Ойын шарты

Отбасы күніне арналған спорттық эстафета

«Біз бақытты жанұя» отбасылық сайысы

Құрметті ата-аналар, әріптестер және бүлдіршіндер! Отбасы күніне арналған «Біз бақытты жанұя» атты спорттық-эстафеталық сайысымызға қош келдіңіздер. Бұл мереке еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтеді. Бүгінгі қуанышты күн біздің балабақшамызда да жалғасады.

Құттықтау сөзі

Құттықтау сөз балабақша меңгерушісіне беріледі: _____________________________________

Жүргізуші сөзі: денсаулық туралы

Денсаулық — ол шыныққан,
Барлық дене мүшесі.

Денсаулық — ол тыныққан,
Жүйке тамыр жүйесі.

Денсаулық — ол күлуің,
Көңіл-күйің жадырай.

Денсаулық — ол жүруің,
Ешбір жерің ауырмай.

Әр таңды бақытпен қарсы алайық, сайысты көтеріңкі көңіл күймен тамашалаңыздар. Сайысқа қатысатын отбасыларды ерекше ықыласпен ортаға шақырамыз!

Әділқазылар алқасы

  • Әділқазы 1
    ____________________
  • Әділқазы 2
    ____________________
  • Әділқазы 3
    ____________________

Спорттық сайысымыз 5 бөлімнен тұрады.

Сайыс бөлімдері

I бөлім — «Кім шапшаң»

Эстафета

Ойын шарты: топ мүшелері қапшықпен секіріп, кедергіден айналып қайта оралады.

Құралдары: қапшық — 4, кедергі — 4.

Әділқазылар алқасы I бөлімнің бағасын береді.

II бөлім — «Епті отбасы»

Бала тәрбиелеген тәрбиеші де, бала өсірген ата-ана да — баламен бірге бала болып ойнайды. Ендеше «Епті отбасы» сайысын бастаймыз.

Ойын шарты: топ мүшелері кругты кеглилер арасымен домалатып жүріп, кедергіден айналып қайтады.

Құралдары: кругтар — 4, кеглилер, кедергі — 4.

Әділқазылар алқасы II бөлімнің бағасын береді.

III бөлім — «Кішкентай қонжықтар»

Уақыт — уақыт, куәсің сен бәріне!
Нұр төгеді мына әлем біздерге.
Денсаулықтың әліппесі әрқашан,
Шынығайық әр кез біз спортпен!

Ойын шарты: әкесі мен анасы кезекпен-кезек балаларын арқалап, межедегі тудан айналып жүгіріп келеді.

Құралдары: ту — 4.

Әділқазылар алқасы III бөлімнің бағасын береді.

IV бөлім — «Ойлан тап»

Қалма жұрттың соңында,
Қажет болса мың атта.
Аздық етер оның да,
Жету үшін мұратқа.

Ойын шарты: ата-ана допты аяқтың арасына қысып алып, кеглилер арасымен жүріп, межедегі есепті шығарады да кері қайтады. Балалар кеглилер арасымен жүгіріп, шығарылған есепті алып, әділқазыларға жеткізеді.

Құралдары: доптар — 4, кеглилер, есептер.

Әділқазылар алқасы IV бөлімнің бағасын береді.

V бөлім — «Шапшаң отбасылар»

Топ болып жүрейік, ойнайық та күлейік. Отбасы деген — тамаша! Ендеше ең соңғы бөлімді бастаймыз.

Финалдық тапсырма
1-қадам (әке)

Кеглилер арасымен жүгіріп барып, межеде шашылып жатқан геометриялық пішіндерден үйдің қабырғасын құрастырады да кері қайтады.

2-қадам (ана)

Кеглилер арасымен жүгіріп келіп, үйдің шатырын қояды да кері қайтады.

3-қадам (отбасы)

Ата-ана қолдарын айқастырып, баласын отырғызып, құрастырылған үйге апарады.

Құралдары: кеглилер, геометриялық пішіндер.

Әділқазылар алқасы V бөлімнің бағасын береді.

Қорытынды және марапаттау

Жарыс заңы ежелден — жеңімпазды анықтау. Жеңімпаз болудың шарты — еңбектену, жалықпау. Біреу озады, біреу кейін қалады. Бұл сайыстан ренжімей, тату тарқасақ — жарасады.

Ендеше сайыс шарттары бойынша қорытынды шығарылып, жеңімпаз анықталады. Марапаттау сөз әділқазылар алқасына беріледі.

Жүргізуші сөзі: салауатты өмір салты

Денсаулық — өмірдегі басты байлық, көңілге нәр беретін асыл қазына. Салауатты өмір салтын насихаттайық. Еліміздің болашағы — дені сау азаматтардың қолында. Денсаулықтың кепілі — спорт. Ендеше спортпен тұрақты шұғылданайық!

«Біз бақытты жанұя» атты эстафеталық жарысымыз осымен аяқталды. Белсенділік танытып қатысқан отбасыларға көп рахмет! Жақсылықта жолығайық, сау болыңыздар!

Автор туралы

Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Баутино ауылы, «Ақбота» балабақшасының дене шынықтыру нұсқаушысы — Ермекбаева Аманкүл Ерсайынқызы.

Ескерту

Әділқазылар құрамы мен қатысушылар санына қарай құрал-жабдықтар мөлшерін алдын ала нақтылап алған жөн.