Мұхтар ШахановТанакөз(поэма)Ізгілікпен ізеттің байлауында, Мама қаздар самғайтын қойнауыңда, Достық атты қазына аралы барСонау Мақсат тауының жайлауында
Мұхтар Шаханов
Танакөз
(поэма)
Ізгілікпен ізеттің байлауында,
Мама қаздар самғайтын қойнауыңда,
Достық атты қазына аралы бар
Сонау Мақсат тауының жайлауында.
Жұрттың бәрі баруға құштар оған,
Құштар бол деп тіпті ешкім қыстамаған,
Өзін мәңгі бақытты санайды екен
Сол аралдан от алып ұшқан адам.
Шаттығы сай болса да тал бойына,
Бұлбұл қонып жатса да таңдайына,
Ол аралды көруді көп адамның
Қатал тағдыр жазбапты маңдайына.
Бірін - бірі күндеумен жылан, қарға.
Үні шықпай жатады бір аңғарда.
Онда жалғыз деген сөз атымен жоқ,
Жеке - дара ұшпайды қырандарда.
Нар талабын салса да қандай жолға,
Тілектес дос пейілдер самғайды алға.
Жүрмейді онда сатқындар, саудагерлер,
Опасыздар, отсыздар болмайды онда.
Асау жылдар толқынын кешкің, мейлі,
Сенім заңы оларда ескірмейді.
Соқпайды онда самалы пенделіктің,
Тиындардың сыңғыры естілмейді.
Алда теңіз, арқада дала барда,
Талабымыз табанды бола ала ма?
Биік ұстап бірліктің ақжелкенін,
Біз де жүзіп барамыз сол аралға.
Намысыңның көйлегін сиялатсаң,
Сияға атар оғыңды ұяға атсаң,
Екеуміз де қираймыз, жүрегіңе
Егер титтей жалғандық ұялатсаң.
Ізгілік пен ізеттің байлауында,
Мама қаздар самғайтын қойнауында,
Достық атты қазына аралы бар
Сонау Мақсат тауының жайлауында.
Алаулаймыз шығысты қақтанындай,
Көзіміз жоқ жататын ақтарылмай.
Сол аралға, арман не, жетіп өлсек,
Тек жете алмай қайтудан сақта, құдай!
Бірінші бөлім
I
Мұрат!
Тағдырына өкпе айтып мұңаймаған,
Құрбы қыздың көзінде нұр ойнаған
Екеумізге ортақ бір бақыт бар деп
Кім ойлаған, ол кезде кім ойлаған?!.
Сен ер жеткен таулы өлкеде мен де ер жеттім, жан досым,
Мен тербеткен бір арманды сен тербеттің, жан досым.
Мен гүл терген тау бөктерін сен де кездің талмастан,
Қарлы шыңдар қол бұлғайтын бізге бөркін алмастан.
Ет асса ағам, көңіл шіркін жоғалтқандай жалқысын,
Саған сақтап қоятынмын бір жіліктің жартысын.
Екеуміз де екі ананың еркесі едік тел өскен,
Ерте есейіп, бақыт күткен арман атты белестен.
Біздің қатал тағдырымыз қалай шебер тоғысқан,
Екеуміздің әкеміз де оралмады соғыстан.
Бір - бірінен жан аяспас дос болыпты олар да.
Дос болыпты. Біздің достық содан өнген болар ма?
Менің әкем жау шебінде жаралы боп қалғанда,
Жан досымды қалай қиып қалдырам деп арманда,
Көкірегін қарша жауған оқ пен отқа қалқалап,
Сенің әкең үш күн бойы алып жүрген арқалап.
Айналасы қалың өлік, қалың орман өрт толған,
Сол орманда екеуі де жау оғынан мерт болған.
Не жетеді келер күнге деген кәусар сенімге,
Екі досты ажырата алмапты ғой өлім де.
Екеуі де көз жұмыпты құшақтасқан қалпында,
Екі өмірдің жалғасы боп біз қалыппыз артында.
Ал анамыз бізді, сірә, көрген емес бөлектеп,
Ауыр күндер өтіп жатты, соғып жатты жел өкпек.
Тірі адамның тіршілігі бітпейді ғой, әрине,
Тұрып жаттық әкемізден қаған мына тар үйде.
Күндер жылжып аға берді, біз білімге бас қойдық,
Он екіден асқан кезде жұртқа еліктеп шаш қойдық.
Міне, солай жігіт болып шыға келдік кекілді,
Бір бақшада жарыса өскен қос бәйтерек секілді.
Күнде - күнде гүл іздеп біз жайсаң, жасыл алаптан,
Қосылып ән айтатынбыз, қайтатынбыз сабақтан.
Кім біледі, бізбен жүрген соры ма, әлде бағы ма,
Ортамызда орта бойлы қыз болатын тағы да.
Көзіне оның көз жетпейтін бұл ауылда тең келер,
Сондықтан да Танакөз деп атайтұғын жеңгелер.
Қуансақ та, қайғырсақ та қасымызда — Танакөз,
Танакөзбен көңілді еді біздің ерке бала кез.
Жол қысқарсын дейміз - дағы жоқтан барды құрай кеп,
Біз екеуміз Танакөзді мазақтаушы ек былай деп:
"Жанарыңнан жас кетпейтін жасық болсаң бағаң не,
Тағы қиын өжет болсаң нарт - қызба.
Сайран байдың танасына көзің тартты амал не?
Енді бірақ ақылыңды тартқызба!"
Толық нұсқасын жүктеу
Ақын Мұхтар Шаханов
М.Шаханов – халқымыздың ұлттық қасиетін қастерлеуші ақын
Төлеген сөз жоқ талант
Мұхтар Шаханов поэзиясының қалыптасуы мен даму жолы
Жұматай Жақыпбаев шығармашылығының көркемдік ерекшеліктері
Төлеген Айбергенов туындыларындағы лиризм
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру
Сұлу сөздің сардары – Сәбит Мұқанов
М. ӘУЕЗОВ ПЬЕСАЛАРЫНДАҒЫ ӨМІР ШЫНДЫҒЫ
Қызметтік хаттың құрылымы
Қабатты гидравликалық жару және ұңғылардың түптік аймаққа әсер ету
Қазақстанның халықаралық экономикалық қатынастардағы орны
Ақтөбе қаласы бойынша салық және басқа да міндетті төлемдердің бюджетке түсуін талдаудың ақпараттық жүйесін тұрғызу
Бас тоғанның негізделуі, Арыс-Түркістан каналын суғару мақсатында пайдалану және су әкету
Халықаралық кедендiк ынтымақтастық және мемлекеттiк экономикалық қауiпсiздiк
Ақша қаражаттарының қоры қаржы қатынастарының материалдық-заттық көрінісі ретінде
Қазақстан республикасының Нидерландымен халықаралық қарым – қатынысы
Объектіден ақпараттың техникалық арналар арқылы сыртқа кетуі және оған қарсы іс-шаралар
Еңбекақыны есептеудегі аудиттің мақсаты мен міндеттері
Арал өңірі қазақтарының ХIХ ғасырдағы Хиуа хандығы мен Ресейге қарсы ұлт – азаттық күресі