Хабарды алған Алқаманың анасы

Ата-ананы қадірлеу – парыз

Ата-ана — әрбір адамның қайтып соғар қазығы. Оларға деген сүйіспеншілік пен құрмет сөз жүзінде емес, жүректен тууы керек. Әсіресе тіршіліктің қайнар көзі, мейірімнің кәусар бұлағы — Ана есіміне қатыссыз дүние жоқ.

Мақсаты

  • Оқушылардың бойында ата-анаға деген жылы, ерекше сезім қалыптастыру.
  • Ата-ананың бала өміріндегі рөлін түсіндіру.
  • Ата-ананы құрметтеп, сыйлай білуге тәрбиелеу.

Көрнекілік

  • Оқушылардың ата-аналарымен түскен суреттерінен слайдтар.
  • Әке, ана туралы мақал-мәтелдер.
  • Нақыл сөздер мен цитаталар.
«Адам — жеміске, ата-ана — жеміс ағашына ұқсайды.»
«Ата-ананың қадірін білмеген — халық қадірін білмес.»

Кіріспе ой

Халқымыздың байырғы ұғымында баланың ата-ана алдындағы парызын өтеуі «ана сүтін ақтау» деп аталады. Ал «Әкеге бағыну — тәңірге бағыну» деген тәмсіл әкенің орнын айрықша дәріптейді. Адам өмірінің мәні мен сұлулығы да, келешекке сенімі де — баланың ата-анасын ардақ тұтып, перзенттік парызын бір сәтке де ұмытпауында.

Аңыздан үзінді (А. Бақтыгерееваның ана туралы аңызы)

…Ананың кезі бар ма кекті болған?
Оқыс-та жүрек түсіп кетті қолдан.
Ұмтылса топырақта жатқан жүрек:
«Құлыным, байқасаңшы», — депті оған…

Талқылау сұрақтары

  • Бұл үзіндіден ата-ананың қандай қасиеті байқалады?
  • Ата-ана тек аңызда ғана осындай мейірімді ме?
  • Өз ата-анаң туралы не айтар едің?

Ой толғау

«Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» — бұл сөзді қалай түсінесіңдер?

«Анаңды Меккеге үш рет апарып келсең де, ана сүтін ақтай алмайсың» — мұның мәні неде?

Ескерту: қоғамдағы өзекті мәселе

Жаһандану кейде рухани құндылықтарды әлсіретіп, қазақ қоғамын тығырыққа тірейтіндей көрінеді. Бүгінде кейбір жастар ата-анасын қарттар үйіне тапсыруды қалыпты құбылысқа айналдырып барады — бұл үлкен қасірет. Күнделікті өмірде ата-анасына дөрекі сөйлеп, ренжітіп, тіпті қол көтеретін жағдайлар да кездеседі.

Шариғатта ата-ананың разылығы — Алланың разылығы делінеді. Ал ата-ананың көңілін қалдыру — перзент үшін ауыр жауапкершілік. Ата-ана «қарғадым» деп айтпауы мүмкін; бірақ олардың жүрегін жаралау — өзіңе қарсы теріс батаны шақырумен тең.

Оқушы пікірі: мейірімнің өлшемі

«Жәннат — аналардың аяғының астында» деген сөзді білмейтін адам жоқ. Бірақ әркім оның мағынасына терең үңіле бермейді. Ата-анаңа жасаған жақсылығыңды олардың көзі тірісінде жаса. Қартайған шағында «түһ» деуші болма, ренжітпе, керісінше жақсы сөз айт. Екеуіне де зор мейіріммен, кішіпейілділікпен бас и. Кішкентайыңда сені мәпелеп өсіргеніндей, сен де оларға рақым ет.

Көрініс: Алқама туралы ғибрат

Бір күні Пайғамбарымыздың алдына бір әйел келіп: жақын сахабаларының бірі Алқаманың қатты қиналып, өлім төсегінде жатқанын хабарлайды. Пайғамбарымыз Әбу Бәкір мен Біләлді жіберіп, Алқаманың халін сұратты. Алайда Алқама «Лә иләһа иллаллаһ» деп кәлима айтуға тілі келмейді.

Пайғамбарымыз өзі келіп, себебін сұрағанда, Алқаманың анасының көңілі қалғаны белгілі болады. Анасы баласының жақсы адам екенін айтқанымен, «менің оған разылығым жоқ» деп көз жасын тыя алмайды. Себебі ұлы ер жеткен соң бар тәттісін жарына ұсынып, анасына бұрынғыдай мейірім танытпай кеткенін баяндайды.

Пайғамбарымыз анасына: «Балаңыз бұл дүниемен қош айтысқалы жатыр, разылығыңызды беріңіз», — дейді. Анасы razы еместігін қайталай береді. Сонда Пайғамбарымыз сахабаларына: «Отын жинап, алау жағыңдар», — деп бұйырады. Мұны көрген ана: «Балам жанғанша, сол отта өзім жанайын. Балама разымын», — деп бірнеше мәрте айтады. Сол сәтте Алқама «Лә иләһа иллаллаһ» деп жан тапсырады.

Бұл ғибрат бір нәрсені айқын көрсетеді: дүниедегі ең қымбат жан — ана мен әке. Олардың разылығы — балаға берілетін ең үлкен рухани қорған.

Тағы бір ғибратты әңгіме

Ата-анасын қадірлемейтін, мейірімі жоқ перзент туралы «имансыз» деу артық емес деген сөз айтылады. «Ата-анаңа мейірімді бол, сонда өз перзентіңнен мейір көресің» деген де бар.

Бірде бір жігіт Пайғамбарымызға шағымданады: «Әкем қартайып, үйіме келсе қолына ілінгенді алып кетеді», — дейді. Пайғамбарымыз қарияны шақыртады. Қария тозған киіммен, бейшара күйде келеді де, көз жасымен өзінің жағдайын айтады: ұлын жалғыз өзі бағып-қағып өсіргенін, қартайғанда үміт күткенін, бірақ ұлының мейірім танытпағанын жеткізеді.

Пайғамбарымыз ұлына қатты айтып: «Дүниең де, тапқаның да — әкеңнің ақысы бар дүние. Тапқаның әкеңді бағуға жетпесе, әкеңнің сенде де хақысы бар», — деген мағынада ескертеді.

Халық даналығында: «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» дейді. Ал «Ең алдымен жақсылықты кімге істейміз?» деген сұраққа «Анаңа», «Анаңа», «Анаңа», содан кейін «Әкеңе» деп жауап берілгені — ананың хақының айрықша екенін аңғартады.

Қорытынды ой

Бүгінде ата-ананы қарттар үйіне тапсыруға жол бермеу — бәрімізге ортақ міндет. Ана — әлемнің жан дүниесі, бастауы және таусылмайтын жалғасы. Үлкенді сыйлау — адамдықтың өзегі.

«Анам маған: “Үлкенді сыйла”, — деген.
Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.
Үлкендерден ауысқан кішілікті,
Үлкендердің өзіне сыйға берем».
— Мұқағали Мақатаев