Мемлекетіміздің астанасы - Астана қаласы

Батыс Қазақстан облысы, Зеленов ауданы

Новенький орта жалпы білім беретін мектебі КММ

Қазақ тілі, 6-сынып

Орыс сыныптарына арналған

Тақырыбы: Ел ордасы – Астана. Біріккен сөздер

Бұл сабақ жоспары Астана туралы білімді кеңейтуге және біріккен сөздерді тапсырмалар арқылы меңгертуге бағытталған. Оқушылар тыңдау, оқу, сұрақтарға жауап беру, ойын жүйелеп айту дағдыларын дамытады, сөздік қорын байытады және өз ойын еркін жеткізуге үйренеді.

Мақсаты

  • Елордамыз — Астана туралы жан-жақты білімді толықтыру және бекіту.
  • Сұрақтарға жауап беру, ойды жүйелі жеткізу дағдыларын қалыптастыру.
  • Мәтінді мәнерлеп оқуға машықтандыру, сөздік қорды байыту.
  • Тапқырлық пен ізденімпаздық қасиеттерін дамыту, Отанды сүюге тәрбиелеу.

Күтілетін нәтиже

  • Жеке және топтық жұмыс түрлерін орындайды.
  • Бейнематериалды тыңдап, тақырыбы мен идеясын түсінеді.
  • Сұрақтарға жауап береді және өзіндік қорытынды жасайды.

Керекті жабдықтар

Интерактивті тақта, маркерлер, бағалау парақтары, презентация, стикерлер, постерлер.

Кіріспе

1) Ұйымдастыру бөлімі

2 минут

Психологиялық ахуал қалыптастыру үшін оқушылар шеңберге тұрып, тренинг орындайды.

Тренинг мәтіні

Жарқырап күн де ашылды,

Айнала нұр шашылды.

Қайырлы күн!

Біз көңілді баламыз.

Қайырлы күн!

Сәлемдесіп аламыз.

Мақсатымыз — білім алу,

Міндетіміз — еңбектену.

Еңбектену арқылы биік белестерге жету.

Мұғалім оқушылардың көңіл күйін сұрап, сабақты бастауға бағыт береді.

2) Үй тапсырмасын тексеру

5 минут

Үй тапсырмасы үлестірмелі стикерлер арқылы тексеріледі. Оқушылар төмендегі сұрақтарға жауап береді:

  1. 1 Тасымал дегеніміз не?
  2. 2 Буын нешеге бөлінеді?
  3. 3 Ашық буын дегеніміз не?
  4. 4 Тұйық буын дегеніміз не?
  5. 5 Бітеу буын дегеніміз не?
  6. 6 Дауыссыз дыбыстар нешеге бөлінеді? Қандай?

Мұғалім жауаптарды қорытындылап, оқушылардың өткен тақырыпты жақсы меңгергенін атап өтеді. Келесі кезеңде оқушылар топқа бөлініп, жаңа тақырып бойынша тапсырмаларды орындайды.

Топ 1: «Бәйтерек»

Топ басшысы: Анна

Топ 2: «Хан шатыры»

Топ басшысы: Лилия

Топ басшылары әр тапсырмадан кейін топ мүшелерін бағалау парағы арқылы бағалап отырады.

3) Тұсаукесер: қызығушылықты ояту

3 минут

Оқушылар Астана қаласының көрікті жерлері көрсетілген бейнеклипті тамашалайды (Алтынай Жорабаева әні сүйемелдеуімен).

Миға шабуыл сұрақтары

  1. 1 Бейнеклип қай қала туралы?
  2. 2 Бүгінгі сабақтың тақырыбы қандай?
  3. 3 Астана қаласына барып көргендерің бар ма? Қандай әсер алдыңдар?

Оқушылар күні мен тақырыпты дәптерлеріне жазады. Мұғалім сабақ мақсаттарын нақтылап, алдағы тапсырмаларға бағыт береді.

