Ұпай сандарын анықтау

«Алғырлар мен Тапқырлар» сайысы: сабақтан тыс танымдық ойын-сценарий

Тақырыбы

«Алғырлар мен Тапқырлар» сайысы.

Мақсаты

  • Оқушылардың қай пәнге бейімділігін айқындау.
  • Дарынды оқушыларды анықтау.

Дамытушылық мақсаты

Оқушылардың ойлау қабілетін дамыту; еркін сөйлеуге, ойын толық жеткізуге, өз бетінше жұмыс жасауға дағдыландыру.

Тәрбиелік мақсаты

Ұқыптылыққа, жинақылыққа, көпшілік алдында өзін ұстай білуге және жауапкершілікке тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Жалау, парта, слайд, шарлар, әріптері бар жәшіктер және т.б.

Пәнаралық байланыс

Музыка, әдебиеттік оқу, математика, қазақ тілі, дүниетану, дене шынықтыру.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру бөлімі

Жүргізуші сөзі

Біреу озса сайыста, біреу артта қалады. Ренжімей тараса, озбағандар жарайды.

Жарыс заңы ежелден — жеңімпазды анықтау. Озат болу шарты — еңбектену, жалықпау.

Қымбатты оқушылар! Бүгінгі «Алғырлар мен Тапқырлар» атты танымдық ойын-сауық сайысымызға қош келдіңіздер! Сайыс барысында оқушыларымыздың ой-өрісін, білімін және тапқырлығын сынға саламыз.

Қатысушылар

2 «Б» сынып оқушылары екі топқа бөлінеді:

І топ — «Алғырлар»

Сәлемдесу

Қиындықтан біз ешқашан қашпаймыз,

Алғырлық пен тапқырлықты ұштаймыз.

Қияларға самғап ұшқан құстаймыз,

Шегінбейміз — жеңістерге бастаймыз!

ІІ топ — «Тапқырлар»

Сәлемдесу

Біз дайынбыз бұл сайысқа, достарым,

Көрсетеміз бізде қандай күш барын.

Алға қойған мақсатымыз бір екен,

Сәтті болсын сапарымыз әрдайым!

Бақылаушы

Сайысты бақылаушы: бастауыш сынып мұғалімі Бөлегенова Ақмарал Тыныштыққызы.

Сайыс ережесі

  • Сайыс 6 айналымнан тұрады (әр айналым барысында бөлімдері түсіндіріліп отырады).
  • Сұрақтар әр топқа жеке қойылады; жауап болмаса, екінші топ ұпайды өз қоржынына сала алады.
  • Жауап беру үшін топ белгісі арқылы дыбыс шығарып белгі береді.

2) 1-айналым (4 бөлім)

1-бөлім — Ширату (шашылған әріптер)

І топ тапсырмасы

Әріптер: ШАҒ МРА ДАБ

Сипаттама: Бұл бізге қажет, әсіресе мектепке келгенде және қайтарда; оған барлық адамдар қарайды.

Жауабы: Бағдаршам

Қосымша: Бағдаршамның түстері қандай?

ІІ топ тапсырмасы

Әріптер: ІКД ЛҮЕ НК

Сипаттама: Әр оқушыда болады; ашсаң кейде күлесің, кейде ашуланасың не ұяласың. Ол — сенің досың.

Жауабы: Күнделік

Қосымша: Күнделікті қалай ұстау қажет?

Осы бөлім соңында ұпай саны анықталады.

2-бөлім — Математика (логикалық сұрақ)

І топ

Аулада қаздар жайылып жүр. Дана 6 аяқ санады. Аулада қанша қаз бар?

Жауабы: 3 қаз

ІІ топ

Ағашта бірнеше құс отыр. Оларда 8 қанат бар. Ағашта неше құс отыр?

Жауабы: 4 құс

Осы бөлім соңында ұпай саны анықталады.

3-бөлім — Әдебиеттік оқу (сөз мағынасы және түсіндіру)

І топ

  • «қулығына басады» — қулық жасайды, алдайды.
  • «жұғын да жоқ» — түк те жоқ, дым да жоқ.

Түсіндіру сұрағы

«Тапқан малымның бір бөлігімен борышымды өтеймін, бір бөлігін өсімге беремін» деген сөйлемді қалай түсінесіңдер?

Дұрыс жауап: Қарт әке-шешеме берген ақшамды борышымды өтеу деп білемін. Өзімнен туған балаларды оқытуға жұмсағаным — өсімге бергенім. Балалар өсіп, адам болып, біз қартайғанда жақсы қараса, сол борышымды өтегені деп ойлаймын, — дейді Үйші.

