Балалар жауабы

Қыркүйек • 1-апта

Білім саласы

Таным

Бөлім

Қоршаған ортамен таныстыру

Тақырып

Біздің топ

Мақсаты

Түсінік қалыптастыру

Балалардың топ және оның ішіндегі бөлмелер туралы ұғымдарын қалыптастыру.

Құндылық тәрбиелеу

Сақтыққа үйрету, өз тобы үшін мақтана алатын сезім қалыптастыру.

Ұқыптылық дағдысы

Бөлме ішін таза ұстауға, заттарын ұқыппен ұстауға тәрбиелеу.

Қолданылатын көрнекіліктер

  • Қонжық ойыншық
  • Сурет негізінде берілген ережелер

Сөздік жұмысы

топ — группа «алтын ереже»

Іс-әрекеттің кезеңдері

1) Себепті-оятушылық

Тәрбиешінің іс-әрекеті

Бөлме ішіне қонжық ойыншық кіреді. Ол өзін осы топқа қабылдауды өтінеді.

Сұрақ-жауап

  • «Балалар, қонжық бізге неге келді?»
  • «Ол бізден нені сұрап тұр?»
  • «Қонжықты тобымызға алайық па?»

Бүгін қонжықпен бірге балабақша ішінде саяхат жасаймыз. Ең қолайлысы — «поездбен» жүру: бәрімізге орын жетеді.

Поезддағы «алтын ережелер»

  • Іште қатты сөйлемейміз, қатты күлмейміз.
  • Алдыңғы досымызды итермей, ақырын қозғалып жүреміз.
  • Аялдамаға келгенде тәрбиешінің сөзін тыңдап, қойылған сұраққа ғана жауап береміз.

Ережені есте сақтаған соң, бір-біріміздің артымызға тұрып, «поезд» құраймыз.

Балалардың іс-әрекеті

  • Қонақпен амандасады.
  • Сұрақтарға жауап береді.
  • Көлік түрлерін атайды, «поезд» идеясын қолдайды.
  • Ережелерді қайталайды.
  • Тізбекке тұрып, «поезд» жасайды.

2) Ұйымдастыру-іздеушілік: 3 аялдама

1-аялдама: Жуынатын бөлме

Тазалық • Қауіпсіздік • Дағды

Талқылау сұрақтары

  • «Жуынатын бөлме не үшін керек?»
  • «Бұл бөлмеде қандай заттар бар?» (дәретхана, әр балаға арналған орамал ілгіші/үйшігі)

Ойын

«Өз орамалыңның үйін тап»

Жуыну ережесі (қадамдап)

  1. Саппен түзу келіп, кезекпен әрекет жасаймыз.
  2. Жеңімізді түріп аламыз.
  3. Қолымызды сулаймыз.
  4. Сабындаймыз.
  5. Сабынды жақсылап шаямыз.
  6. Қолды жан-жаққа сілкімейміз.
  7. Әркім өз орамалымен қолын құрғатып сүртеді.

Есте сақтайық

Бұл ережені ұмытпау үшін суретті жуынатын бөлмеге іліп қоямыз.

Қашан қол жуамыз?

Дәретханадан шыққанда, тамақ ішер алдында және тамақтанғаннан кейін.

2-аялдама: Киіну және шешіну бөлмесі

Ұқыптылық • Реттілік

Ойын

«Өз киіміңнің үйін тап». Шкафтағы «үйлердің» көп екенін байқап, әр бала өз орнына киімін дұрыс орналастырады.

Сұрақ

«Бұл сенің киіміңнің үйі екенін қайдан білдің?»

Негізгі қағида

Әр киім өз орнында тұрғанды «жақсы көреді». Реттілікті сақтау үшін ереже суретін қараймыз: қай сөреде қандай киім тұруы керек екенін анықтаймыз және өз киімімізді сол тәртіппен орналастырамыз.

3-аялдама: Балалардың ең сүйікті бөлмесі — топтың іші

Бақылау • Сипаттау • Сүйіспеншілік

Топқа оралу

Тобымызға қайта келдік. Әркім өз орындығын тауып отырады, енді топ ішін бірге танып-білеміз.

Неліктен «ең сүйікті бөлме»?

Мұнда біз тамақтанамыз, сабақ оқимыз, ұйықтаймыз, ойнаймыз, ертегі оқимыз және тағы басқа қызықты істер жасаймыз.

Бақылау тапсырмалары

  • Тобымыздың түсі қандай? Көріп тұрған түстерді атаймыз.
  • Көлемі қандай? (үлкен)
  • Поль қайда? (төменде, жерде) — аяқпен ақырын тарсылдатып көреміз.
  • Төбе қайда? (жоғарыда) — қолымызды созып көреміз: қаншалық биік?
  • Неліктен жарық сөндірулі болса да бөлме жарық? (терезе бар, күн сәулесі түседі)

3) Қорытынды-түзетушілік

Тәрбиешінің қорытындысы

Бүгін біз балабақшадағы бөлмелермен таныстық.

Қорытынды сұрақтар

  • «Қонжық, саған балабақша бөлмелері ұнады ма?»
  • «Қандай бөлмелер бар екенін атаңдар»
  • «Неге бірнеше бөлме керек?»
  • «Осындай әдемі бөлмелерді қалай ұстауымыз керек?»

Қонжық өзін жақсы ұстағаны үшін және саяхатқа белсенді қатысқаны үшін оны тобымызда қалдырамыз. Балалар келісімін білдіреді.

Сабақ соңында тәртіпті болғаны, мұқият тыңдағаны және сұрақтарға жауап бергені үшін балаларға смайлик таратылады. Смайлик шкафтарының бетіне жабыстырылады.

Балалардың іс-әрекеті

  • Сұрақтарға жауап береді, өз ойымен бөліседі.
  • Қонжықты топта қалдырып, оны көрінетін биік жерге отырғызады.
  • Тазалық пен тәртіп ережелерін қайталайды.

Күтілетін нәтиже

Білу

Балабақша ішіндегі топты және оның бөлмелерін біледі.

Болу

Әр бөлмедегі ережені орындайтын, тәртіпті бала болуға дағдыланады.

Еп

Киімін дұрыс орналастырады және жуыну дағдыларын сақтайды.