Астана туралы қысқаша мәлімет

«Астана» — парсы тілінен енген сөз. Ежелгі парсыларда ол қалаға кірер бас қақпа, яғни «киелі орын» деген мағынаны білдірген. Қазақ тілінде бұл атау елдің бас қаласы ұғымымен сәйкеседі.

1998 жылға дейін Қазақстанның астанасы Алматы болды. Астананы көшіру экономикалық, саяси, демографиялық және географиялық факторларға байланысты жүзеге асты:

  • Бұрынғы Ақмола (қазіргі Астана) республиканың орталық аймағында орналасқан.
  • Қаланы кеңейтіп, жаңа құрылыстар салу өңір экономикасын көтеруге ықпал етеді.
  • Астананың географиялық орны мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

1998 жылы Астананың тұсауы кесілді. Қала күн сайын көркейіп, зәулім ғимараттар бой көтерді. Мұнда Мәдениет сарайы, Конгресс-холл, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Үкімет пен Парламент ғимараттары, Президент резиденциясы және басқа да маңызды нысандар орналасқан.

Астана — болашақтың қаласы, жас әрі еңселі шаһар.

Біріккен сөздер: ереже және мысалдар

Біріккен сөздер — екі немесе одан да көп түбірдің бірігіп, бір ғана ұғымды білдіретін күрделі сөздері. Мысалы: белбеу (бел + бау), баспасөз (баспа + сөз), өнеркәсіп, тоқсан.

1) Тұлғалары сақталатын біріккен сөздер

Бұл түрінде құрамындағы түбірлердің тұлғалары өзгеріссіз сақталады:

  • түйеқұс (түйе + құс)
  • бұзаубас (бұзау + бас)
  • басмақала (бас + мақала)

2) Тұлғалары өзгеретін біріккен сөздер (кіріккен сөздер)

Бұл түрінде кейбір дыбыстар түсіп қалады немесе өзгеріске ұшырайды. Ғылым тілінде мұндай сөздер кіріккен сөздер деп аталады:

  • биыл = бұл + жыл (л түсіп қалып, дыбыстық өзгеріс болады)

  • жаздыгүні = жаздың + күні (дыбыстар ықпалы арқылы өзгеріске түседі)

  • түрегелді = тұра + жөнелді (дауыстылар жіңішкеріп, кей дыбыстар алмасады)

Біріккен сөздерге жиі жататын атаулар

1) Аң, құс, жәндік, өсімдік атаулары

қосаяқ, тасбақа, егеуқұйрық, жолбарыс, көкқұтан, текесақал, алабота, аққу, итмұрын, саңырауқұлақ, бәйтерек, бәйшешек

2) Географиялық атаулар

Жетіқарақшы, Темірқазық, Ақбозат, Көкбозат, Сарысу, Қызылорда, Әулиеата, Алакөл

3) Кісі аттары

Орынбасар, Сейілбек, Мұхаметжан, Ерасыл, Аманжол, Есенәлі, Бейсенбай

4) Дене мүшелері (анатомиялық атаулар)

асқазан, тоқішек, ұлтабар, мойыномыртқа, сегізкөз, тазқарын

5) Ауру, ойын, ән-күй, өлең атаулары

алаөкпе, көкжөтел, қарасан; алтыбақан, ақсүйек, доптаяқ, орынсатпақ; Сарыжайлау, Сарыарқа, Қароторғай, Кісенашқан

6) Қоғамдық өмір және тұрмысқа қатысты атаулар

баспасөз, қолбасшы, кәсіпорын, шекара, еңбеккүн, отағасы, ақсақал

7) Мезгілге байланысты атаулар

биыл, бүгін, қыстыгүні, жазғытұрым, күздігүні

8) Белгісіздік, болымсыздық мәндегі атаулар

ешкім, ештеңе, қайсыбіреу, әлдекім, әрқайсысы, ешқашан, кейбір, әрбіреу, әлдеқашан

Осы мысалдарды талдау арқылы оқушылар біріккен сөздердің жасалу жолын түсінеді және жаңа сөздерді дұрыс жазуға дағдыланады.