Біреу уайымшыл, шаршағыш
Адамдар туралы ойлансам
«Көңіл жабық болса, ашық есіктен не пайда?» — Сәулембай Жұманұлы
Адамдар туралы ойлансам, жер бетінде қанша жан болса, сонша ой, сонша мінез бар екенін сезінемін. Айналаңдағы араласып жүргендердің өзі бір-біріне ұқсамайды.
Кейбір жандар тұйық келеді: қанша сұрақ қойсаң да, мардымды жауап ала алмайсың. Кейбірі бүгін бітірер ісін ертеңге қалдырып, одан кейінге ысырып, шалқасынан жатқан күйіне мәз. Тағы бірі біреу жақсылық етсе ғана көмектеседі; басқаша жағдайда бас сұққысы келмейді.
Біреу өзгенің алған затын, істеген ісін күндеумен әуре. Өзі түк бітірмей тұрып, өзгенің тірлігіне іші тарылып, соған шаршап жүргені қынжылтады. Ал біреу бәріне үлгермек болып асығып-аптығып, өзін ғана білімпаз санап ақыл айтады. Айналасындағыларды асықтырып, берекесін алады.
Енді біреу қиындыққа қарсы тұра алмайтын, төзімсіз болады: басына түскен қайғыға шыдай алмай өзін жоғалтып, мұңын басамын деп ішімдікке де салынып кетеді. Біреу уайымшыл, тез шаршайды — «ананы қайтем, мынаны қайтем» деп жоқ уайымды тауып алады.
Болмашы уайымның өзі қалай үлкейіп кетеді?
Бір күні бір кісі сырттан «енді қайтеміз, ойпырмай…» деп түрі бұзылып кірді. Іштегілердің бәрі әбіржіп қалдық: «ауыр қайғы-қасіретке тап болды ма?» деп ойладық. Сөйтсек, дала суып кеткеніне, қайта-қайта қар жауғанына шыдай алмағаны екен.
Біреу қайсар: айтқанынан қайтпайды. Онымен дауласа да алмайсың — «айттым, бітті» деп отырады. Ешбір сөзіңе көнбейді, ақылыңды тыңдамайды. Біреу шарт-пұрт: сәл нәрсеге найзағайдай шатанып, жұдырығын ала жөнеледі.
Ал біреу ақкөңіл, аңқылдап тұрады. Іштегі ойын жасыра алмайды; қолындағы барын аямай, бере салады. Адамдарды қонақ еткісі, күткісі келіп тұрады. Жылы сөз ести қалса, балаша қуанып, қандай да бір қуанышын «жуып» атап өтуге дайын.
Ең асылы — сабыр мен парасат
Бәрінен де сабырлы да парасатты болып, қажет кезінде әзіл-қалжыңнан да қашпай, өзіңді сергек те іскер сезініп жүргенге не жетсін! Ізгілікті адамның жүзіндегі жылы жымиыс қандай әдемі! Қиындықта еңсең түспей, өзгеге де шуақты пейіліңді арнап, өз биігіңде қала білудің орны бөлек.
Адамдар, сендер бақытты болыңдаршы!