Жұмбақты шешіп, антоним сөздерді табу

Сабақтың мақсаттары

  • Оқушылардың сөз және оның мағынасы туралы білімін тереңдету, мағынасы қарама-қарсы сөздер жөнінде түсінік беру.
  • Ойлау қабілетін дамыту; сөздік қорды молайту; сөйлеу дағдыларын жетілдіру; зеректікке, ұқыптылыққа, адалдыққа баулу.
  • Көркем жазу арқылы әсемдікті түсінуге тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

II. Психологиялық дайындық

М. Әлімбаев

Көк аспанда күн күлсін,

Бірге күлсін бүлдіршін!

Көк аспанда күн күлсін,

Жерге ұдайы нұр құйсын!

Көк аспанда күн күлсін,

Ұл қолында ту жүрсін,

Қыз қолында гүл жүрсін!

Көк аспанда күн күлсін,

Бірге күлсін бүлдіршін!

III. Үй тапсырмасын тексеру

  • 17-жаттығу: көшіріп жазып, мағынасы жуық сөздердің тиістісін қою арқылы сөйлемдерді толықтыру.
  • 18-жаттығу: жақша ішіндегі сөздердің тиістісін таңдап, сөйлемдерді көшіріп жазу.

Талқылау сұрақтары

  • Жақша ішіндегі сөздер мағынасы жағынан қандай сөздер?
  • Сөз мағынасы дегеніміз не?
  • Біз қандай мағыналы сөздермен таныстық?
  • Омоним дегеніміз не?
  • Синоним дегеніміз не?
  • Көп мағыналы сөздер деп қандай сөздерді айтамыз?

IV. Көркем жазу

Мақал-мәтел

Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен.

Жұптастыру

жақсылық — жамандық

Қорытынды

Бұл — мағынасы қарама-қарсы сөздер.

V. Қызығушылықты ояту

С. Торайғыров

Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе!

Адалдықты көздесең, жаттап оқы көңілге!

VI. Абайдың жұмбағы: қарама-қарсылықты тану

Баяғыдан бері сегіз батыр кезек жығысып келе жатыр. Түбінде қайсысы жеңері әлі белгісіз. Сол сегіз батыр кімдер?

Шешуі (Абай):

Қыс пен жаз, күн мен түн, тақ пен жұп,
Жақсылық пен жамандық — болды сегіз.

Жұптасып тұрған сөздер — мағынасы бір-біріне қарама-қарсы сөздер.

VII. Суретпен жұмыс (мысал жұптар)

Үлкен үй — кішкентай үй

Түзу сызық — қисық сызық

Түн — ай

Қыз бала — ұл бала

Бүршік — гүл

Қосу амалы — азайту амалы

VIII. Сөздік жұмысы

Дәптерді екі бағанаға бөліп, берілген сөздерге антоним табайық.

Аз — көп

Қорқақ — батыр

Таза — лас

Дос — дұшпан

Алыс — жақын

Жас — кәрі

Жарық — қараңғы

Әдепті — әдепсіз

IX. Оқулықпен жұмыс

1) Ақылды іс тындырады, ақымақ тіс сындырады.

2) Жақсы сөзге жан семіреді, жаман сөзден жан қорқады.

3) Ашу — дұшпан, ақыл — дос, ақылыңа ақыл қос.

Қарамен берілген сөздерді жұбымен көшіріп жазып, мағынасы мен дыбысталуын салыстыр: олар мәндес сөздер ме, әлде мағынасы қарама-қарсы сөздер ме?

X. Ой қорыту

Есіңе сақта

Антонимдер синонимдер сияқты тілімізді бай, көркем әрі мазмұнды етеді. Олар әсіресе мақал-мәтелдер мен жұмбақтарда жиі ұшырасады, өйткені қысқа мәтінге терең ой сыйып тұрады.

XI. Рефлексия және бағалау

«Данышпандар кітабы» мәтіні

Біздің өміріміз қарама-қарсылықтан тұрады. Күн мен түннің ауысуы, ыстық пен суықтың болуы табиғи құбылыс. Ал бейбітшілік пен соғыс адамның жақсы немесе жаман әрекетіне байланысты. Адам баласы көңіліне ақылды көп түйсе, білгір болады, ал түймесе — надан. Егер адам өз оңы мен солын кішкентай кезінен осылай таныса, жастық шағы кемелденіп, ардақты кәрілікке жететіні анық.

Тапсырма

Мәтіннен антоним сөздердің жұбын тап.

күн — түн ыстық — суық бейбітшілік — соғыс жақсы — жаман білгір — надан оң — сол жас — кәрі

XII. Сергіту сәті «Керісінше»

Мен қазір деймін көңілсіз,
Ал сіздер деңдер: ________.

Егер мен десем алыс,
Қарсы болыңдар: ________ деп.

Егер мен жұмыс десем,
Айқайлаңдар: ________ деп.

Ал егерде бұл басы десем,
Айтасыңдар: ________ деп.

Тапсырма: өлеңнен мағынасы қарама-қарсы сөздерді тауып, астын сыз.

XIII. Оқулықпен жұмыс: 23-жаттығу

Жұмбақты шешіп, антоним сөздерді тап.

Өзі түзу, ізі қисық бір аттың,
Өшпес ізін бала кезден ұнаттым.
Біреудің бір ұлы бар және қызы,
Біледі ол екеуін дүние жүзі.
Ұйықтайды ұлы түнде, қызы күндіз,
Жүрегінде білінбейді басқан ізі.

XIV. Үй тапсырмасы

Сабақта өтілген тақырып бойынша антоним сөздерден жұптар құрастырып, сөйлем ішінде қолдану.

XV. Шығармашылық тапсырма

Қарама-қарсы мағыналы сөздерді қолданып, төмендегі ойды жаңа мәтінге айналдыр.

  • Мен көптен бері нашар оқушымын.
  • Дәптерімді ұқыпсыз ұстаймын, жазуым лас.
  • Сабақтан кейін үйге көңілсіз қайтамын.
  • Күнделігімді көргенде анам ренжиді.
  • Осының бәрінен шаршап кеттім. Мен басқалардан кеммін бе?
  • Енді мен… (мәтінді жалғастыр)

XVI. Бағалау

Оқушылардың тапсырмаларды орындауы, жұптық және жеке жұмыстағы белсенділігі, жауаптарының дәлдігі бойынша қорытынды баға қойылады.