Балалардың икемділігін, жылдамдық процестерін дамыту

Атырау облысы, Мақат ауданы • Нұрбөбек бөбекжай–балабақшасы

Психолог: Тайпанова Ақлай Нұрханқызы

Балабақшада ақпараттық технологиялар арқылы балалардың танымдық қабілетін арттыру

«Еліміздің ертеңі — бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында», — деген Н. Ә. Назарбаевтың пікірі қай кезеңде де өзектілігін жоғалтпайды. Ұлттың болашағын айқындайтын сапалы, салауатты, парасатты ұрпақ тәрбиелеу — қоғам алдындағы әрбір тәрбиеші мен ұстаздың басты міндеті.

Елбасының «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты жолдауында еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсету қажеттігі айтылған. Сонымен қатар заңнамалық құжаттарда да ақпараттық технологиялар мен ақпарат таратудың жаңа нысандарына бағытталған мамандандырылған білім беру бағыттарын құру міндеті белгіленген.

2015 жылдың қазан айында «Инновациялық технологиялар білім беру орталығында» «Флипчарт сабақтарды әзірлеудің әдістемелік жолдары» тақырыбында біліктілікті арттыру курсынан өттім. Алған білімімді тәжірибеде қолданып, психологиялық жұмысымды флипчарт арқылы жүйелі түрде жүргізіп келемін.

Флипчартты қолданудың негізгі тиімділіктері

  • Танымдық белсенділікті арттырады.
  • Логикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.
  • Шығармашылықпен жұмыс істеуге жағдай жасайды.
  • Оқу іс-әрекеттерін жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
  • Тәрбиешілерге де, балаларға да түсінікті әрі ыңғайлы құрал ретінде қызмет етеді.

Флипчарт әдісін балабақшада қолдану оқу іс-әрекетінде де, тәрбиелік шараларды өткізуде де нәтижелілікті арттырады. Төменде флипчарт арқылы ұйымдастырылған психологиялық оқу іс-әрекетінің қысқаша үлгісі ұсынылады.

Технологиялық карта (үлгі)

МАД • «Жұлдыздар» тобы

Құралдар: интерактивті тақта, флипчарт

Тақырыбы

«Білгіштер»

Мақсаты

  • Балаларды топтық жұмыс жасауға үйрету.
  • Икемділік пен жылдамдық үдерістерін дамыту.
  • Байланыстырып сөйлеуді дамыту.
  • Зейін, қабылдау, ойлау, естіп-есте сақтау және қиялды дамыту.

I. Мотивациялық-қозғаушы кезең

Балалар, жылы әрі жұмсақ жүрегіміздің жылуын келген қонақтармен бөлісейік. Жарайсыңдар! Орындарыңа отырыңдар.

Тақтаға назар аударайық: бұлт күнді «қамауға» алған екен. Күнді бұлттан құтқарайық.

II. Ұйымдастырушылық-ізденістік кезең (тапсырмалар)

  1. 1) «Ассоциациялар» ойыны

    Ортадағы суретке үйлеспейтін (артық) суретті табыңдар. Флипчартта интерактивті қаламмен артық суретті басқанда ол жасырылып, дұрыс жауап тексеріледі.

  2. 2) Кеңістікті бағдарлау

    Үйдің қай терезесінде қай бала тұратынын есте сақтап, кейін қайта табыңдар (флипчарт әдісімен).

  3. 3) «Суретте неше айырмашылық бар?»

    Суреттерді салыстырып, айырмашылықтарды табыңдар. Одан кейін көзге арналған қысқа жаттығу орындалады.

  4. 4) «Көлеңкесін тап»

    Әр жануардың көлеңкесін тауып, интерактивті қалам көмегімен өз орнына орналастырыңдар.

  5. 5) «Не артық?»

    Артық затты тауып, толық сөйлеммен жауап беріңдер (неге артық екенін дәлелдеңдер).

III. Рефлексиялық-түзетушілік кезең

Бүгін біз күнді бұлттардан құтқардық. Күн сендерге риза болып, алғысын білдіреді. Флипчарттағы аудиожазба арқылы күннің «алғысы» тыңдатылады.

Ескерту: Материалдың толық нұсқасы қажет болған жағдайда жүктеу бөлімі арқылы ұсынылуы мүмкін.