Ашытқан көжеге
Сабақ тақырыбы
Дақылдардан жасалатын тағамдар
Сабақтың түрі
Аралас
Сабақтың әдістері
- Түсіндіру
- Сұрақ-жауап
- Өз бетінше сарамандық жұмыс
Көрнекіліктер
Үлгілер, дайын тағамдардың суреттері.
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушыларға дәннен жасалатын тағамдар туралы толық мәлімет беру, дәндердің құнарлылығы мен дайындалу тәсілдері жөнінде түсінік қалыптастыру.
Дамытушылық
Теориялық білімді сарамандық жұмыста қолдана білуге үйрету, өз бетінше ізденуге дағдыландыру, ой-өрісті дамыту.
Тәрбиелік
Ұлттық тағамдарды әзірлеуге баулу, әсемдікке, ұқыптылыққа, үнемділікке және өзара көмекке тәрбиелеу.
Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу.
- Оқушыларды түгендеу.
- Құрал-жабдықтарын тексеру.
- Зейіндерін сабаққа аударту.
- Үй тапсырмасын тексеру.
- Өткен тақырыпты қайталау: тақырып бойынша сұрақтар қою.
Жаңа сабақ: дақыл тағамдары
Дақылдан дайындалатын тағамдар — құнарлылығымен, ұзақ сақталуымен және дайындау тәсілдерінің алуан түрлілігімен ерекшеленетін ұлттық ас мәдениетінің маңызды бөлігі.
Талқан
Қуырылған дәннен дайындалатын ұнтақ тағам
Талқан қуырылған бидайдан, арпадан немесе жүгеріден ұнтақтап дайындалады. Бұрын талқан жасаудың екі тәсілі болған: қол диірменге тарту және келіге түю. Екі жағдайда да толық майдаланбай қалған түйіршіктер кездеседі, оны талқанның сағы деп атайды.
Сағын бөлу үшін талқанды жайпақ табаққа салып екшейді: сағы бетіне шығып, ұнтағы астында қалады. Бетіндегі сақты алып тастай отырып, ұнтағын бөліп алады.
Қолдану тәсілдері
- Майға, кілегейге, қаймаққа араластырып жеу
- Шайға салу (қоюланып, тез суиды)
- Жентке қосу
Нұсқалары
- Сарталқан (майталқан): құйрық майға немесе жылқы майына араластырып, баяу отта қуыру
- Құмшекер қосып, құрғақ күйінде ұсыну
- Кебегі көп, тазартылмаған ұннан да әзірлеу (2–3 сұрып)
Өлшем
1 кг талқанға: 200 г құмшекер, 200 г май.
Бидай көже
Жаншылған бидайдан дайындалатын көже
Бидайды шаң-тозаңнан тазартып, аздап су сеуіп, келіге салып түктеп кебегінен ажыратады. Түктелген бидайды 10–15 минут кептіріп, астауға салып желпіп кебегінен тазартады. Кейін бидайды сулап, келіге салып түйіп жаншиды.
Жаншылған бидайды суға немесе сүтке қосып, жайлап қайнатады. Біраз қайнаған соң қақпағын жауып, 30–40 минут бұқтырады. Дәмін (тұзын) реттеп, тағы бір қайнатып алады. Дайын көжеге қатық-айран немесе сүт қосып ішуге болады.
Ашытқан көже (құрамы)
- 300 г жаншылған бидай
- 1 л су
- 1 шай қасық тұз
- 1 л айран немесе қатық
Тары көже
Ақталған тарыдан қайнатылатын көже
Ақталған тарыны суға қайнатып пісіреді. Суығаннан кейін үстіне сүзбе, қатық немесе сүт құяды.
Өлшем
- 1 л су
- 150 г тары
- 100 г қатық
- 1 шай қасық тұз
Жент (қоспа)
Ұзақ сақталатын, кәделі дастарқан дәмі
Жент — қыста қатпайтын, жазда бұзылмайтын тағам. Оны былғау белгілі бір шеберлікті қажет етеді. Ақталған тарыны келіге түйіп немесе диірменге (аз-аздап кофе тартқышқа да болады) салып ұнтақтайды. Үстіне құмшекер мен ұнтақталған ірімшік қосып араластырады.
