Отан туралы өлеңдер

Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласы, Қарнақ ауылы

М. Қашғари атындағы мектеп-лицей. Бастауыш сынып мұғалімі: Саида Марипжановна Камбарбекова

Тәуелсіздік – тұғырым!

Интеграцияланған ашық тәрбие сағатының жоспары: оқушылардың Отанға сүйіспеншілігін арттыру, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге баулу және тәуелсіздіктің маңызын терең ұғындыру.

Мақсаты

Білімділік

Оқушыларға Отан, туған жер, тәуелсіздік туралы түсінік беру.

Дамытушылық

Ерік-жігері мен шығармашылық қабілеті дамыған, патриоттық және адамгершілік сезімі қалыптасқан тұлға тәрбиелеу.

Тәрбиелік

Елін, жерін, тілін құрметтеуге, Отанды сүюге, мемлекеттік рәміздерді қадірлеуге, туған жерін қорғауға баулу.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру

  1. Мұғалімнің кіріспе сөзі.

  2. ҚР Мемлекеттік Әнұраны орындалады.

  3. Психологиялық дайындық

    • Кім ата-анасын жақсы көрсе, бір рет қол соғады.
    • Кім ауылымызды жақсы көрсе, екі рет қол соғады.
    • Кім мектебімізді жақсы көрсе, үш рет қол соғады.
    • Кім Отанымызды жақсы көрсе, төрт рет қол соғады.

    Мұғалім: «Рахмет, балалар. Демек, сендер Отанымызды ерекше жақсы көресіңдер.»

II. Негізгі бөлім

Мұғалім: «Отан – адамның түп-тамыры, ата-бабасынан бері кіндік қаны тамып, өсіп-өнген қасиетті жері. Әр халық үшін Отан – ең қымбат, ең қасиетті ұғым, ол Анаға тең.»

Қазақстан Республикасы – біз өмір сүріп отырған ортақ Отан. Қазақ жері – ұлан-ғайыр кең өлке. Қазақстан солтүстігінде Ресеймен, шығысында Қытай Халық Республикасымен, оңтүстігінде Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстанмен, батысында Каспий арқылы Әзербайжанмен шектеседі (картадан көрсету).

Тарихи дерек

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігіне ие болды. Сендер — Тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келген бақытты ұрпақсыңдар.

Көрсетілім

Мультипроектор арқылы Тәуелсіз еліміз туралы бейнеүзінді тамашаланады.

Өлеңдер: Отан туралы

Оқушылар оқылымы
Дилдора

Отан дейміз өсірген елімізді,
Отан дейміз туған жер, атамекен.
Биік тау, орман-тоғай, көлімізді,
Отан дейміз кең-байтақ астананы.

Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,
Ол бірақ өз үйіңнен басталады.

Умид

Байтақ елім – Қазақстан – Гүлістан,
Жұлдыздары жарқыраған шығыстан.
Бар әлемге дастархан боп жайылған,
Барлық ұлттың тілін тауып ұғысқан.

Тауларың бар аспанымен тілдескен,
Айдарынан салқын самал жел ескен.

Махфуза

Тәуелсіздік алғаныңа жылдар өтті,
Халқым, міне, жеттің бүгін арманыңа.
Тойладық тәуелсіздік мерейтойын,
Нық басып болашақтың таңдарына.

Шахзад

Тәуелсіз елміз — биік белес, зор асу,
Алыс-жақын елдерменен санасу.
Құдай өзі көрші қылған ұлттармен,
Барлық мемлекеттерменен санасу.

Сахналық көрініс: «Отан деген не?»

Тимур

— Апай, Отан деген не өзі?

Мұғалім: «Мектеп – білім ошағы, саған әрдайым құшағын ашады.»

Шахризад

— Апай, Отан деген не өзі?

Мұғалім: «Отан — отбасың: ата-анаң, бауырларың, құрдастарың.»

Диляр

— Апай, Елордамыз қай қала?

Мұғалім: «Елордамыз — Астана, зәулім үйлер қаншама.»

Мақсат

— Апай, біздің қаламыз қай қала?

Мұғалім: «Қаратаудың тәжі — әсем қала Кентау.»

