Таңбалы тастар жайлы әңгімелеу
Сабақтың тақырыбы: Таңбалы тастар
Сабақтың мақсаты
Таңбалы тастар туралы әңгімелеу, олардың бейнелік тілін музыка және заманауи өнермен байланыстыра түсіндіру.
Сабақ түрі
Жаңа сабақты меңгерту.
Әдістер
- Әңгімелеу
- Сұрақ-жауап
- Бейнелеу
- Талдау
- Салыстыру
Көрнекіліктер
- Интерактивті тақта
- Тақырыптық слайдтар
- Сәуле және Әлібай Бапановтардың жұмыстары
Пәнаралық байланыс
- Әдебиет
- Бейнелеу өнері
- Ежелгі Қазақстан тарихы
Оқыту нәтижелері
Білімділік
Қазіргі заманауи сурет өнерінде көне образдардың орны туралы түсінік қалыптастыру.
Дамытушылық
«Отырар сазы» оркестрінің орындауындағы Сүгірдің «Боз інгеннің бүлкілі» күйін тыңдап, мазмұнын талдау; музыка образын бейнелеу өнерімен салыстыра аша білу; музыкалық сауаттылықты дамыту.
Тәрбиелік
Ұлттық өнердің қадір-қасиетін түсінуге және дәріптеуге тәрбиелеу.
Сабақ барысы
I. Қызығушылықты ояту
- Әндетіп амандасу.
- Психологиялық тренинг.
-
Ой қозғау.
Интерактивті тақтадан түрлі тастардың суреттері көрсетіледі. Оқушылардың ойы төмендегі сұрақтар арқылы тыңдалады:
- Бұл суреттер туралы не айта аласыңдар?
- Бұл суреттер нені білдіреді?
II. Мағынаны тану
1) Таңбалы тастар туралы
Таңбалы тастардағы бейнелер — ғасырлар қойнауынан жеткен өнердің ең көне түрлерінің бірі. Ерте дәуір аңшылары тас бетіне арқар мен бұқаны, жылқы мен құланды, бұғы мен түйені бейнелеген.
Уақыт өте келе суреттердің мазмұны күрделене түсті: ғұрыптық билер, қолына қару ұстаған аңшылар, жауынгерлердің шайқасы, атқа мінген жасақшылар, сондай-ақ күн басты тәңір бейнелері тасқа қашалып қалды.
Алғашында сурет салу үшін тас қолданылса, кейіннен темірден жасалған арнайы құралдар пайдаланылған.
Таңбалы тастардағы бейнелер — жай ғана сурет емес. Олар адамдар үшін киелі саналған жануарларды, өмір құбылыстарын және дүниетанымдық түсініктерді ишаралайтын символдық көріністер.
Ежелгі бейнелер, аңыз-күйлер және әдет-ғұрыптар ғасырдан ғасырға жалғасып, бүгінгі күні төл мәдени мұрамыз ретінде сақталып отыр. Қазір де таңбалы тастар кездесетін таулар қасиетті орындар ретінде құрметтеледі.
Ғасырлар өте келе музыка, поэзия, сурет және сәулет өнері дербес салаларға бөлінді. Дегенмен қазіргі суретшілер көне туындылардың терең сырын түсінуге талпынып, олардың сюжеттік желісін қайта пайымдап келеді.
2) Біліп ал: Сәуле және Әлібай Бапановтар
Әлібай Бапанов (1953) және Сәуле Бапанова (1956) Қызылорда облысында дүниеге келген. Олардың шығармашылығындағы негізгі бағыт — гобелен өнері.
Суретшілер өз жұмыстарында қазақ халқының сан ғасырлық дәстүріне тән алаша тоқу өнерін негізге алып, ұлттық бейнелеу тілін заманауи композициямен ұштастырды.
