Данасың сен, Дарасың сен

Ана туралы өлеңдер мен тақпақтар
Ана туралы жыр
(Әні бар)
Мереке күніңмен
Қарсы алдым өзіңді.
Сәбилік үніммен
Арнаймын сөзімді.

Көргенше алаңмын,
Аңсаймын, толғанам;
Қабыл ал балаңның
Сәлемін жолдаған.

Бөбегің оянса,
Ұйқыңнан мың тұрдың.
Гүліңмен балауса
Көктемдей құлпырдың.

Аялап алақан,
Әлпештеп өсірген.
Аяулы жан анам
Қатемді кешірген.

Сырымды ұғатын,
Өзіңсің қуатым.
Күнімсің шығатын,
Айымсың туатын.
О. Иманалиев

Абзал ана
Өлеңін жазған – Ж. Молдағалиев
Әнін жазған – Б. Дәлденбаев

Солғанша гүлім күнде тоңып,
Ана! , Ана! деп ән салам.
Кетейін мейлі жүзге толып,
Бөбекпін мен маған.

Қайырмасы:
Ана, ана, ана
Мәңгі дос сен ғана.
Абзал ана, ана,
Көңілің кең дала.
Данасың сен,
Дарасың сен.
Анажан аңсаған,
Арналды ән саған.

Қарызбын әжім, ақ шашыңа,
Көзіңнің жасына.
Өзіңсің бақыт бақшасы да,
Өмірдің басы да.
Қайырмасы.

Ақ мамам
Еркелесем, күлімдейтін,
Ұрысқаны білінбейтін.
Маңдайымнан иіскеп менің,
Құлыншағым, күнім! - дейтін.

Әлемдегі ақылды адам,
Бәрінен сол жақын маған!
Ол жанымда жүрсе, мен де
Батырларша батылданам.

Жамандықтан сақтандырып,
Жақсы ісімді мақтан қылып.
Ақ мамамды мен әрқашан
Жүрсем деймін шаттандырып.
Ф. Оңғарсынова

Анам маған:- Үлкенді сыйла,- деген
Анам маған: - Үлкенді сыйла, - деген,
Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.
Үлкендерден ауысқан кішілікті,
Үлкендердің өзіне сыйға берем.
Атамнан қалған мұра – ізеттілік,
Арымды соған қойған күзеттіріп.
Адалдық – менің сәби Айбарым ғой,
Маңдайынан жүргені жүз өптіріп.
М. Мақатаев

Анама
Өмірімнің қап - қараңғы түнінде,
Еш не білмес түсім бе я өңім бе
Оң менен сол, от пенен су айырмас,
Күшсіз, әлсіз, есім білмес күнімде, -

Құшағыңа алдың, сүйдің сен, анам,
Ренжу жоқ, барлық сөзің: Жан балам!
Ыстық - суық, желге - күнге тигізбей,
Асырап, сақтап, болдың, анам, баспанам.
М. Жұмабаев

Анаңды құрметтемесең
Анаңды құрметтемесең
Анадан несін туасың?
Адамды құрметтемесең
Адамнан несін туасың?

Далаңды құрметтемесең,
Далада несін тұрасың?
Қалаңды құрметтемесең,
Қалада несін тұрасың?

Теңізді құрметтемесең,
Теңізде несін туасың?
Егізіңді құрметтемесең,
Егіз боп несін туасың?

Адам!
Атың қандай зор!
Адамсыз әлем әлем бе?
Адамды сыйлап адал боп,
Адам боп өт әлемде!!
Д. Әбілев

Ана тілегі
Балапандай сәбидің,
Қанаты әсте талмасын.
Арманы ол әр үйдің,
Биіктерге самғасын!

Жол ашыңдар сәбиге,
Болашағын қорғаңдар.
Өсе берсін әр үйде
Бүлдіршіндер – армандар!
С. Оспанов



Ұқсас жұмыстар

Ләззат Бәйішқызы
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы
Құтадғу білік (Құтты білік)
Отбасы – көркем әдебиетте
Ұлылардың ұлағатты сөздері
Мұқағали поэзиясын оқыту әдістемесі
Жүсіп Баласағұн. «Құтадғу білік»
Сан есімнің мәні
Құтты біліктің зерттелуі
Ақын арнауларындағы тұлғалар галлереясы
Шаруашылық жүргізудің әр түрлі меншік формаларындағы кәсіпорынның қаржысын ұйымдастыру ерекшеліктері«СЕНІМ» АҚ
Қазақстан — әлемдік қоғамдастықтың белсенді мүшесі
Этноцентризм және әйелдер
Биоценоз туралы түсінік
Ағылшын тілі сабақтарының танымдық белсенділікті арттыру мүмкіндіктері
Жеке адамның дамуындағы өзіндік белсенділіктің маңызы
Аманжолов Сәрсен Аманжолұлы
Ілияс Есенберлин
Лицензиясыз қызметтен түскен табыстан айыру жөнінде
Фотолюмениценция