Қоршаған ортаның ластануы

Сабақ тақырыбы

Табиғи ортаның ластануы. Сөйлем мүшелерін қайталау.

Бұл сабақ қоршаған ортаның қазіргі экологиялық ахуалын талдауға және қазақ тіліндегі сөйлем мүшелері бойынша білімді жүйелеуге бағытталған.

Сабақ түрі

Жаңа сабақты меңгерту

Пәнаралық байланыс

Жаратылыстану, төтенше жағдайларда қорғау, орыс тілі

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Білімділік

  • Табиғи ортаның қазіргі экологиялық жағдайы мен сапасы туралы мәлімет беру.
  • Табиғи ресурстарды игерудегі қателіктерді, ластағыштардың пайда болу үдерістерін түсіндіру.
  • Табиғи және жасанды ластану көздері мен түрлері туралы түсінік қалыптастыру.
  • Сөйлем мүшелері тақырыбын қайталау, еске түсіру, білімді пысықтау.

Дамытушылық

  • Өткен сабақпен сабақтастыра отырып, ойлау дағдысын дамыту.
  • Әр студенттің ой-қиялына еркіндік беріп, ойын тұжырымдауға үйрету.
  • Шығармашылықпен жұмыс істеуге жұмылдыру, белсенділігін арттыру.

Тәрбиелік

  • Өз бетінше жұмыс істеуге тәрбиелеу.
  • Бірін-бірі тыңдап, өз ойын нақты жеткізу мәдениетін қалыптастыру.
  • Алған білімді іс жүзінде қолдануға бағыттау.

Нақты міндеттер

  • Қоршаған орта сапасын және ластанудың салдарын меңгеру, қорғау шараларын үйрену.
  • Сын тұрғысынан ойлау: мәтінді түсініп оқу, талдау.
  • Топтық жұмыс: зерттеу, анықтау, талдау, түсіндіру, қорытындылау.

Құрал-жабдықтар мен әдістер

Көрнекіліктер

Интерактивті тақта Слайд топтамасы Сюжетті суреттер Тірек сөздер Деңгейлік тапсырмалар Сөздіктер

Сабақ әдістері

  • Сұрақ-жауап, диалог құру
  • Топпен жұмыс, зерттеу
  • Шығармашылық жұмыс, ізденіс
  • Ситуациялық тапсырмалар
  • Салыстыра отырып дәлелдеу
  • Деңгейлік тапсырмалар арқылы ойлану

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Студенттермен сәлемдесу.
  • Көңіл күйіне назар аудару, жұмысқа бағыттау.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Студенттердің назарын үй тапсырмасына аудару үшін төмендегі сұрақтар қойылады:

  1. Қазақстанда Экология және табиғатты пайдалану жөніндегі мемлекеттік комитет қашан құрылды?
  2. Республика тарихында тұңғыш рет «Қоршаған ортаны қорғау туралы» Заң қашан қабылданды?
  3. 1991 жылғы 9 қыркүйекте Экология және табиғатты пайдалану жөніндегі мемлекеттік комитет туралы Ережені кімдер қабылдады?

III. Жаңа сабақ

Эпиграф

Адамдардың табиғатсыз күні жоқ,
Табиғаттың оны айтуға тілі жоқ.

Эпиграф студенттердің ойларын жинақтап, сабақтағы белсенді еңбекке жұмылдырады.

Кәсіби салаға байланысты тілдесім

«Туған жердің қара тасын мақтан ете алмаған азамат, бөгде жердің алтын тасын да мақтап жарытпақ емес», — демекші, қоршаған ортаның ластану деңгейінің күннен-күнге артуы мен химиялық қосылыстардың бақылаусыз қолданылуы бүгінде барша адамды алаңдататын өзекті, күрделі мәселе. Өйткені адамның өмірі табиғатпен тікелей сабақтас. Сондықтан Табиғат-Ана алдында әркім өзінің перзенттік борышын ұмытпауы тиіс.

Проблемалық сұрақтар

  1. Экология дегеніміз не?
  2. Табиғатты қорғау үшін қандай шаралар қажет?
  3. Табиғи орта не себептен ластанады?

Қызығушылықты ояту: «Кубизм» стратегиясы

1) Салыстырыңыз

Тұрлаулы мүшелер мен тұрлаусыз мүшелерді салыстырыңыз.

2) Талқылаңыз

Тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелер дегеніміз не? Түрлерін атаңыз.

3) Ажыратыңыз

Екі топтың түрлерін ажыратып көрсетіңіз.

4) Мысал келтіріңіз

Тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелерге мысал келтіріңіз.

5) Қолданыңыз

Тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелерді пайдаланып, төмендегі сөз тіркестерімен сөйлем құраңыз:

экологиялық мәселелер орман өрті ауаның ластануы ауыз су мәселесі

6) Зерттеңіз

Тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелер түрлерінің ерекшеліктеріне тоқталыңыз.

