Қандай ертегіні көріп тұрмыз
Ашық сабақ туралы жалпы мәлімет
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті
Сауат ашу және жазу
Сабақтың тақырыбы
О дыбысы мен әрпі
Сабақтың түрі
Ашық сабақ
Мақсаты мен міндеттері
Сабақтың мақсаты
О дыбысы және әрпімен таныстыру.
Білімділік
- О дыбысы бар сөздерді талдау.
- О дыбысын дұрыс дыбыстату, оның таңбасын (әрпін) таныту.
Дамытушылық
- Сөз бен сөйлемді оқыту арқылы тіл байлығын молайту.
- Буындардан сөз құрау, сөзді буынға бөлу арқылы логикалық ойлауды дамыту.
Тәрбиелік
- Үлкенді сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу.
- Ұлттық өнерге (ою-өрнекке) қызығушылық қалыптастыру, дәптермен ұқыпты жұмыс істеуге баулу.
- Табиғаттағы тіршілік иелеріне қамқор болуға тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер
Түсіндіру, көрсету, нұсқау беру, ойын, сұрақ-жауап.
Көрнекіліктер
Суреттер, слайд, ойыншықтар.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Амандасу.
- Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
2) Психологиялық дайындық
Жақсы оқып сабақты,
Әдеп сақтау — сәніміз.
Сәлем бердік сіздерге,
Басымызды иіп бәріміз.
Бүгінгі сауат ашу сабағымыз ерекше өтеді. Себебі сыныбымызға қонақ апайлар келді. Тәртіпті, тәрбиелі, ақылды әрі білімді екенімізді көрсетіп, белсенді қатысамыз.
Қайталау сұрақтары
- Сауат ашу сабағында нені үйренеміз?
- Жазу, оқу, әріп, дауысты және дауыссыз дыбыстар.
- Дыбыс дегеніміз не?
- Айтамыз және естиміз.
- Дыбысты немен таңбалаймыз?
- Әріппен.
- Әріп дегеніміз не?
- Жазамыз, көреміз, оқимыз.
Дыбыстар туралы
- Дыбыстар нешеге бөлінеді?
- Екіге: дауысты және дауыссыз.
- Дауысты дыбыстар қалай белгіленеді?
- Қызыл текшемен.
- Дауыссыз дыбыстар қалай белгіленеді?
- Көк текшемен.
Өткен дыбыстарды еске түсіру үшін түлкімен бірге алма ағашынан алма жинаймыз: дауысты және дауыссыз дыбыстарды анықтап, тиісті кәрзеңкеге саламыз.
3) Жаңа тақырып: «О» дыбысы
Ертегі еліне саяхат жасаймыз. Экранға назар аударамыз: «Бауырсақ» ертегісі. Кейіпкерлерін атап, олардың жабайы аңдар екенін анықтаймыз және орманда өмір сүретінін айтамыз.
«Орман» сөзі қай дыбыстан басталады? О дыбысынан.
Дұрыс айту
«О — О — О» деп бәріміз қайталаймыз. Айнаға қарап, ерін мен тілдің қимылын бақылаймыз: дыбыс созылып, кедергіге ұшырамай еркін айтылады.
Қорытынды: «О» — дауысты дыбыс.
Талдау жұмысы
- «Орман» сөзін буынға бөлу.
- О дыбысының қай буында тұрғанын анықтау.
- Сөздегі дыбыс пен әріп санын анықтау.
Ертегіге қайта ораламыз: Бауырсақ қиын жағдайға тап болады. Оны құтқару үшін аңдардың тапсырмаларын дұрыс орындау қажет.
Аңдардың тапсырмалары
1) Қоянның тапсырмасы: «Орнын тап» ойыны
Суретпен жұмыс жасаймыз. Сөздер: торғай, ою, ожау. 3–4 баламен дыбыстық талдау жүргізіліп, текшелер арқылы құрастырылады.
2) Қасқырдың тапсырмасы: дәптермен жұмыс
«О» әрпімен танысу
- Баспа және жазба түрін көрсету.
- Ауада жазу: жоғарыдан солға қарай имектеп төмен түсіреміз, айналдырып жоғарыға апарып, қайта қосамыз (3 рет).
- Әріптің қандай затқа ұқсайтынын айту.
Жазу ережесі
Қаламды қолға аламыз,
Дәптерді қиғаш қоямыз.
Денемізді тік ұстап,
Әдемі етіп жазамыз.
Дәптердегі нүктеленген кіші және үлкен «О» әрпін бастырып шығамыз. Мұғалім тақтада үлгі көрсетеді.
3) Аюдың тапсырмасы: сергіту сәті
Қимыл-қозғалыс арқылы сергіту жаттығуын орындаймыз.
4) Түлкінің тапсырмасы: «Дүкен» ойыны
Әр бала ұнаған ойыншығын «сатып алады» да, атауын айтады. Содан кейін сөздің қай дыбыстан басталатынын анықтап, буынға бөліп, неше дыбыс және неше әріп бар екенін айтады.
Оқу тапсырмасы: буындар мен сөздер
Балалардың дұрыс орындаған тапсырмаларының арқасында Бауырсақ аман қалады. Енді экрандағы буындар мен сөздерді бірге оқимыз.
Буындар
О — й → ой
т — ой → той
О — р → ор
т — ор → тор
О — л → ол
т — ол → тол
Сөздер
ойна — Ой-на
айна — Ай-на
ойла — Ой-ла
Айша — Ай-ша
Жарайсыңдар! Бауырсақты аман алып қалғандарың үшін ата мен әже ризашылықтарын білдіреді.
Қорытындылау
Бағалау
Сабаққа белсенді қатысқан балалар мадақталады. Қорытынды ретінде Бауырсақтың суреті таратылады.
Мәлімет
- Мектеп
- Благодар орта мектебі
- Өткізген
- Айтжанова А. Ж.
- Тексерген
- Исабекова А. Ш.