Ұстазым менің әні
Тақырыбы: «Ұстаз аты — биік әрі мәңгілік»
Мақсаты
Оқушыларды ардақты да аяулы ұстаздарын құрметтеуге, сыйлай білуге, үлгі тұта білуге баулу; адамгершілікке, сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- Тақырып жазылған плакат
- Ұстаздар туралы қанатты сөздер
- Презентация
- Шарлар
- Ашық хаттар
Барысы
Мұғалімнің кіріспе сөзі
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — дегендей, әр шаңырақтың үміт артқан ұл-қыздары сіздердің білімдеріңіз бен біліктеріңізге жүгініп, сеніммен келеді.
Ел ертеңі болатын өрендердің бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда сіздердің үлестеріңіз орасан зор.
Төл мерекелеріңіз құтты болсын! Білім саласында қажымай еңбек етіп, тер төккен абыройлы ұстаздарымыздың көңілін бір сәт болса да көтеріп, қуантайық деген ізгі ниетпен оқушыларымыз дайындаған «Ұстаз аты — биік әрі мәңгілік» атты ашық тәрбие сағатымызды тамашалаңыздар.
1-жүргізуші
Армысыздар, құрметті де аяулы ұстаздар!
Ұстаз деген — жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген — анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың.
2-жүргізуші
Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып?
Ұстаз деген — ұлылардың ұлысы,
Қасиетіне бас иелік мәңгілік!
Ұстаз туралы ой
Мұғалімнен өнеге алып, өмір теңізіне құлаш ұрған әрбір шәкірт өз ұстазымен мақтанады. Мектептің жүрегі, бала жанының бағбаны, шәкіртінің жанашыры — ұстазға арналған теңеулер осылай жалғасып кете береді. Мұндай мадақ сөздердің өзі тұтас бір кітапқа айналар еді.
Ардақты ұстаздар қауымы, мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге денсаулық, отбасыңызға амандық, еңбектеріңізге береке мен сәттілік тілейміз.
Диалог (Шакизат пен Жаһангердің ой түйіні)
Менің ойымша, кез келген мұғалім бірден ұстаз бола алмайды. Өйткені ұстаздық — тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Шын ұстаз болу үшін табиғи дарын ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштасуы қажет. «Шәкіртсіз ұстаз — тұл» деген сөз де бекер айтылмаған.
Поэзиялық арқау
Ұстаз болу — сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу — жүректің батырлығы.
Ұстаз болу — мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы.— Ғафу Қайырбаев
Осы жыр шумақтарындай, мектебімізде сөзі маржан, үні ән ұстаздардың болуы — зор мақтаныш. Әрине, ұстаз жүгі — ауыр жүк: адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу — нағыз шеберлік.
Музыкалық сәт
«Ұстазым менің» әні
Орындайтын: Сембі Раушан
Монтаж: оқушылардың арнауы
Әсел
Болса менің кішкене бір табысым —
Қорғағаным ұстазымның намысын.
Ұстазымша білсем деймін өмірді,
Ұстазымша болса деймін әр ісім.
Айнұр
Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,
Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған.
Шапағатты шуақ сепкен ұстаздар,
Өздеріңнен бастау алар бар арман.
Мақсат
Ұстазыңды түсінгін сен тереңнен,
Бар әлемге еңбегімен еленген.
Сенің бағың өрге қарай өрлесе,
Ол да бірге қуанышқа кенелген.
Арай
Ұстаздар — жақсылықтың жол ашары,
Қолыңда шәкіртіңнің бала шағы.
Өмірді алға қарай өрлететін —
Сендерде Ұлы Отанның болашағы.
Дінмұхаммед
Сол арқылы сен де өмірді жалғадың,
Ізгі іс қой ұстаз тілін алғаның.
Мақтау алсаң ұстаздардың алдында —
Ол өзіңнің орындалған арманың.
Айжан
Білім беріп, көзді ашқан —
Ақылшым, досым, ұстазым.
Мейіріңнен сен асқан,
Адалдық жолын нұсқадың.
Тәрбиелеп, мәпелеп,
Өрлеттің өмір шыңына.
Жөн сілтеп, өзің жетелеп,
Ғылымның жаңа тыңына.