Шоқан шығармашылығын тану
Әдеби-танымдық кеш: «Аққан жұлдыз» (презентациясымен)
Мақсаты
Шоқан Уәлихановтың қысқа да мәнді ғұмырында қалдырған сан қырлы ғылыми мұрасына кеңінен шолу жасап, ел мен халық үшін атқарған игі істерін дәріптеу, жас ұрпаққа үлгі ету.
Міндеттері
- Шоқан Уәлихановтың өмір жолын таныстыру.
- Шығармашылығы, саяхаттары мен зерттеулерінің мазмұнын ашу.
- Шоқан мұрасын тануға бағытталған оқу-ізденіс әрекетін күшейту.
Дамытушылық бағыты
Оқушылардың ізденіс дағдысына сүйене отырып, ойлау қабілетін жүйелі дамыту; өздігінен білім алуға жағдай жасау; ой қорытып, оны нақты әрі көркем жеткізе білуге дағдыландыру.
Тәрбиелік бағыты
Шоқан тұлғасын тану арқылы ұлттық сана, патриотизм, рухани білімділік пен мәдениеттілікке тәрбиелеу.
Сабақтың форматы
Түрі
Әдеби-танымдық кеш
Әдістері
Баяндау, әдеби монтаж, сахналық көрініс
Көрнекілігі
Саяхаттар картасы-сызбасы, ғалым туралы ой-пікірлер
Күтілетін нәтиже
- 8-сынып бағдарламасындағы «Қазақтың ғұлама ғалымы — Шоқан Уәлиханов» тақырыбы негізінде қазақ халқының мәдени мұрасы мен ұлттық болмысын тереңірек тану.
- Өткенін танып, өнері мен рухани тәжірибесінен нәр алмай, болашаққа нық қадам жасау мүмкін еместігін ұғыну; Шоқанның өз ұлтын, ел тарихын, салт-санасын сүйген азамат екенін дәлел-дәйек арқылы түсіну.
Мұғалім сөзі
Еркеш Ибраһимнің жырынан үзінді
Аққан жұлдыз атаныпсың, жан бабам!
Ғасырлардан ғасырларға самғаған.
Сорғалапсың қараңғыда тұңғиық,
Тамғандай-ақ ғарыштағы таңбадан.
Асыл бабам, аққан жұлдыз атанған,
Аққан жұлдыз — лапылдағын от-арман,
Аққан жұлдыз — ағып өткен найзағай,
Саналардың сағыныш тауын қопарған.
Ақын жырлағандай, халқымыздың ойшылы әрі ұлттық мақтанышымыз Шоқан Уәлихановтың қысқа да саналы ғұмырында артында қалған ғылыми мұрасына тоқталып, ел үшін істеген ізгі істерін үлгі ету мақсатында «Аққан жұлдыз» атты әдеби-танымдық кешке қош келдіңіздер!
I бөлім
Тектіден текті туар — қайталанбас
1-оқушы: Тегі мен туған жері
Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысындағы Құсмұрын бекетінде атақты аға сұлтан Шыңғыс Уәлихановтың отбасында дүниеге келген. Арғы атасы Абылай — жоңғарларға қарсы күресте ерлігімен танылған, ел бірлігі мен тыныштығын көздеген, ақылды қолбасшы әрі іскер дипломат, Орта жүздің ханы болған.
Осындай ортада тәрбиеленген Шоқан жастайынан білімге құштар болып өседі. Шыңғыс сұлтан мен Зейнептің тұңғышына мұсылманша Мұхаммед-Қанапия есімі берілген. Анасы баласын еркелетіп «Шоқан» деп атаған. Бұл есім кейін көпшілікке кең таралып, тұрақты атына айналды.
2-оқушы: Балалық шағы және Көкшетау
Шоқанның балалық шағы Сырымбет тауының баурайында, туған елі Көкшетауда өтті. Ол әжесі Айғанымның тәрбиесін көріп, ұлттық тәлім мен салттың қазынасына қанып өсті.
Арқада жер жетпейді Бурабайға,
Бөленген бұйра сыпсаң қарағайға.
Кербез сұлу Көкшетау Арқадағы,
Ертеде қоныс болған Абылайға.
Ән: «Көкшетау»
3-оқушы: Білім жолы — кадет корпусы
1847 жылы 12 жасар Шоқанды әкесі сол кезеңдегі ең таңдаулы оқу орындарының бірі саналатын Сібір кадет корпусына оқуға береді. Бұл оқу орны Шоқанның болашағы мен ғылым-білім жолындағы дарынын ашуда ерекше рөл атқарды.
Жабық әскери оқу орны болғанымен, мұнда әскери пәндермен қатар орыс және батыс әдебиеті, география мен тарих, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері оқытылды. Сабақ берген ұстаздардың арасында білімді, прогресшіл көзқарастағы тұлғалар көп болды.
Зеректік пен тілге икем
Кадет корпусында Шоқан зеректігімен ерекшеленіп, тілдерді тез меңгерді, қатарластарының алды болды. Мұғалімдері мен құрбылары оның біліміне ерекше қызығушылық танытқан.
Потаниннің бағасы
Бірге оқыған досы, этнограф-ғалым Г. Н. Потанин: «Жасы кіші болса да, ол бізге үлкен секілді еді… жалпы жолдастарына “Еуропаға ашқан терезе” болды», — деп жазады. Бұл Шоқанның ортадағы беделінің айрықша екенін аңғартады.
4-оқушы: Сурет өнері — өмірді бейнелеу тілі
Шоқан сурет өнерін жастайынан сүйген. Қырағы әрі зейінді жас үшін сурет салу — халық өмірін, табиғат пен тұрмысты бейнелеудің әсерлі құралына айналды. Ол туған жері Сырымбеттің жайлауы мен қоныс-мекендерінің суреттерін жиі салған.
1847–1852 жылдары салған еңбектерін Шоқан «корпустан елге демалысқа барған кезімде салған суреттерім» деп атап өткен. Оның шығыстанушы әрі өнер зерттеушісі ретінде танылуы да кездейсоқ емес: Шоқан сурет, сәулет, мүсін, сән және қолөнерге айрықша мән берген.
Нақты дерек
Шоқаннан 150-ге тарта сурет мұра болып қалған
Ол портрет, табиғат көрінісі, пейзаж және халықтың тұрмыс-салтын бейнелейтін жанрларда қалам тербеген.
Көрініс: «Мүсінші мысық»
5-оқушы: Қоғамдық және әдеби қызметі
Шоқан Уәлиханов 1853 жылы кадет корпусын бітіріп, Омбыда әскери қызметте қалады. Ол Сібір қазақ-орыс әскерінің 6-атты әскер полкіне офицер болып тағайындалып, іс жүзінде Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-батыс аймағының генерал-губернаторы Г. Х. Гасфорттың адъютанты қызметін атқарады.
Сонымен бірге, Батыс Сібір өлкесінің Бас басқармасы оны айрықша тапсырмалар орындайтын офицер ретінде қарастырды. Қызмет барысында Шоқан патша өкіметінің отаршылдық саясаты туғызған әділетсіздіктерді терең танып, оларға қарсы батыл пікір айтуға ұмтылды.
Осы міндеттерді қатар атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен географиясын зерттеуге белсене кірісті.