Бапановтардың гобелендері Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де кеңінен танылған. Олардың туындылары Қазақстан, Ресей, Украина, Қытай, Түркия, Польша және Франция мұражайларында сақтаулы.
Сәуле және Әлібай Бапановтар таңбалы тастағы түйе бейнесін заманауи гобелендерінде өте ұтымды қолдана білді. Түйе — көшпелі өмір салтының символы. Суретшілер өмірдің үш жолын түспен белгілейді:
- сары — көшпелілердің көне жолы;
- көк — өмір ағымы;
- жасыл — адамның өмір жолы.
Ал түйенің өзі көк пен жерді, өткен мен бүгінді жалғап тұрған алып тау іспетті. Осылайша, көне таңба жаңа мазмұнға ие болады.
Түсініп ал
Гобелен — жібек жіптен немесе жүннен тоқылып жасалатын кілемнің көркем түрі.
3) Музыка тыңдау: Сүгір — «Боз інгеннің бүлкілі»
«Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің орындауында Сүгірдің «Боз інгеннің бүлкілі» күйін тыңдаймыз.
Қасиетті Қаратаудан шыққан әйгілі Сүгір күйші түйе образын күйлерінің тілімен бейнелеген. Түйе бейнесі көне заманнан-ақ көптеген күйлерге арқау болды.
Мәңгілік өмір іздеп дүниені шарлаған Қорқыттың Желмаясы, ботасын іздеп боздаған «Нар идірген» секілді аңыз-күйлер Сүгірдің бұл күйінің тууына себеп болғандай.
Күйді тыңдағанда ырғақтан түйенің желісін, ал әуеннен оның жұмсақ та байыпты жүрісін елестеткендей боласың. Шығарма түйенің қимылын ғана бейнелемей, көңілдің мұңы мен шерін де толғағандай әсер қалдырады.
4) Білесің бе?
Қазақстан аумағында таңбалы тастардағы 140-қа жуық бейне кешені сақталған.
XIX ғасырда Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда ең ірі таңбалы тастар табылды. XX ғасырдың орта тұсында Шығыс Қазақстанда, Қаратау мен Тарбағатай өңірлерінде жаңа ескерткіштер анықталып, мәліметтер толықты.
Бүгінде Ертіс пен Балқаш бойындағы, сондай-ақ Маңғыстау мен Ұлытаудағы көне мәдениет ескерткіштері ғалымдар тарапынан жүйелі зерттеліп келеді.
5) Дауыс жаттығулары және ән айту
Дауыс жаттығулары орындалады.
С. Сейфуллиннің сөзі мен әніне жазылған «Тау ішінде» әні үйретіледі:
- Ән мәтіні таратылады.
- Үнтаспадан тыңдалады.
- Мазмұны талданып, характері анықталады.
- Хормен үйретіледі, топқа бөліп орындалады.
- Жеке оқушыларға орындату.
- Аспаппен бекітілген соң, минусовкамен орындау.
III. Ой толғаныс
Бүгін біз өнердің үш қырын қарастырдық: таңбалы тастардағы бейнелер, гобелен өнері және күй. Енді осы үш өнер түрін не байланыстыратынын талқылаймыз.
Талқылауға арналған сұрақтар
- Қазақтардың тұрмыс-тіршілігінде түйе қандай қызмет атқарды?
- Ежелгі аңшылар таңбалы тастарда нені бейнелеген?
- Бапановтардың гобеленіндегі бейнелер қандай мазмұн береді?
- Түйеге арналған қандай күй-аңыздарды білесің?
IV. Бағалау
Оқушылардың сабаққа қатысуы, талдауға араласуы, тыңдау тапсырмаларын орындауы және ән айтудағы белсенділігі ескеріледі.
V. Үй тапсырмасы
- «Таңбалы тастар сыр шертеді» тақырыбын оқып келу.
- Түйе бейнесіне байланысты өз шығармашылығыңды (сурет, шағын мәтін, композиция) ұсыну.