Сүйген жарға» және т.б.
  • Прозасы: «Қыран тұғырдан ұшады», «Ақ-моншақ» (О. Бодықовпен бірге), «Әке мен бала»
  • Тарихи романы: «Жыр күмбезі» (1975)
  • Алғашқы сатиралық жинағы: «Күлкі-сықақ» (1929)
  • Аудармасы: С. Айнидің «Құлдар» романын қазақшаға аударған (1953)
  • Марапаттары: І дәрежелі Отан соғысы ордені, үш рет Еңбек Қызыл Ту ордені, медальдар

ә) Бидай туралы қысқаша мәлімет

Бидай — астық тұқымдасына жататын аса маңызды дәнді дақыл. Қазақстанда 6 түрі өсіріледі: Еділ бидайы, Польша бидайы, көже бидай, жұмсақ бидай, қатты бидай, көбен бидай.

Құрамы

  • Крахмал мен көмірсулар: 50–70%
  • Ақуыз: 10–20%
  • Дәрумендер: B1, B2, B6, C, E, PP
  • Минералдар: калий, кальций, магний, фосфор және т.б.
  • Пектинді заттар, өсімдік майлары, белсенді ферменттер

б) Қаңбақ туралы қысқаша мәлімет

Қаңбақ — бір жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның барлық өңірінде кездеседі. Биіктігі 15–60 см. Сабағы түбінен бастап бұтақтанып өседі, тікенегі көп, тамыр жүйесі әлсіз.

Пайдасы

  • Мал азығы (әсіресе түйе сүйсініп жейді)
  • Тамыр ұнтағы жүн жууға, сабын және шампунь өндірісінде қолданылады
  • Шөбінің тұнбасын бауыр ауруын емдеуге пайдаланады

4) Оқулықпен жұмыс: оқу және талдау

  • Мысалды оқып, мазмұнын ашу
  • Кейіпкерлер әрекетін талдау
  • Сұрақтарға жауап беру

Талқылау сұрақтары

  • Дұрыс айтқан кім: бидай ма, қаңбақ па?
  • Бидайдың қандай пайдасы бар?
  • Нан қалай жасалады?

Сөз тіркестерін кейіпкерге сәйкестендіру

«Онда қандай салмақ болсын!»

«Уф десе, ұшасың. Суф десе, қонасың.»

«Ұшарыңды жел біліп, қонарыңды сай біліп, сайран салып жүргенің.»

«Жиғанымыз — дән, айналамыз — ән.»

«Абырой да, даңқ та, ерлік те, жеңіс те — барлығы осы егісте.»

«Көктемде шығып, күз болса бұғып.»

Сергіту сәті

Көк аспанды шарлаймыз, Ұшқан құсты санаймыз. Үшбұрыш боп тырналар, Көк жүзінде жорғалар.

VI. Бекіту

1) Оқушыларға оқыту

  • Іштей оқу
  • Дауыстап, тізбектей оқу
  • Рөлмен оқу

2) Топпен жұмыс

  • 1-топ: Қаңбаққа мінездеме бер.
  • 2-топ: Бидайға мінездеме бер.
  • 3-топ: Мысалды сахналап көрсет.

3) Дәптермен жұмыс: нанға қатысты тыйым сөздер

Нанды баспа.
Нанды ысырап қылма.
Жегеннен қалған нанды жерге тастама — обал болады.
Нанды бір қолыңмен үзбе.

4) Қорытынды және ББҮ кестесі: «Үйрендім»

  • Қазақстанда бидайдың 6 түрі өсіріледі: Еділ бидайы, Польша бидайы, көже бидай, жұмсақ бидай, қатты бидай, көбен бидай.
  • Бидай құрамында минералдар бар: калий, кальций, магний, фосфор және т.б.
  • Қаңбақ — мал азығы; тамыр ұнтағы жүн жууға, сабын және шампунь өндірісінде қолданылады.
  • Қаңбақ шөбінің тұнбасын бауыр ауруын емдеуге пайдалануға болады.
  • Мақтаншақтық, көпсөзділік, өз қадірін білмеу, жеңілтектік, уақытты босқа өткізу — жағымсыз әдеттер.

VII. Бағалау

Сабаққа белсенді қатысқан оқушылар бағаланады.

VIII. Үй тапсырмасы

  1. Мысалды мәнерлеп оқып келу және мазмұнын өз сөзіңмен баяндауға дайындалу.
  2. «Егер мен қаңбақ болсам, ...» тақырыбында эссе жазу.