Күз келгенде
Алтын күзім арайлы
Бұл ертеңгіліктің мақсаты — балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятып, қамқорлыққа, мейірімділікке, адамгершілікке, ұйымшылдыққа және табиғатты аялауға тәрбиелеу.
Тәрбиеші
Қайтқан құсты көрдің бе,
Қаптай ұшқан әуелеп?
Күткен күзің келдің бе,
Сыңсып бағың мәуелеп, —
демекші, құрметті қонақтар, балабақша қызметкерлері, сүйікті балалар! Сіздерді сарғайған сағынышқа, сары ала жапыраққа толы; жалын атқан жастыққа, сары алтындай астыққа толы; селт еткізген сезімге, қауын-қарбыз, жүзімге толы; таңы нұрлы жаңбырға, бақшасы әсем ән-жырға толы күз мерекесімен құттықтаймыз!
Шаттық шеңбері
Адал, жақсы ниетпен,
Бар адамға бақ тілеп.
Жарып шыққан жүректен
Сөздің бәрі — ақ тілек.
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші
Алтын арай нұрға бөлеп жүздерді,
Сары алтындай сұлу, көркем күз келді.
Ертеңгілік көрермені — біз бүгін,
Мерекемен құттықтаймыз сіздерді.
2-жүргізуші
Көптен күткен жүздестік — біз күзбенен,
Қош айтысып кетті құстар бізбенен.
Береке, бірлік, ырыс, бақыт тілеймін,
Бүгінгі күн мерекеде сізге мен!
(2-жүргізуші шар лақтырады.)
1-жүргізуші
Жомарт күздің біздерге берерін алып, шашпайық.
2-жүргізуші
Алтын күз тойын сіздерге тамаша әнмен бастайық.
Ән
«Күз келгенде»
Әңгіме және сұрақ-жауап
Тәрбиеші
Жарайсыңдар, балалар!
Сұрақ
Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
Жауап
Қазір жылдың күз мезгілі.
Сұрақ
Күз айларын кім атап бере алады?
Жауап
Күз айлары: қыркүйек, қазан, қараша.
Сұрақ
Күздің қандай ерекшеліктерін білесіңдер?
Жауап
Күнтізбе бойынша күз 1-қыркүйектен басталады. Ал табиғатта күз әртүрлі уақытта байқалады: ағаш жапырақтары кейде ерте, кейде кеш сарғайып түседі.
Күз екі кезеңнен тұрады: бірінші кезең — қоңыр күз, яғни жапырақ түсетін мезгіл; екінші кезең — қоңыр күзден қыс басталғанға дейінгі уақыт.
Күн мен түн теңесетін мезгіл болады: 23-қыркүйек — күн мен түннің теңесу күні. Осыдан кейін түн ұзарып, күн қысқара береді.
Бұл — өсімдіктер мен кейбір жануарлардың қысқы өмірге ауысатын, ал жыл құстарының жылы жаққа ұшып кететін шағы.
Сондай-ақ күз — жеміс-көкөніс пісіп, қамба алтын астыққа толатын берекелі кезең.