Видеофильм

«Адам мен табиғат» тақырыбындағы бейнематериал көрсетіледі.

Мағынаны ашу: Блум таксономиясы және жаңа сөздер

«Қоржындағы сөздер» әдісі арқылы терминдер беріліп, алдымен сөз тіркесі, кейін сөйлем құралады.

шоғырлану

скапливаться

ақыр соңында

в конце

қалдық

остаток

жойқын

сокрушительный

апат

авария

зардап

последствие

Мәтінмен жұмыс және деңгейлік тапсырмалар

Мәтін оқылып, соның негізінде деңгейлік сұрақтар (оңай, орташа, жоғары) әзірленеді. Тапсырмалар топтарға бөлініп беріледі:

I топ

Қоршаған ортаның ластануы

II топ

Адам денсаулығына зиян келтіретін факторлар

III топ

Табиғи ресурстар жай-күйінің есебі

Табиғи ортаның ластануы

Адамның шаруашылық әрекеті қоршаған ортаның шамадан тыс ластануына алып келеді. Атмосфера мен гидросфераның өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы қалдықтарымен ластануы, Дүниежүзілік мұхиттың мұнаймен бүлінуі, топырақ қабатында ауыр металдар мен улы заттардың шоғырлануы, тұрмыстық қалдықтар көлемінің артуы ақыр соңында адам денсаулығына қауіп төндіреді.

Ең лас өнеркәсіп салаларына тау-кен өндірісі, құрылыс материалдарын өндіру мен өңдеу, химия өнеркәсібі, целлюлоза-қағаз өнеркәсібі жатады.

БҰҰ-ның ғаламдық экологиялық мониторинг жүйесі деректеріне сәйкес, өзендердің нитраттармен, фосфаттармен, пестицидтермен және қалдық сулармен ластануы күшейіп келеді.

Ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану да қоршаған ортаға өзіндік қауіп-қатер төндіреді. 1986 жылдың сәуірінде Чернобыль АЭС-інде болған жойқын апаттың зардаптары әлі күнге дейін сезіледі. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің қызметі атом энергетикасын экологиялық қауіпсіз әрі экономикалық тиімді салаға айналдыруға бағытталған.

Сауатты жазуға үйренеміз

Ел мен жер, оның көгілдір орманы мен мөлдір көлдері, байтақ даласы мен асқар таулары — біздің басты байлығымыз... Жер, су, ауа — адам баласына ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан мол қазына. Міне, осы қазынаны аға ұрпақ та, жас ұрпақ та көз қарашығындай сақтап, ел игілігіне жұмсауы қажет.
— Ыбырай Жақаев

Кәсіби бағыттағы тапсырма

Төмендегі сұрақтарға сүйеніп, өз мамандығыңыз туралы шағын мәтін құрастырыңыз:

  1. Сіз қай саланың маманысыз?
  2. Мамандығыңыздың қиындығы мен қызығы қандай?
  3. Өз салаңызда білікті маман болу үшін не істеу керек?

Шығармашылық жұмыс: «Айтысу»

Табиғат туралы өлең, жыр, мақал-мәтелдер айтып, ортаға салу.

Сұхбатты жалғастырыңыз

— Сізді еліміздегі экология мәселесі алаңдата ма?

— Әрине, алаңдатады...

Топтық жұмыс: тірек сөздер арқылы әңгімелеу

Әр топқа тірек сөздер беріледі. Сол сөздерге сүйеніп, өз тақырыптары бойынша әңгімелейді:

I топ

Табиғатта бәрі өзара байланыста

II топ

Адам — табиғаттың қорғаушысы

IV. Қорытынды

Біздің еліміз табиғат берген байлыққа кенде емес. Сол байлықтың иесі — бүгінгі жас ұрпақ. Табиғатымызды, қазынамызды сақтап, келешекке аманат ету — әр азаматтың борышы.

Сабақты аяқтайтын жыр жолдары

Ей, табиғат, шеберсің-ау, шеберсің,
Көрмегенді көрсетерсің, берерсің.
Ұлан-ғайыр бұлағыңды місе етпей,
Ашкөзденген адамдарға не дерсің!

Айың — анау. Күнің — анау. Жерің — мынау.
Ау, адамдар, жетпей жатыр енді не?
Табиғатқа таласпаңдар, ағайын,
Асырайды ол сені, мені, елді де!
— Мұқағали Мақатаев

Сабақ осы тұста аяқталады. Белсенді қатысқандарыңызға рахмет.

V. Үй тапсырмасы

«Табиғатқа аялы көзқарас» тақырыбында эссе жазу.

VI. Бағалау

Сабақ барысында белсенділік танытқан студенттердің білімі бағаланады.