ІІ топ

  • «жан тапсыру» — қайтыс болу, дүниеден өту.
  • «қиралаңдап» — ақсаңдап.

Түсіндіру сұрағы

«Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп, жапырағынан айырылған ағаш, қурай» деген өлең жолдарын қалай түсінесіңдер?

Дұрыс жауап: Жаз бойы жайқалған ағаш күз келгенде жапырағынан айырылып, жалаңаштанып қалады. Ақын ағаштың күйін қартайған шал мен кемпірге теңеп тұр.

Топтардың жинаған ұпайы есептеледі.

4-бөлім — Қосымша ұпай (жасырын ән)

Тапсырма: «Достар» студиясы жасырған әнді табу.

Жасырылған ән: «Қошақан»

Тапқан топ бірден 2 ұпай алады. Ән екі топқа да ортақ.

Соңында бәрі бірге «Қошақан» әнін орындайды.

3) 2-айналым (2 бөлім)

1-бөлім — Кино әлемі (үзінді бойынша талдау)

І топ

Үзінді: «Балалық шағымның аспаны»

Сұрақтар

  • Киноның атауы қандай?
  • Кино жалпы кім туралы?

Түйін: Үзінді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың балалық шағы туралы. Ол ұшқыш болуды армандағанымен, әкесінің «Өз еліңе қызмет ет» деген ақылын тыңдап, кейін кенші мамандығын таңдаған.

ІІ топ

Үзінді: «Менің атым — Қожа»

Сұрақтар

  • Киноның атауы қандай?
  • Кино жалпы кім туралы?

Дұрыс жауап: Қожа деген бала туралы. Кейде тентектеу болғанымен, шыншыл, өтірікті ұнатпайтын, әділдікті қалайтын бала. Оқиға соңында Қожа қателігін түзеп, тәртіпті, ақылды оқушыға айналады.

2-бөлім — Қосымша ұпай (жасырын ән)

Ереже: Бұл жолы қосымша 2 ұпайды ұпайы төмен топ та алып кетуі мүмкін.

Жасырылған ән: «Ортеке»

4) 3-айналым (1 бөлім)

Әдебиеттік оқу — топ басшыларына сұрақ

Топ басшылары алдын ала дайындалған 5 сұрақты өз тобына қояды. Тарихта болған тұлғаларға, авторларға және өткен тақырыптарға қатысты. Жауапқа 1 минут беріледі. Уақыт бақылаушының белгісімен басталып, белгісімен аяқталады.

І топ сұрақтары

  1. Қазақ даласына алғаш білім жарығын алып келген адам кім? Ыбырай Алтынсарин
  2. Балаларды оқуға шақырған Ы. Алтынсариннің өлеңі қалай басталады? «Бір Аллаға сиынып…»
  3. «Ата-ана алдындағы борышың» тіркесіндегі «борышың» сөзін басқаша қалай айтуға болады? Қарызың
  4. Өлең жазатын адамды қалай атайды? Ақын
  5. Тұңғыш «Әліппе» оқулығын жазған кім? Ахмет Байтұрсынұлы

ІІ топ сұрақтары

  1. «Аласың білім кітаптан…» деген нақыл сөз кімнің шығармасында келтірілген? Ілияс Жансүгіров
  2. Қартқожа қай жазушының кейіпкері? Жүсіпбек Аймауытов
  3. Шоқан Уәлиханов туралы жазған жазушы кім? Сапарғали Бегалин
  4. Абайдың нақыл сөзін аяқта: «Адам баласының ең жаманы — …» Талапсыз
  5. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі бес жаман іс: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ

Ұпай саны анықталады.

5) 4-айналым (2 бөлім)

1-бөлім — Дүниетану (дәмін тату/ұстап көру арқылы анықтау)

І топ

Алдарыңызға әкелінген сусындардың ішінен қымызды табыңыздар.

Қосымша сұрақ

Қымызды төрт түліктің қайсысынан аламыз?

Жауабы: Қымызды жылқы малынан, оның ішінде биеден (жылқының ұрғашы малынан) аламыз.

Қымызда С дәрумені мол, емдік қасиеті жоғары; әсіресе туберкулезді емдеуде пайдасы айтылып келген.

ІІ топ

Алдарыңызға әкелінген сусымалы дәнді-дақылдардың ішінен бидайды табыңыздар.

Қосымша сұрақ

Бидайдан не жасаймыз?

Жауабы: Ұн, нан, түрлі тағамдар жасаймыз. Халқымыз бидайды аса құрметтеген: «Жерде жатқан бидай дәнін көрсең, түйенің үстінен еңкей де теріп ал!» дейді.

Ұпай саны анықталады.