Мұғалімнің тілек сөзі: «Тілегім бар сіздерге, құлақ түріңдер біздерге: бүлдіршіндер өсе берсін, ұстаздар білімін бере берсін. Еліміздің дамуына үлес қосқан нар тұлғалы азаматтардай болыңдар.»

(Мультипроектордан Елбасы Н. Ә. Назарбаевтің портреті көрсетіледі.)

Музыкалық бөлім

Ән: «Елім» (хор).

Қимыл-қозғалыс

Би қойылымдары жоспарланады.

Мемлекеттік рәміздер

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейін, 1992 жылғы 4 шілдеде мемлекеттік рәміздер қабылданды: Ту, Елтаңба, Әнұран. Мемлекеттік рәміздерді білу, құрметтеу, олардың авторларын тану және сипаттап бере алу — әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.

Ақпараттық таныстырылым

Нигара, Сардар, Иззатулла мемлекеттік рәміздер туралы мәлімет береді (мультипроектордан Ту, Елтаңба, Әнұран көрсетіледі).

Өлеңдер: Рәміздер туралы

Оқушылар мемлекеттік рәміздерге арналған өлеңдерді жатқа оқиды.

Шахризад

Айнымайды аспаннан
Біздің тудың бояуы.
Оны халық қашанда
Биікке іліп қояды.

Севинч

Алтын қанат көмкерген,
Шаңырақ бар, уық бар.
Әсем бейне көрінген —
Жай бейне емес, ұғып ал.

Диляр

Мағыналы, сымбатты —
Бар осындай белгіміз.
Маған, саған қымбатты,
Елтаңбасы ол — еліміз.

Мақсат

Әнұраным — жан ұраным,
Айтар әнім, сөйлер сөзім.
Туған жерім, сағынарым,
Жүрсем егер дүние кезіп.

Тимур

Тауымыздың — көне күннің,
Даламыздың — байтақ үні.
Ол әні ғой жүрегімнің,
Мың қайталап айтқан мұңы.

Би

Би: «Баба-оппа».

Ән

Ән: «Жас ұрпақ».

Конституцияға шолу

1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Конституция 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Ата Заңның 30-бабында балалардың мектептерде тегін білім алатыны көрсетілген. Сондықтан біз мектепте тегін оқып, білім аламыз.

(Мультипроектордан ҚР Конституциясы көрсетіледі.)

Өлеңдер: Тәуелсіздік рухы

Жавахир

Жаны жайсаң, ер мінез жұртым менің,
Жүрек болып кеудемде дүрсілдедің.
Ата-бабам аңсаған азаттықтың,
Жеңісі мен жемісі — бұл күндерім.

Нозли

Көгінде тұр көк байрағың желбіреп,
Елтаңбаға қараймыз біз елжіреп.
Әнұранды шарықтата шырқаймыз,
Бабаларды еске алып — ержүрек.

Сардар

Енді бүгін көк байрағым желбіреп,
Әнұраным жалғап алды ғұмырды.
Бабалардан мұраға қалған Елтаңба
Баяғыша кеп төріме ілінді.

Би

Би қойылымы.

Ән

Ән: «Отан».

Шығармашылық жұмыс

Қабырға газетін таныстыру.

Ән

Ән: «Туған күн».

III. Қорытынды

Мұғалім: «Отан отбасынан басталады», «Отан үшін отқа түс — күймейсің», «Туған жерге туың тік» деген даналық сөздер бар. Біз тәуелсіз, бейбіт елде өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтамыз. Жақсы оқуымызбен, үлгілі тәртібімізбен Отанымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлесімізді қосамыз.

Бүгінгі тәрбие сағатын бейбітшілік пен келісімнің, жасампаздық пен тәуелсіздіктің мерейін асырған оймен аяқтаймыз.

Мұқағали Мақатаев — «Үш бақытым»

Ең бірінші бақытым — халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің.

Ал, екінші бақытым — тілім менің,
Жас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші — Отан деген,
Кім мықты? — десе біреу, Отан дер ем.
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба,
Ойланбай-ақ, кел-дағы от ал менен.