Ғани тағылымы әрқашан ұрпаққа үлгі
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы — №100 орта мектеп
Авторы: Саулебаева Ләззат Шакиқызы
Санаты: бірінші
Білімі: жоғары
Шығыс шамшырағы — ұрпақтарға ұлағат
Бұл ашық тәрбие сағаты Сыр бойында, қасиетті Қазалы топырағында дүниеге келген Ғани Мұратбаевтың 110 жылдығына арналады. Тақырыптың өзегі — жасампаз тұлғаның елге сіңірген еңбегін танып, оның азаматтық болмысын бүгінгі ұрпақ санасына сіңіру.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру
Гимн орындалады. Сыныптың назарын сабақтың идеялық өзегіне шоғырландыру үшін қысқа кіріспе жүргізіледі.
2) Кіріспе сөз
Құрметті ұстаздар, қадірлі қонақтар және оқушылар! Бүгін біз Сыр бойында, қасиетті Қазалы топырағында дүниеге келген Ғани ағамыздың 110 жылдығына арналған «Ғани өмірі — ұрпақтарға үлгі» атты ашық тәрбие сағатында бас қостық.
Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев 1902 жылғы 3 маусымда Қазалының қасиетті топырағында, қазіргі өз есімі берілген ауылда, Мұратбай болыс шаңырағында дүниеге келді. Әкесі Мұратбай — ұзақ жылдар болыс болып, ел билеген парасатты тұлға. Ғани төрт жасқа келгенде әкесі қайтыс болады. Анасы Бәтима баласының зеректігін байқап, оны тоғыз жасында Қазалы қаласындағы орыс-қазақ мектебіне оқуға береді.
1914–1917 жылдары Қазалыдағы бастауыш училищеде оқиды. Он төрт жасқа келгенде анасы да дүние салады. Училищені бітірген соң, 1917–1918 жылдары Қазалыда тұңғыш рет құрылған Кеңес өкіметінің революциялық комитетінде мүшелік қызмет атқарады.
Ғани Мұратбаев жолы: негізгі белестер
-
1918 жыл
16 жасында Ташкент қаласындағы педагогикалық училищеде оқып, Финкельштейн атындағы мемлекеттік мектепті бітіреді.
-
1919 жыл
Ташкентте жастар ұйымына мүше болып қабылданады.
-
1916 жылдан кейінгі ауыр кезең
Аштық пен жоқшылыққа ұшыраған, қаңғырып жүрген жетім балаларды мемлекеттік интернаттарға, балалар үйлеріне, мектептерге орналастыру ісіне белсене атсалысады.
-
Түркістан комсомолы
Түркістан комсомолы Орталық комитеті аппаратында қызмет етіп, қазақ-қырғыз жастары арасында жұмыс жүргізетін бюроға төрағалық етеді.
-
1921 жыл
Түркістан комсомолы өкілі ретінде Орынборда өткен Қазақстан комсомолының I съезіне қатысады. 22 наурыз күні оның бастамасымен Түркістан Республикасы Жастар Одағының үні — «Жас алаш» газетінің тұңғыш саны жарық көріп, Ғани алғашқы редакторы болады.
-
1921–1922 жылдар
Түркістан комсомолының III съезінде 19 жасында Орталық комитеттің жауапты хатшысы болып сайланады. 1922 жылы партия қатарына қабылданып, Ресей Жастар Одағы ОК-нің Орта Азия бюросы құрылғанда ОК мүшесі әрі хатшысы болып бекітіледі.
-
Марапат
Орта Азия еңбекші жастары арасындағы қозғалысты дамытуға қосқан үлесі үшін Хорезм Республикасының Қызыл Еңбек орденімен марапатталады.
-
1924 жыл
Ресей Жастар Одағының VI съезіне делегат болып қатысады. Сондай-ақ Коммунистік Жастар Интернационалы Атқару комитеті президиумының мүшесі әрі шығыс елдері жастары бөлімі меңгерушісі қызметін атқарады.