Қазанға жылқының майын құйып ысытып, тары мен ірімшік қоспасын салып, баяу отта үздіксіз араластырады. Жент майды бойына сіңірген соң ыдысқа салып, салқын жерге қояды. Әдетте жентті ешкінің немесе қойдың қарнына салып сақтайды: ол ауа өткізбейді, сондықтан жент иісін де, дәмін де сақтайды.
Жылқы майы болмаса, сары май қолдануға болады. Ал тоң майға араластырмаған дұрыс: ол қатып қалып, жеуге жайсыз болады. Жент көбіне соғым кезінде әзірленеді.
Негізгі өлшем
- 5 стақан тары жармасы
- 4 стақан кепкен ірімшік
- 2 стақан құмшекер
- 2 стақан май
Қосымша (қалауынша)
- Ұнтақталған бауырсақ
- Бидай талқаны
- Аздап мейіз
Майсөк (майтары)
Ақталған тарыны майға қуырып дайындалатын тағам
Майсөк дайындау үшін қойдың құйрық майын турап шыжғырып, шыжығын алмай тұрып ақталған тарыны (сөкті) салып қуырады. Майсөкті сол күйінде жеуге де, шайға салып ішуге де болады.
Құйрық май болмаған жағдайда жылқы майы, сары май, тортасын айырған май қолданылады; кейде тоң майға да қуырып әзірлейді. Майсөк — дастарқан көркі ғана емес, жолға алып шығуға ыңғайлы түз тағамы.
Бидай қуыру
Шайға қосып ұсынуға болатын қуырылған бидай
Алдымен бидайды мұқият тазартып, бірнеше рет желпиді. Содан соң жылы сумен жақсылап жуады. Қазанды отқа қойып, ұсақтап туралған май салып шыжғырады. Май қатты қызғанда бидайды салып қуырады.
Бидай күреңденген кезде отты сөндіріп, қазанның бетін жауып, 10–15 минут бұқтырады. Дайын бидайды шаймен бірге береді.
Өлшем
7–8 стақан бидайға: 1 стақан құйрық май.
Бөкпе
Сүтке бөрттіріп пісірілетін тары тағамы
Бөкпе ақталған тарыны сүтке бөрттіріп дайындалады. Кілегейі алынбаған шикі сүтке ақталған тары салып, түбі қарымайтын етіп жайлап қайнатады. Сүт суала бастағанда үстіне сары май салып, аздап құмшекер сеуіп, баяу отта бөктіреді.
Сүт әбден суалғанша тары да бабымен піседі. Дайын бөкпенің беті қабыршақтанып, бауырдай дірілдеп тұрады. Сүт пен майды бойына сіңіріп, былбырап піскен бөкпе — әрі күнделікті, әрі қонаққа лайық кәделі ас.
Өлшем
- 1 л сүт
- 1 стақан тары
- 2 ас қасық сары май
Сабақты қорытындылау
Бүгін біз дақылдардан жасалатын тағамдар туралы жан-жақты мәлімет алдық: олардың құнарлылығы, дайындалу жолдары және ұлттық дастарқандағы орны.
Бекіту сұрақтары
- Дақылдардың адам ағзасына қандай әсері бар?
- Талқан қалай дайындалады?
- Майсөк қалай жасалады?
- Бөкпе қалай дайындалады?
- Жентті қалай жасаймыз?
- Бидай көженің жасалу жолын атаңдар.
Оқушы білімін бағалау
Сабақ барысындағы жауаптары мен сарамандық жұмыс нәтижесіне қарай бағаланады.
Үй тапсырмасы
Мәтінді қайталау, берілген тағамдардың бірінің дайындалу кезеңдерін қысқаша жоспар түрінде жазып келу.