Сөздердің байланысу түрлеріне жаттығулар
Сабақтың тақырыбы
Сөздердің байланысу түрлеріне арналған жаттығулар.
Сабақтың мақсаты
- Білімділік: сөздердің байланысу түрлері бойынша оқушылардың біліктілігін жинақтау және бекіту.
- Дамытушылық: сөздердің байланысу түрлерін ажырата білуге үйрету.
- Тәрбиелілік: тапқырлыққа, ұшқыр ойлауға, белсенділікке, жан-жақтылыққа, еңбексүйгіштікке және адамгершілік қасиеттерге баулу.
Көрнекілігі
Сызба, тест тапсырмалары, семантикалық карта.
Әдісі
Сұрақ–жауап, түсіндіру, талдау, әңгімелесу.
Сынып
16 оқушы, топтық және жеке жұмыс.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру
Оқушылармен амандасып, қатысымды тексеремін. Үй тапсырмасын тексеруге дайын отыруларын ескертемін.
II. Үй тапсырмасын сұрау
Үйге жанасу тақырыбын оқу және 264-жаттығуды жазбаша орындап, талдап келу тапсырылған. Тапсырманы 2–3 оқушыдан сұраймын, кейін барлық оқушының дәптеріндегі орындалуын тексеремін.
III. Үй тапсырмасын қорытындылау
Оқушылармен бірге жанаса байланысқан сөз тіркесі туралы негізгі тұжырымдарды жинақтап, қысқаша қорытынды жасаймыз.
IV. Білімді пысықтау: сөздердің байланысу түрлері
Қазақ тілінде сөздердің өзара байланысуының бес түрі бар: қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу.
1) Қиысу
Бастауыш пен баяндауыштың жіктік жалғауы арқылы жақ, жекеше/көпше түрінде байланысуы қиысу деп аталады.
Мысал
«Ілияс дүкеннен жүгіріп шықты.» — Ілияс (бастауыш) пен шықты (баяндауыш) III жақта қиысып тұр.
2) Матасу
Ілік септік жалғаулы сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздің байланысуы матасу деп аталады.
Мысал
«Менің әкем Бауыржанның батырлығын, қамқорлығын айтып отырушы еді.» — менің әкем, Бауыржанның батырлығы, Бауыржанның қамқорлығы тіркестері матасып тұр.
3) Меңгеру
Бағыныңқы сөздің атау мен іліктен басқа септік жалғауларының бірін қабылдау не шылау арқылы басыңқы сөзге байланысуы меңгеру деп аталады.
Мысал
«Игілік Қызылжардан бұл жолы да ренжіп қайтып еді.» — Қызылжардан қайтып еді меңгеріле байланысып тұр.
4) Қабысу
Сөздердің қатаң орын тәртібі арқылы қатар тұрып байланысуы қабысу деп аталады.
Мысал
«Отаным десем ойыма айдын шалқар көл түсер…» — айдын шалқар көл тіркесі берік орын тәртібімен байланысқан; орын ауыстырылса, байланыс бұзылады.
5) Жанасу
Бағыныңқы мен басыңқы сыңардың орын талғамай, жақын да, алшақ та тұрып байланысуы жанасу деп аталады.
Мысал
«Биыл ол мектепті бітіреді.» — биыл сөзі бітіреді сөзімен арасына сөз салып та («Ол мектепті биыл бітіреді») байланыса береді.
Бекіту және бағалау
V. Тест тапсырмасы
16 оқушыға тест тапсырмаларын таратып, жауаптарын белгілетемін. Соңында жинап алып, бағалаймын.
VI. Топтық жұмыс
Сыныпты үш топқа бөлемін: «Алғырлар», «Білгірлер», «Зеректер».
1) Мақал-мәтелдер (толықтыру)
Әр топ қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу үлгілері кездесетін мақал-мәтелдерді айтып, көп нүктенің орнын толықтырады.
- Тіл тас жарады, тас жармаса… (бас жарады).
- Бал тамған тілден… (у тамған).
- Тауды, тасты жел бұзар, адамзатты… (сөз бұзар).
- Жақсы сөз — … (жарым ырыс).
- Қаһарлы сөз… (қамал бұзар).
- Шебердің қолы ортақ, шешеннің… (тілі ортақ).
