Адамның ақылы тілінде, ата
Жадыңда жүрсін жақсы әдет
Сабақтың эпиграфы
«Әр сөзі, әр нақылы бұрынғының — жол сілтері бүгінгінің».
Сабақтың мақсаты
Халқымыздың сан ғасыр бойы жинақтаған баға жетпес қазынасы — бабалардан қалған ұлағатты, ғибратқа толы сөздерді балаларға ұғындырып, сол сөздер арқылы өнеге беру.
Сабақтың міндеттері
- Халық даналығының тағылымдарын бойға сіңіру, тіл дамыту.
- Ұлттық дәстүрді насихаттай отырып, балаларға адамгершілік тәрбие беру.
Сабақ туралы қысқаша
- Түрі
- Факультатив
- Типі
- Таным сабағы
- Әдісі
- Әңгіме-сұхбат, түсіндіру, көрнекі және техникалық құралдар
- Көрнекілігі
- Слайд, таратпа жұмыс материалдары
Кіріспе ой
Сабақтың басында «Аталар сөзі — тәрбие көзі» атты слайд көрсетіледі. Ондағы негізгі ой — ата сөзі мен өмірлік тәжірибе ешбір дүкенде сатылмайтын, сарқылмас қазына екені.
Слайд мәтіні
Атам — кітап, мен дәптер,
Ақыл толы сөзіне
Қызығам да әлбетте,
Көшіремін өзіме.
Еш дүкенде сатылмас,
Тегін кітап — атамыз.
Қанша оқысаң сарқылмас,
Өмір-кітап — атамыз.
Беттері ашық ұдайы,
Оқылатын кітап ол.
Сырын ашып ұдайы,
Тоқылатын кітап ол.
Сұрақтар арқылы ой қозғау
- Слайд мазмұнынан қандай ой түйдіңдер?
- Бүгінгі сабағымыздың өзегі не болуы мүмкін?
- Тақырып пен эпиграф сабақтың идеясына қалай жетелейді?
Ұлттық тәрбиенің өзегі
Әр халықтың өзіне тән ерекшелігі, салт-дәстүрі, діні, тілі бар. Біздің ұлттық тәрбиеміз ананың әлдиі мен ақ сүтінен, атаның қасиетті сөздерінен бастау алады. Сондықтан халқымыздың қадір-қасиетін балауса шақтан бойға дарыту — маңызды міндет.
Ұлттық мәдениетті, инабаттылықты, имандылықты, қайырымдылықты, мейірімділікті, ізеттілікті, меймандостықты және тіл өнерін жас кезден үйрету — өркениетті дәстүріміздің бір арнасы.
Қариялардан, ғұлама ойшылдар мен шешен билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден қалған мұра — болашақ ұрпақты өмірге тәрбиелейтін үлкен мектеп. Тәрбие тамыры халық қазынасында, соның қадір-қасиеті мен бітім-болмысында.
Бүгінгі жас ұрпақ үшін бабалардан жеткен қасиетті сөздермен танысып, олардың мән-мағынасын терең ұғыну — парыз әрі жауапкершілік.
Сабақ құрылымы: 3 бөлім
I бөлім
Қарт ата мен жас жігіттің арасындағы әңгіме түрінде өтеді: қария сауал қояды, жігіт жауап береді, қария ойды толықтырып, түйін жасайды.
II бөлім
Оқушылар қысқа мәтіндермен жұмыс істейді: топтағы әр оқушы таратылған мәтінді кезектесіп оқып, диалог мазмұнын талдайды.
III бөлім
Негізгі ойларды жинақтау, өмірлік мәнін ашу және жеке қорытынды жасау арқылы тәрбиелік мағынаны бекіту.
Үлгі мәтіндер: қарт пен жігіттің сұхбаты
1) Арман туралы
Қарт:
«Арман деген не?»
Жігіт:
«Ата, арман — ақыл-ойдың шындығы. Құс — ұшсам, бала — өссем, қыз — көрікті болсам, жігіт — бақытты болсам, қарт — жүзге жетсем, ұстаз — шәкіртіме үлгі болсам дейді».
Қарт:
«Арманына адаспаған жетеді. Ал қиыс кеткен жанның арманына жетуі қиын. Арманына ақылды жетеді, ал ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді».
2) Бақыт пен ақыл туралы
Қарт:
«Бақытты болу оңай ма?»
Жігіт:
«Ата, жары жақсы болса, бақыты жанында».
Қарт:
«Жоқ, балам, ақыл басында, бақыт жанында болады. Ақыл — адамды азаптан да, мазақтан да құтқарады. Өмірде шын бақытты боламын десең, ақылдылықты үйрен немесе ақылды қызға үйлен».
3) Ақылдың орны туралы
Қарт:
«Адамның ақылы қайда?»
Жігіт:
«Адамның ақылы тілінде, ата».
Қарт:
«Жоқ, балам, тіл — ақылдың айнасы, ақыл — істің пайдасы.
Есіңде болсын: ханның ақылы — тағында, әкімнің ақылы — жанында, ғалымның ақылы — басында, ағаның ақылы — жасында, жігіттің ақылы — жақсылығында, ал ақымақтың ақылы — кім көрінгеннің қалтасында».
Астана қаласы, №45 орта мектеп
Науразбаева Мадина Алтынбековна