Баланы бесікке салу

Тағдыры тарих — тал бесік

Мақсаты

Оқушыларды халқымыздың рухани байлығын игеруге, ұлттық озық дәстүрден үлгі алуға баулу.

Тәрбиелік мәні

Халқымыздың салт-дәстүр мәдениетін, өзіндік үлгі-өнегесін балалар бойына сіңіру. Көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздан қалған қасиетті бесіктің бала өміріне пайдалы екенін ұғындыру.

Көрнекілігі

  • Плакаттар
  • Қуыршақ
  • Бала жататын бесік және оның жабдықтары
  • Қап, жеті түрлі киім
  • Магнитофон
  • Проектор

Бесік туралы ұғым

Жүргізуші: Бесік — көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздан қалған қасиетті мұра. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөз бар. Ол тегін айтылмаған.

Бесік — ұлттық өнеріміздің туындысы, салтымыздың жұрнағы, ұлттық тәрбиенің құралы. Көшіп-қонған халқымыздың ғасырлар бойғы тәжірибесінен туған, уақыт сынынан сүрінбей өткен киелі бесіктің өзіндік ерекшелігі, тұрмысқа бейімділігі, бала өміріне пайдалығы орасан зор.

Жасалу ерекшелігі

Бесіктің ең қарапайым түрі қайың, тал секілді оңай иілетін әрі жеңіл ағаштан жасалады.

Құрамы

Бесіктің құрамы 15 бөліктен тұрады (интерактивті тақтадан көрсетіледі):

  • 1 бел ағаш
  • 2 бөген
  • 4 жақтау
  • 4 шабақ
  • 2 сабау
  • 2 жорға

Халық: «Дұрыс бөленіп, бесік көрген баланың дені сау, тәрбиесі түзу болады» дейді. Сондықтан баланы бесікке бөлеудің мәні айрықша.

Өлең-жырмен өрілген салтанат

Күй

«Отырар соңы»

Оқушылардың жыр жолдары

1-оқушы: Той дегенде демей ме? Домалайды қу бастар.
Айтшы бірақ, жаным-ау, ұлан-асыр бұл не той?

2-оқушы: Қарап алшы, інім, айналаңа бүгін.
Ұмытылмас мәңгі осы туған үйің.

3-оқушы: Бақыт құсы қонған, құтты тойлар болған.
Атаң атан сойған осы алтын ордаң.

4-оқушы: Кіндік қаны тамған, анаң жөргек жайған.
Осы ыстық ұяң — оты шалқып жанған.

Көрініс: ақсақалдың батасы және ат қою

Ақсақалды қария келеді. Ойнап жүрген балалар жамырай жүгіріп шығады.

Балалар: Ассалаумағалейкум, ата!

Атай: Уағалейкумассалам! Тойларың тойға ұлассын! Тойларың құтты болсын!

Балалар: Айтқаныңыз келсін.

Атай: Баланы әкеліңдер, ат қойып берейін.

Абай, Жамбыл, Сәкендей — ақын болар ма екенсің?
Қажымұқан атаңдай — батыр болар ма екенсің?
Құрманғазы, Динадай — күйші болар ма екенсің?
Мың бұралып Шарадай — биші болар ма екенсің?
Тағы саған не дейін? Үмітіме сенейін.
Елің сүйер ер болшы, үстем болсын мерейің.

Атай: Сенің атың — Ертуған!
(Құлағына үш рет қайталайды.)

Сенің атың — Ертуған, барша жұртқа мәлім.
Бердім бақыт атын — сен де азаматсың енді.

Ән: «Ата дәстүрлері»

Бесікке салу: дәстүрдің реті

Жүргізуші: Әдетте жаңа туған нәрестенің кіндігі бір аптаның ішінде түседі. Кіндігі түскен күннен бастап баланы бесікке бөлейді. Сол күні көрші-қолаң, ағайын-тума, абысын-ажындар жиналып, мал сойып, «Бесік шашу» береді.

1) Аластау

Бесікті ортаға іліп қойып, адыраспан секілді хош иісті өсімдіктермен немесе қыздырылған көсеумен үш жерінен түтін шығарып аластайды.

Алас, алас, иесі келді — пәле қаш!
Алас, алас, бәледен алас.
Көзi жаманның көзінен алас,
Тілі жаманның тілегінен алас.

2) Жабдықтарын әзірлеу

Нәрестені бесікке бөлеуді ауылдың үлкен, өнегелі әжесі атқарады. Ол керек-жарақты ретімен әзірлейді:

  • жөргек
  • жастық
  • қол бау
  • аяқ бау
  • түбек
  • шүмек

3) «Тыштырма» және ырым

Баланы бесікке салмас бұрын түбектен «тыштырма» өткізеді: тәтті-дәмді таратылып, кейін шашу етіп шашылады. Бөлеу аяқталған соң, бала үстіне жеті түрлі киім жабылады. Соның бірі — қап (ұйқысы қалың болсын деген ырым).

Дәстүрдің мәні

Бесік — қасиетті, киелі, құтты мүлік; сәбидің алтын ұясы. Жаңа туған баланы бесікке салу — халқымыздағы елеулі дәстүрдің бірі. Бұл рәсім ел ішінде тәрбиелі, өнегелі әжелерге тапсырылады. Олар бесікті отпен аластап, «тыштырма» жасап, баланы бесікке бөлейді және кәделі сый беріледі. Осындай қуаныш үстінде бесік жыры айтылады.

Бесік жыры

Тілекке толы жыр

Айыр қалпақ киісіп, ақырып жауға тиісіп —
Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарың майысып, түрлі ою ойысып —
Шебер болар ма екенсің?

Таңдайларың тақылдап, сөзіңді жұрт мақұлдап —
Шешен болар ма екенсің?

Оқушылардың жолдары

4-оқушы: Қойға ерте сайлап, басына үкі байлап.
Жат алаңсыз аунап, ақ бесікке әйбат.

5-оқушы: Ақ бесікке сенің алғаш тиді белің.
Кетпестей болып кейін, ұйықтады бесік жел қайықша тербеп.

6-оқушы: Жігіт болып өс жылдам, өмірге жассың — сен керек.
Бесігің балғын, толған нұр, ұйықта, бөбек — жас қазақ.

7-оқушы: Перзентім деп алаңдап, Отан-анаң бар.
Орман, тауың, көлің бар, ұлан-байтақ далаң бар.

Хормен: Ана сүтін ақтаймыз, ата салтын сақтаймыз!

Ән: «Анашым»

Қорытынды ой

Жүргізуші: Бесік — қазақ ұғымында киелі орын. Тұңғыш баласы жатқан бесікке немере, шөбересін бөлеген әжелер өздерін өте бақытты санаған. Ендеше атадан мирас болып келе жатқан әр қазақтың жылы ұясы — бесікті қастерлеп, сақтай білейік.

Дерек

БҚО, Орал қаласы, «Мектептен тыс жұмыс орталығы», «Атамұра» этнографиялық үйірмесінің жетекшісі — Утибаева Дамила Айдыновна.