Мені біреу ұсақтап кетті десе, Мүмкін емес дедің сен жылап тұрып

Мұхтар Шаханов

Алғашқы махаббатқа хат
I
Бір үмітке бір үміт жалғадым,
Көп - ақ екен бергенімнен алғаным.
Заңғар көкке самғағаным не керек,
Саған ұшып бармаған соң, арманым.
Әнмен айтып балаңдығын, пәктігін,
Көктем де өтті зорға басып аптығын.
Күнде баққа қыдырғаным не керек,
Сен қасымда болмаған соң, шаттығым.

II
Батты қанша күн қызарып, атты қанша таң күліп,
Кеудемнен сан жұлдыз ағып, тау құлады жаңғырып.
Сонда да мен сенімімнің беріктігін ән қылып,
Тым айнығыш сезімдерді ар отына жандырып,
Жүріп келем асыл әнім, жүріп келем паң күліп,
Өткен күннің бедерлерін өшірсе де сан күдік,
Екі адамның саусағының ыстығы
Маңдайымда қалып қойды мәңгілік.
Қастерлеген бақыт атын, ар атын,
Сол екі қол болды менің қанатым.
Біріншісі - анам қолы, әрине,
Екіншісі — сенің қолың болатын.

III
Сенің қолың кішкене нәзік қана,
Нәзіктіктен тағдырға озып қара.
Сенің көңілің мен үшін шалқыған көл,
Сенің кеудең мен үшін жазық дала,
Ұғыстырды жылдардың жолы бізді,
Күдік бізден мәңгілік қолын үзді.
Қарсы алдымда күлімдеп тұрсың, міне,
Көкірегіне көп үміт толып ізгі.
Қайғысы мен шаттығын ерте келген,
Еркем едің өз әнін шерте келген.
Орамалың пәктіктің белгісіндей,
Желбірейді жарысып ерке желмен.
Арман құсым, сен мені адал түсін,
Саған теңдес мен қайдан табам мүсін,
Жылдар бойы көркіне көз байлаған,
Алғашқы іңкәр махаббат, аманбысың?
Соқпай кеттің көп болды, жағаға сен,
Бір жеңілдеп қалушы ем аға десең.
Қақпаны көп, мылтықты мергені көп,
Белестерден өттің бе аман - есен?
Ұзақ жылдар сен маған таптырмадың,
Тасасынан іздетіп көп тұлғаның.
Түлкісі көп алдамшы ормандардан
Қалайша сен аман - сау өттің, жаным?
Дәрменсіз ғой, дәрменсіз білек енді,
Шікәм көңіл көтермес мінегенді.
Жүрегімнің жазира күнгейінен
Сенің бейнең асқақтап түрегелді.
Өткердің ғой өмірдің көп белесін,
Құрбың саған қалайша өкпелісің?
Екі айырып кетсе де жолдар бізді,
Маған сырттай тілектес боп келесін.
Лапылдатып жаққанмен отты неше,
Жылдар бізден қайтеміз көп тілесе.
Мүмкін емес дедің сен сенімменен,
Мені біреу арзандап кетті десе.
Көкейінде жатса да сұрақ тұнып,
Қандай жақсы, жақсы ғой тұрақтылық.
Мені біреу ұсақтап кетті десе,
Мүмкін емес дедің сен жылап тұрып.
Аз ба, көп пе шаттығым тереңім де,
Оны, әрине, жолымнан көремін де.
Мені ешқашан қимадың жамандыққа,
Әйтеуір сен қимадың мені өлімге.
Мүмкін, әлі күшім кем, ісім бала,
Айқындалып келеді түсім жаңа.
Саған, күнім, мәңгілік қарыздармын,
Маған шексіз сеңгенің үшін ғана!



Ұқсас жұмыстар

Бақыт Беделханұлы: ҰЛЫМ, САҒАН АЙТАМ. .
Ақын Мұхтар Шаханов
СҮЛЕЙМЕН ҚАРАҚШЫ
Төле бидің сөзге тоқтауы
Алпамыс батыр
Төле би жайлы
Іздер. Мұхтар Әуезов
Қарғын. Дулат Исабеков
Қазыбек би
Төл сөздің тыныс белгілері
Мемлекеттік бюджет жүйесінің экономикалық мазмұны
Экономикадағы дағдарыстық жағдайдағы мемлекеттік бюджеттің ерекшеліктері
Мемлекеттік бюджеттің теориялық негіздері
Салықтардың экономиканы мемлекеттік қаржылық реттеу жүйесіндегі рөлі мен орны
Мемлекеттің пайда болуы туралы
Халықаралық кедендiк ынтымақтастық және мемлекеттiк экономикалық қауiпсiздiк
Мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын анықтау үшін модельдік методикалық нұсқаулар
Талдықорған өңіріндегі тарихи – археологиялық туризмді дамыту мүмкіндіктері
Шаруашылық жүргізудің әр түрлі меншік формаларындағы кәсіпорынның қаржысын ұйымдастыру ерекшеліктері«СЕНІМ» АҚ
Шетел мемлекеттері экономикасының мемлекеттік реттелуінің мәні мен әдістері