2-бөлім — Мультфильм бойынша сұрақ

І топ

Мультфильм: «Құйыршық»

Сұрақтар

  • Мультфильм қалай аталады?
  • Баланың қолындағы зат қалай аталады? Ол не үшін қолданылады?

Жауабы: Торсық. Жылқы терісінен жасалатын, шамамен 5–10 литрлік шағын ыдыс. Жол жүргенде алып шығып, ішіне қымыз, айран, шұбат сияқты сусындар құяды.

ІІ топ

Мультфильм: «Ақсақ құлан»

Сұрақтар

  • Мультфильмнің аты қандай?
  • Ханға баласының қайғылы хабарын не арқылы жеткізді?

Жауабы: Домбыра. Домбыра — қазақтың негізгі ұлттық аспабы.

Келесі айналымға өтеді.

6) 5-айналым (4 бөлім)

1-бөлім — Дене шынықтыру («Сенемін / Сенбеймін»)

Қойылған сұраққа тек «сенемін» немесе «сенбеймін» деп жауап бересіздер. Кейін қосымша сұрақ қойылады.

І топ

Сұрақ

Қазақстан Лондон олимпиадасынан 7 алтын медаль алды дегенге сенесіңдер ме?

Қосымша: Атын атап беріңіздер.

Жауабы: Серік Сапиев, Александр Винокуров, Мая Манеза, Зульфия Чиншанло, Илья Ильин, Ольга Рыбакова, Светлана Подобедова.

Экрандағы спортшы

Жауабы: С. Сапиев — бокс.

ІІ топ

Сұрақ

Илья Ильин — 2 дүркін Олимпиада чемпионы дегенге сенесіңдер ме?

Қосымша: Лондон олимпиадасында спорттың қай түрінен қатысты?

Жауабы: Ауыр атлетика (штанга).

Экрандағы спортшы

Жауабы: А. Винокуров — велоспорт.

2-бөлім — Әдебиеттік оқу (үзінді бойынша анықтау)

І топ

…Менде асыл тасты жүзік те, сәнді киім де, қымбат тастармен әшекейленген белдік те жоқ. Тек еңбек сүйгіш екі қолым, қайрат-жігерге толы жүрегім бар.

Жауабы: «Байлық пен ақыл» ертегісі.

Түрі: шыншыл ертегі.

ІІ топ

…Бір күні ойнайын деп бардым. Әбіш кітап оқып отыр екен. Тыңдасам, кітабында жұмбақ, мақал, өлең, басқа да жақсы сөздер көп екен.

Жауабы: «Мен оқуға қалай бардым?»

Авторы: А. Байтұрсынұлы.

3-бөлім — Өлең: тақырыбы мен авторын табу

І топ

…Қалыпсың ұйықтап, қарағым,
Қалады-ау сенің сабағың.
Жуын, жүгір мектепке.

Ашасың көзді сабақтан,
Аласың білім кітаптан,
Боласың адам мектепте.

Жауабы: «Күн шыққанда» — І. Жансүгіров.

ІІ топ

…Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз.
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз.

Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл…

Жауабы: «Ғылым таппай мақтанба» — А. Құнанбаев.

4-бөлім — Қосымша ұпай (жасырын ән)

Жасырылған ән: «Айгөлек»

Тапқан топ 2 ұпай алады.

7) 6-айналым (шешуші кезең)

Бұл кезеңде 4 ойыншыға 2 әріптен беріледі, қалған оқушылар жауаптың дұрыс орналасуына көмектеседі. Жауап беруге 1 минут уақыт беріледі (бақылаушы белгісімен басталып, белгісімен аяқталады).

І топ әріптері

О-Ұ, Т-М, А-Ы, Р-Н

  1. … оттан да ыстық. (Отан)
  2. До, ре, ми, фа, соль, ля, си, до — бұлар не? (Нота)
  3. «Садись» сөзінің қазақша баламасы қандай?
  4. Сыныптағы Нұрдәулеттің фамилиясы қандай? (Омар)
  5. Атадан қалған асыл … (Мұра)

ІІ топ әріптері

О-А, Р-М, П-С, Ы-А

  1. Ұшатын, шағатын, 4 әріпті жәндік? (Маса)
  2. А. Винокуровтың ұлты? (Орыс)
  3. Күннің түсі қандай? (Сары)
  4. Snickers, Nuts, Twix, … шоколад түрі? (Mars)
  5. Дәнді-дақылдың бір түрі: бидай, күріш, тары, … (Арпа)

Қорытынды

  • Ұпайлар есептеліп, жеңімпаз топ анықталады.
  • Мадақтау, марапаттау рәсімі өткізіледі.
  • Шара «Көк Ту» әнімен аяқталады.