Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен жер

Тәуелсіздіктің ақ таңы

Әдеби монтаж ретінде құрастырылған тәрбие сағаты

Мақсаты

Оқушыларға қазақ халқының бастан өткерген қиындықтары мен күресін таныта отырып, Желтоқсанда өмірі мен ерлігі арқылы үлгі болған аға-апалардың өнегесін жеткізу. Олардың есімін қастерлеп, әрдайым жадта сақтауға баулу, туған елдің шынайы патриоты болуға тәрбиелеу.

  • Ел ерлерін мақтан тұту сезімін қалыптастыру.
  • Адамгершілік пен отансүйгіштік қасиеттерін дамыту.

Түрі

Таным сағаты.

Көрнекіліктер

  • Бейнефильм
  • Слайд: «Тәуелсіздіктің ақ таңы»
  • Шарлар мен жалаушалар

Ұйымдастыру сәті

Тақтада «Тәуелсіздіктің ақ таңы» атты слайд көрсетіледі. Оқушылар өлең оқығанда баяу әуен ойнап тұрады.

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Мұғалім тәуелсіздік ұғымына тоқталып, қазақ халқының бостандыққа жету жолын, ел мақтанышы болған батырлар мен қайраткерлердің еңбегін қысқаша баяндайды. Тәуелсіздік күнімен құттықтап, сөз кезегін оқушыларға береді.

Жүргізуші

Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар және ата-аналар! Тәуелсіздігіміздің 22 жылдығына арналған «Тәуелсіздіктің ақ таңы» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер!

Әнұран орындалады

Желтоқсан — тәуелсіздікке бастар жол

1-жүргізуші

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы — Кеңес империясының тоталитарлық режиміне қарсы жасалған тұңғыш ашық қарсылық ретінде тарихта қалды. Қазақтың көк байрағын биік көтеріп, ел екенімізді дәлелдеп, әлемге танылуымызға жол ашқан бұл оқиғаға биыл 27 жыл толып отыр.

2-жүргізуші

«Мен — қазақ, қазақпын деп мақтанамын, ұранға “Алаш” деген атты аламын», — деп азаттықты аңсаған, сол жолда аянбай еңбек еткен Алаш арыстарының көбі қуғын-сүргінге ұшырады. Желтоқсан құрбандары — аға-апаларымыздың ерлігі де мәңгі жадымызда қалмақ.

Оқушылардың тақпақтары

1-оқушы

Қалмады жалын жастық басқа амалы,
Шалқайды империя тас қамалы.
Қазақтың тәуелсіздік алған күні,
Ызғарлы желтоқсаннан басталады.

2-оқушы

Ашу-ыза қайнауының жетті олар шегіне,
Көтерілді бүкіл жастар жалын болар еліне.
1986 боялды жастар қанымен,
Желтоқсанның он алтысы есте қалар жанымен.

3-оқушы

Рысқұлбеков Қайрат еді ереуілдің басында,
Асанқызы Ләззат пен Әлия бар қасында.
Аямады ешқайсысын, ереуілді бастаған,
Қазағымның жастарын ажал отына тастаған.

4-оқушы

Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер…
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен жер.
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып, күзге айналған көктемдер…