Қалаға саяхат

Сабақ жоспары

Сабақтың барысы

Бұл сабақ саяхат форматына құрылған: оқушылар мәтінмен жұмыс істеп, сөздік қорын кеңейтеді, грамматикалық дағдыларын бекітеді және Астана туралы білімін тереңдетеді.

I

Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу.
  • Оқушыларды түгендеу, келмеу себептерін анықтау.
  • Оқушылардың назарын сабаққа аудару, жұмысқа бейімдеу.
  • Тіл дамыту сәтін өткізу.
II

Өткен материалды еске түсіру және жалпылау

  • Үй тапсырмасын сұрау және тексеру.
  • Өткен тақырыптың меңгерілу деңгейін бақылау.
  • Сөйлеу қабілетін, сөздік қорын байқау.
  • Назар аударатын тұстарды нақтылау.
III

Жаңа сабақты меңгерту: «Қалаға саяхат»

1) Сөздік жұмысы

Оқулықтағы жаңа сөздерді мағынасымен бірге бекіту.

Қазақша Орысша
саяхат путешествие
үлкен қала большой город
мақтан тұтамын горжусь
орталық центр
ғимарат здание
ұлт өкілдері представители наций

2) Мәтінмен жұмыс

Мәтінді оқып, аударып, мазмұнын түсінгеннен кейін сұрақтарға жауап беру.

Біз анамыз екеуіміз Астана қаласына сапар шектік. Бұл — менің үлкен қалаға алғаш рет саяхат жасауым. Анам алдын ала бару және қайту билеттерін сатып алды. Поезбен Астана қаласына да жеттік.

Астананы көргенде, оның әлемдегі ең сұлу қалалардың бірі екеніне көзім жетті. Қала құрылысы қарқынды жүріп жатыр: жаңа тұрғын үйлер мен үлкен ғимараттар көбейіп келеді. Қаланың ортасынан Есіл өзені ағып өтеді.

Маған Астана қаласы өте ұнады. Мен Астана қаласын мақтан тұтамын.

Мәтін бойынша сұрақтар

  1. Анасы екеуі қайда сапар шекті?
  2. Анасы не сатып алды?
  3. Астана қаласына немен жетті?
  4. Астананың қандай қала екеніне көзі жетті?
  5. Астанада нелер көбейіп келе жатыр?
  6. Қаланың ортасынан қандай өзен ағып өтеді?

3) Грамматикалық тапсырмалар

Семантикалық карта, септік жалғаулары және сөйлем құрастыру арқылы грамматикалық білімді бекіту.

2-тапсырма: Берілген сөздерді септеңіз

Септік Сұрақтары Астана Бәйтерек Ғимарат
Атау кім? не? Астана Бәйтерек Ғимарат
Ілік кімнің? ненің? Астананың Бәйтеректің Ғимараттың
Барыс кімге? неге? Астанаға Бәйтерекке Ғимаратқа
Табыс кімді? нені? Астананы Бәйтеректі Ғимаратты
Жатыс кімде? неде? Астанада Бәйтеректе Ғимаратта
Шығыс кімнен? неден? Астанадан Бәйтеректен Ғимараттан
Көмектес кіммен? немен? Астанамен Бәйтерекпен Ғимаратпен

3-тапсырма: Фонетикалық талдау

Берілген сөздердегі дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажыратыңыз.

Сөз Дауысты дыбыстар Дауыссыз дыбыстар
Астана а, а, а с, т, н
Елорда е, о, а л, р, д
Бәйтерек ә, е, е б, й, т, р, к

4-тапсырма: Сөйлемдерді дұрыс құрастырыңыз

Болашағы, зор, Астананың.

Астананың болашағы зор.

Астанада, ғимараттар, ғажайып, зәулім, жатыр, салынып.

Астанада ғажайып, зәулім ғимараттар салынып жатыр.

Ескерткіштері, бар, билердің, Астанада.

Астанада билердің ескерткіштері бар.

Астана, төрінде, Арқаның, орналасқан.

Астана Арқаның төрінде орналасқан.

Қала, жас, сұлу, Астана, ең.

Астана — ең сұлу, жас қала.

5-тапсырма: Тәуелдеу (жекеше, көпше)

«Елорда», «дос», «ел» сөздерін жақтарына қарай тәуелдеңіз.

Жақ Жекеше Көпше
I жақ Менің ______ Біздің ______
II жақ Сенің ______ Сендердің ______
II жақ (сыпайы) Сіздің ______ Сіздердің ______
III жақ Оның ______ Олардың ______

6-тапсырма: Сөз құрамына талдау

Сөздерді түбір, жұрнақ және жалғауларға бөліп талдаңыз.

Сөз Түбір Жұрнақ Көптік жалғау Тәуелдік жалғау Септік жалғау
қалалық қала -лық
мемлекетті мемлекет -ті табыс септік
ғимараттарымен ғимарат -тар -ы (III жақ) -мен (көмектес)
IV

Бекіту: тест тапсырмалары

1) Астана — ... қала:

  • а) көне
  • ә) ескі
  • б) таза
  • в) әсем

2) Астананың бұрынғы аты:

  • а) Ақтөбе
  • ә) Алматы
  • б) Ақмола
  • в) Орал

3) Астана қай өзеннің бойында орналасқан?

  • а) Еділ
  • ә) Қарасу
  • б) Есіл
  • в) Жайық

4) «Астана — столица Казахстана» сөйлемінің аудармасын табыңыз:

  • а) Астана күшті қала
  • ә) Астана — Қазақстанның астанасы
  • б) Астана — Қазақстан қаласы
  • в) Астана жас қала
V

Үй тапсырмасы

  1. Астанадағы «Думан» мәдени-сауық орталығы туралы ақпарат тауып, қысқаша жазып келіңіз.
  2. Астанадағы «Бәйтерек» ескерткіші туралы мәлімет жазып келіңіз.
VI

Бағалау

Оқушылардың мәтін бойынша жауаптары, сөздік жұмысы, грамматикалық тапсырмаларды орындауы және тест нәтижелері негізінде бағаланады.