Үшінші керемет

Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қарабұлақ орта мектебі ММ

География пәнінің мұғалімі: Тлегенова Аңсаған Бурхатқызы

«Білім — уақыт еншісінде» атты зияткерлік сайыс

Мақсаты

  • Білімділік: оқушылардың экономикалық және стратегиялық ойлау қабілеттерін қалыптастыру; географиядан алған білімдерін еске түсіріп, тиянақтау.
  • Дамытушылық: білімге құштарлығын арттыру; қызықтыру арқылы білімін тереңдету; зияткерлік қабілетін дамыту; сөздік қорын байыту.
  • Тәрбиелілік: отансүйгіштікке, бір-бірін сыйлауға, ұжымшылдыққа тәрбиелеу.

Кіріспе сөз

Қайырлы кеш, құрметті ұстаздар мен білімге құштар жас өрендер! Бүгінгі «Білім — уақыт еншісінде» атты зияткерлік сайысымызға қош келдіңіздер!

Уақыт — адам баласы үшін әрдайым маңызды ұғым. Уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Сайыс барысында уақыттың қадірін тереңірек сезінесіздер. Сондықтан білімдеріңізді уақытқа алдырмай, дәлелдей біліңіздер деген ниетпен сайысымызды бастаймыз.

Ғылымның сырын ұғына,
Шығыңдар білімнің шыңына.
Дарындылық пен тапқырлық
Жеткізеді сіздерді географияның сырына.

Қатысушылар

9, 10, 11-сынып оқушыларынан құралған топтар (ұрандарымен).

Ойын бөлімдері

I. Дүние жүзі елдеріне саяхат

4 минут

Бұл бөлімде тулар бейнеленген 10 ұяшық беріледі. Ұяшықты таңдау арқылы сұрақтарға жауап беріп, тиісті елді картадан көрсетесіздер.

Шарт

  • 3 топқа дайындалуға 2 минут беріледі.
  • Уақыт аяқталған соң топ мүшелері сөйлеспей, қорғаушы топтың жауабын мұқият тыңдайды.
  • Тыңдамай, тәртіп бұзылған жағдайда ұпай шегеріледі.

Тақырыптық тізім

Төмендегі тұлғалар сайыс сұрақтарында кездесуі мүмкін (елдерді тануға көмектеседі):

Швейцария

Президенті: Дидье Буркхальтер

Қырғызстан

Президенті: Алмазбек Атамбаев

Ресей

Президенті: Владимир Путин

Қытай

Төрағасы: Ху Цзиньтао

Франция

Президенті: Франсуа Олланд

Италия

Президенті: Джорджо Наполитано

Ұлыбритания

Патшайымы: Елизавета II

Испания

Премьер-министрі: Мариано Рахой

Өзбекстан

Президенті: Ислам Каримов

Грузия

Президенті: Михаил Саакашвили

II. Әлемнің жеті кереметі

3 минут

1) Хеопс пирамидасы

Египет астанасы Каирден оңтүстікке қарай ақшаңқан және сарғылт таулар тәрізді болып қатарласа шөгіп жатқан төбелер көрінеді. Бұл — биіктігі шамамен 147 метр болатын, біздің заманымызға дейінгі XXVIII ғасырда (шамамен 5 мың жыл бұрын) салынған алып пирамида. Оған жақын жерде Хефрен пирамидасы орналасқан. Ал адам басы бейнесі мен арыстан денесі үйлескен әйгілі мүсін — Сфинкс. Ол данышпандық пен айбаттың символы ретінде танылған.

Жауап Хеопс пирамидасы

2) Семирамида аспалы бағы

Бұл керемет Ежелгі Шығыстың ең үлкен әрі дәулетті қалаларының бірі — Вавилонда болған. Аңыз бойынша, бақ біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда Навуходоносор патшаның жарлығымен салынған. Сарай алты қабатты үйдің биіктігіндей қолдан көтерілген жасанды алаң үстіне орналастырылып, жүздеген құл орасан зор шығырларды күні-түні айналдырып, Ефрат өзенінен су жеткізіп отырған.

Жауап Семирамида аспалы бағы

3) Артемиданың ғибадатханасы

Бұл керемет кілең мәрмәр тастан 120 жыл бойы салынып, біздің заманымызға дейінгі шамамен 550 жылдары аяқталған. Ғибадатхана ерекше әсемдігімен және ішіндегі бағалы қазыналарымен даңқы бүкіл әлемге тараған. Алайда біздің заманымызға дейінгі 356 жылы Герострат есімді адам «аты шықсын» деген ниетпен ғибадатхананы өртеп жібереді. Содан бері оның есімі мағынасыз зиянкестік пен атаққұмарлықтың символына айналған.

Жауап Артемиданың ғибадатханасы

4) Зевс мүсіні

Грецияның оңтүстігіндегі Олимпия қаласында — Олимпиада ойындарының орталығында — Зевске арналған ғибадатханада алып мүсін тұрған. Оны біздің заманымызға дейінгі V ғасырда ұлы мүсінші Фидий жасаған. Биіктігі 14 метрге жуық мүсін піл сүйегінен, қара еменнен, асыл тастармен көмкерілген алтыннан жасалып, айрықша сән-салтанатымен таңғалдырған. Зевстің бейнесінен бір мезетте сұстылық та, мейірім де байқалған деседі.

Жауап Зевс мүсіні

5) Галикарнас мавзолейі

Кіші Азиядағы Карий патшалығының астанасы — Галикарнаста (қазіргі Түркияның Бодрум қаласы) бесінші керемет саналатын Мавсол патшаның мавзолейі болған. Оны біздің заманымызға дейінгі IV ғасырдың орта шенінде патшаның жесірі, патша ханым Артемисия салдырған. Ақ мәрмәр тастан жасалған тұғыр мен бедерлі белдеу, бағаналар тізбегі және сүйірлене келген төбе құрылыстың айбатын арттырған. Төбесінің ұшар басында төрт арғымақ жегілген екі доңғалақты күймеге мінген Мавсол мен Артемисияның мүсіндері орналасқан. Бұл ескерткіштің кейбір мүсіндері мен әшекейлері бүгінгі таңда Лондондағы Британ музейінде сақтаулы. «Мавзолей» атауы да Мавсол есімімен байланысты қалыптасқан.

Жауап Галикарнас мавзолейі