-
Жеке өмірі және соңғы жылдары
Осы кезеңде жары Бақытжан Танауовамен отбасын құрады. 1925 жылғы 15 сәуірде асқынған өкпе ауруынан қайтыс болады. 23 жылдық қысқа ғұмырында екінің бірінің қолынан келе бермейтін ауқымды жұмыстар атқарып, елдің еңсесін көтеруге қызмет етті.
Естелік пен мұра
Қазақтың жарық жұлдызы атанған осындай асыл перзентін туған халқы ешқашан ұмытқан емес. 1968 жылы Қазалы қаласында тарихи-мемориалдық мұражай ашылып, Ғанидың өмірі мен қызметін жас ұрпаққа насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Экспозицияда Ғанидың балалық шағынан бастап, қызмет еткен жылдарындағы тарихи құжаттар мен фотосуреттер, сондай-ақ серіктестері мен ізбасарлары туралы мол дерек қамтылған. Ғанидың туған күні жыл сайын кең көлемде аталып өтеді.
Көркем сөз: оқушылар үні
Тәрбие сағаты барысында оқушылар Ғани Мұратбаев тұлғасын жырға қосып, азаматтық рухын көркем сөз арқылы айқындайды.
Қазалыда Ғани келді өмірге,
Мәңгі тұрар есімі оның көңілде.
Ұрпағына ұран болып әр ісі,
Жарқырайды қазағымның көгінде.
О, киелі қасиетті Қазалым,
Тіл жетер ме айтуға бар ғажабың.
Ұлы тұлға — Ғани баба тойында,
Жыр-өнердің қайнатайық қазанын.
Ғани аға! Мен сізді көргенім жоқ,
Айта алармын, бірақ «көргенмін» деп.
Себебі мектептен, мұражайдан
Атыңызды естіп өстім кішкентайдан.
Мен Ғанимын — жалынмын лапылдаған,
Қалды артымда таңдарым атырмаған.
Халқым үшін қаңтарда мұз жамылдым,
Мәселе жоқ басымды қатырмаған.
Ғани деп басталады әңгімеміз,
Ғани деп отырамыз мәңгіге біз.
Ғани деп күйін тартсақ Құрманғазы,
Ғани деп шырқатамыз әнді де біз.
Мақсатың биік — ұмтылдың асу асқарға,
Қамқоршы болдың жалындап жүрген жастарға.
Ғани аға — өзің салған жолыңмен
Ұрпақтарың қайраттанып басты алға.
Ойыңа толқу кірмеген — Сырымның бойы дүр етті.
Жарқ етті сонда мінбеден,
Жас Ғани — жалын жүректі.
Бақыттың бұла құсындай,
Қиялы кезген әлемді.
Мақтаныш етем қысылмай,
Ғанидай ұлы бар елді.
Ән
«Комсомолдар жыры» орындалады.
Қорытынды
Тәрбие сағаты оқушылардың «Ғани өлген жоқ!», «Ғани мәңгі тірі!», «Біз Ғанимен біргеміз!» деген ұранды ойларымен түйінделіп, көпшіліктің көңіліне патриоттық сезім ұялатады. Ғанидың жалынды өмірі жас буынға жауапкершілік пен сенімнің мәнін ұғындырады.
Ғани — өз заманының тынысын дәл таныған, уақыт толқынымен қатар өрлеген асқақ ойлы, өр кеуделі өрен. Елдің жоғын жоқтады, халқымен бірге мұңайды, бірақ болашаққа сенімін жоғалтпады. Оның тағылымы — бүгін де, ертең де ұрпаққа үлгі. Ғанидың өмірі мен мұрасы оның ізбасарлары арқылы жалғаса беретіні сөзсіз.
Негізгі ой
- Азаматтық қызмет — халыққа адал ниеттен басталады.
- Жастарға қамқор болу — қоғамды жаңартудың берік жолы.
- Тарихи тұлғаның өнегесі — ұлт жадын тірілтетін рухани тірек.