- Жақсы байқап сөйлер, жаман… (шайқап сөйлер).
- Бас кеспек болса да,… (тіл кеспек жоқ).
- Дәлелсіз сөз… (желмен тең).
- Тіл қылыштан… (өткір).
- Піл көтермегенді,… (тіл көтереді).
- Тілден артық… (қазына жоқ).
- Ана сүті бой өсіреді, ана тілі… (ой өсіреді).
- Жыланның уы тісінде, адамның уы… (тілінде).
- Ең ащы да тіл, ең… (тәтті де тіл).
- Өнер алды — … (қызыл тіл).
- Айтылған сөз — … (атылған оқ).
- Жылы-жылы сөйлесең, жылан… (інінен шығады).
- Басқа пәле — … (тілден).
- Білім кілті — … (тіл).
- Тілге құрмет — … (елге құрмет).
2) Семантикалық карта
Сөйлемдердегі сөз тіркестерінің байланысу түрлерін анықтап, семантикалық картаны толтырады.
3) Көп нүктенің орнына қосымшаларды қойып, түрін анықтау
Қабыса байланысқан сөздердің көпшілігі сөйлемде __________ орынға ие болады да, ол орыннан жылжытуды көтере бермейді.
Қабысудың жай және __________ түрі бар. Дара ұғымды сөздің қабыса байланысуы __________ болады. Мысалы: ағаш күрек, екі ешкі, мөлдір су, жалт қарау, т.б.
Қабыса байланысқан сөз тіркесінің бағыныңқы сыңары бірнеше __________ құрылуы мүмкін. Мұны күрделі қабысу дейді. Мысалы: төрт бөлмелі үй.
Сөздердің байланысу ыңғайына қарай қабысу тікелей қабысу және __________ қабысу болып екіге бөлінеді.
Тікелей қабысу
Бағыныңқы сыңардағы әрбір сөз __________ сыңармен өз бетінше байланысуға қабілетті болады. Мысалы: мөлдір таза ауа (мөлдір ауа, таза ауа); ұзын сұлу кірпік (ұзын кірпік, сұлу кірпік); айдалған тегіс жер; тоқал сары сиыр; сүрленген көк жүгері; бұйраланған қою қара шаш; аптығып тез жүру.
Сатылай қабысу
Алдымен екі сөз тіркесіп бір __________ білдіреді де, жігін жазбай келесі сөзбен тіркеседі. Осы тәртіппен бірнеше сөз ұласа ұштасып __________ беруі мүмкін. Мысалы: биік өкше етікті әйел; үш қабат үй; бір тонна көмір; жеті жылдық тәжірибе; ұзын бойлы жігіт; қой көзді бала; тез өнетін тұқым; алтын сырғалы қыз; қылқан жапырақ ағаш.
Тікелей қабысу — қабысудың жай түріне, ал сатылай қабысу — қабысудың __________ түріне жатады.
Тікелей қабысатын бағыныңқы сыңарлардың кейде орындарын ауыстыруға немесе арасына басқа сөз қоюға болады. Сатылай қабысуда олай емес: мұндағы __________ орны тұрақты болады.
Бағыныңқы сөз басыңқы сөзбен қатар тұрады. Мысалы: «Үш қабат үй» ( «қабат үш үй» деуге болмайды).
4) Сөзжұмбақ
«БАЙЛАНЫС» сөзжұмбағын шешу.
Кілт сөз
Б А Й Л А Н Ы С
5) Оқулықпен жұмыс
266-жаттығу: мәтіннен сөз тіркестерін теріп жазып, байланысу түріне қарай талдау.
6) Шағын ойтолғау
«Тәуелсіз елдің ұланымын» тақырыбында ойтолғау жазу. Мәтін ішінде сөздердің байланысу түрлері кездесуі керек. Дайын жұмыстарын топ болып қорғау.
7) Қорытынды және бағалау
Сабақты қорытындылап, ұпайы жоғары топтың мүшелерін бағалаймын. Бағалау парақшалары арқылы жұмыстарды салыстырып, белсенді топты марапаттаймын, өзге топтарды ынталандырамын.
VII. Үй тапсырмасы
- Сөздердің байланысу түрлерін қайталау.
- 267-жаттығу: жазып орындау және талдау.