Тәуелсіздік жыр - шашу

Тақырыбы

Тәуелсіздікті жырлайық

Мақсаты

  • Оқушыларға қазақ халқы бастан өткерген күрделі кезеңдер мен тарихи шежірелер туралы түсінік беру.
  • Ел егемендігі жолында халқына қызмет етіп, жанын қиған батырлардың ерлік істерін дәріптеу.
  • Ел қорғау құндылықтарын насихаттай отырып, патриоттық тәрбие беру.

Көрнекілігі

Батырлардың суреттері Желтоқсан құрбандарының суреттері мен тізімі Желтоқсан оқиғасы жайлы деректі фильм Оқушылардың шығармашылық жұмыстары Плакаттар

Плакаттағы ой:

«Ел қуатты болмай, қуаныш тұрақты болмайды»

Плакаттағы ой:

«Тәуелсіз елдің тұғыры биік»

Бағдарламасы

  1. 1 Тәуелсіздік жыр-шашу
  2. 2 Тәуелсіздік жолындағы күрес
  3. 3 Тәуелсіз Қазақстаным

Барысы

Кіріспе бөлім

Мұғалім: Балалар! Міне, көптен күткен тәуелсіздік мерекесі де келіп жетті. Бұл мереке ерекше: біз тәуелсіздігіміздің мүшел жасқа толуын атап өтпекпіз.

Қазақ халқында мүшел тойдың орны айрықша екенін білесіңдер. Ендеше, тәуелсіздік мерекесіне арналған «Тәуелсіздікті жырлайық» атты концерттік бағдарламамызды бастайық.

I. Негізгі бөлім

Жыр-шашу

1-бастаушы: Құрметті көрермендер! Ендігі кезекте бүгінгі тәуелсіздік мерекесіне арнап ақын ағамыз Тынышбай Рахымның өлеңін оқып береміз.

1-оқушы

Тәуелсіздік атып көкке телпегін, Шаттанған жоқ, мақтанған жоқ ел телпегін. Қазағымның толғайын бір, сомдайын, Өткенін де, бүгінін де, ертеңін.

2-оқушы

Бүгін асқар Алатаудай алыппыз, Атыраудай терең түйсік — парықпыз. Тағдырының тауқыметін арқалап, Талай заман сор қайнаған халықпыз.

3-оқушы

Кең болғанда кем болмауды ойлап біз, Ұлан-байтақ сахараны жайлаппыз. Соғыс жылы мылтық үнін естімей, Бейбіт күнде бомба жарған аймақпыз.

4-оқушы

Кеше нұрлы, бүгін мұңлы даламыз, Өлсек те осы даламызда қаламыз. Ана тілі енді шыққан ұрпақтан Үміт күткен әкеміз бен анамыз.

5-оқушы

Ұлттық намыс бастау көзін ашқан — біз, Халқымызбен, салтымызбен асқармыз. Сексен алты — Желтоқсанды жаңғыртып, «Қазақ!» деген, «Азат!» деген жастарымыз.

6-оқушы

Еңселенген Ақ Ордамыз — бақ-үйіміз, Болашақтан бақыт кейпін танимыз. Алақанын Күнге соза талпынып, Өсіп келе жатқан бейқам сәбиміз.

7-оқушы

Құзырына қол сұқпаймыз көптің біз, Тұнжыраған түн емеспіз, тек Күнбіз. Елдігіміз кең әлемге танылып, Желбіреген аспан түстес Көк Тумыз.

8-оқушы

Талай зұлмат сорды бастан кештік біз, Момын елміз, момын жерде өстік біз. Ақ ниетпен келгенге де, кеткенге Айнымас қолын созған достықпыз.