Қазақ ұлттық мемлекетті құрылуының тарихи маңызы

Батыс Қазақстан облысы · Сырым ауданы · Жымпиты

Тарих пәні мұғалімі: Ғани Ербол

§ 37

Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайы

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Қазақ хандығының тарихи сахнаға шығуы, іргелі ел болу жолындағы саясаты, өзге хандықтармен дипломатиялық-саяси байланыстары және ішкі тұрақтылықты нығайтудағы жетістіктері туралы түсінік қалыптастыру.

Тәрбиелік

Тұңғыш қазақ мемлекетінің шаңырағын көтеріп, оны нығайтуға зор үлес қосқан қазақ хандарының тарихи қызметін бағалату арқылы оқушыларды ұлттық тарихқа құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Дамытушылық

Сабақ кезеңдерінің өзара байланысын жүйелеу, Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюын бүгінгі тәуелсіздік идеяларымен сабақтастыру.

Сабақтың түрі

Аралас сабақ.

Әдістері

  • Оқулықпен жұмыс
  • Портретпен жұмыс
  • Дәптермен жұмыс
  • Кестемен жұмыс

Пәнаралық байланыс

Әдебиет, география.

Көрнекіліктер

  • Қазақстан Республикасының картасы
  • Қазақ хандықтарының карталары
  • Керей мен Жәнібек сұлтандардың портреттері
  • Тақырыптық кестелер

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу.
  • Оқушыларды түгелдеу.
  • Құрал-жабдықтарын тексеру.
  • Сабаққа назар аударту, дайындық жүргізу.
  • Үй тапсырмасын сұрау.

II. Үй тапсырмасын қорыту (сұрақ–жауап)

1) Алғашқы Қазақ хандығының аумағын картадан көрсет.

Батыс Жетісу; Қозыбасы мен Шу өңірі — алғаш қоныстанған аймақ.

2) Хандық халқының этникалық құрамы қандай ру-тайпалардан тұрды?

Қазақ даласының негізгі тұрғындары: үйсін, қаңлы, қоңырат, қыпшақ, найман, керей, маңғыт және басқа да көптеген тайпалар.

3) Алғашқы Қазақ хандығының көрші елдермен қарым-қатынасы туралы не білесіңдер?

Алғашқы байланыстардың бірі Моғол хандығымен орнады. Керей мен Жәнібек хандар қырғыз халқымен де тату қарым-қатынас жасады.

4) XV ғасырдың басында Әбілқайыр хан кімдерден жеңілді?

Ойраттардан.

5) Қазақ хандығының құрылуы туралы қай тарихшы жазды?

Мұхаммед Хайдар Дулати.

6) Моғолстан ханы кім еді?

Есен-Бұға.

Жаңа сабақтың жоспары

  • Хандықтың басқару ісі
  • Хандықтың ішкі жағдайы
  • Сыртқы саяси жағдай
  • Қазақ ұлттық мемлекеті құрылуының тарихи маңызы

Хандықтың басқару ісі

Жаңадан құрылған Қазақ хандығының тағына Керей мен Жәнібек сұлтандардың екеуінің де отыруға құқығы болды, өйткені олар Шыңғыс хан ұрпағы еді. Дегенмен сол кезеңдегі қалыптасқан дәстүр бойынша хан сайлауда мұрагерлікпен қатар жасының үлкендігі де ескерілетін.

Сондықтан хан тағына алдымен Керей отырды, билік тізгінін қолына алды. Оның ақылдасар тірегі әрі серігі — Жәнібек болды. Жәнібек хан Барақ ханның ұлы, ал Керей хан — Барақ ханның ағасы Болат сұлтанның баласы, яғни екеуі немере туыс.

Негізгі тұжырым

Керей мен Жәнібектің Шу бойындағы Қозыбасыда Орда тігуі көшпелі қазақ тайпаларының «ел боламыз» деген үміт-тілегін іске асырған маңызды тарихи қадам болды.

Керей хан басқару ісін Жәнібекпен кеңесе отырып жүргізіп, хандық биліктің нығаюына ықпал етті.

Хандықтың ішкі жағдайы

XV ғасырдың екінші жартысында Жетісуға шамамен екі жүз мың адамнан тұратын көшпелі тайпалардың жиналуы кең жайылымдық өңірлерді қажет етті. Көшпелі қазақ тайпалары отырықшы егіншілік дамыған аудандармен, қолөнері мен саудасы өркендеген қалалық орталықтармен тікелей байланыс орнатуға ұмтылды.

Әсіресе Сырдария бойындағы қалалармен сауда-саттыққа қолайлы жағдай жасау халық тұрмысындағы өзекті мәселеге айналды. Бұл мәселеге тек көшпелі қауым ғана емес, егіншілік өнімдерін өткізуге мүдделі егіншілер, шикізат (жүн, тері және т.б.) алуға және бұйымдарын сатуға ұмтылған қолөнершілер, сондай-ақ пайда табуды көздеген саудагерлер де мүдделі болды.

Қазақ хандығы қойған негізгі тарихи міндеттер

  1. Дешті Қыпшақ даласында жайылымдарды пайдаланудың бұрыннан қалыптасқан тәртібін қалпына келтіру.
  2. Шығыс пен Батысты жалғаған керуен жолдарының бойындағы Сырдария қалаларын (Сығанақ, Созақ, Отырар, Йасы/Түркістан және т.б.) Қазақ хандығына қаратуды қамтамасыз ету.
  3. Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық аумағын кеңейту.

Сырдария бойындағы қалаларды экономикалық әрі әскери тірекке айналдыру — Дешті Қыпшақ даласын билеудің басты шарты саналды.

Сыртқы саяси жағдай

XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың басында Орта Азия мен Қазақстан аумағында саяси өзгерістер күшейді. Темір әулеті Мұхаммед Шайбани ханмен күресте жеңіліске ұшырады. Моғолстан хандығы бірнеше иеліктерге ыдырай түсті. Шығыс Дешті Қыпшақта Әбілқайыр билігі жойылды.

Бір кездері аймаққа ықпалы зор болған Алтын Орда ыдырап, оның орнына Сібір, Қазан, Астрахан хандықтары сияқты жаңа мемлекеттер қалыптасты.

Маңызды кезең

XV ғасырдың 70-жылдарында қазақ хандары Сырдария бойы мен оған жалғас Қаратау өңірін өз қолына алды. Бұл Қазақ хандығының аумағын кеңейтіп, жан-жақтан қазақ тайпаларының қосылуына жол ашты.

Сыр бойындағы қалалар үшін Мұхаммед Шайбани ханмен болған күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды.

Қазақ ұлттық мемлекеті құрылуының тарихи маңызы

Қазақ мемлекетінің құрылуы бірнеше бағытта шешуші тарихи рөл атқарды.

  • 1) Ұлт болып қалыптасудың аяқталуы

    Бұрын әртүрлі хандықтардың билігінде жүрген ру-тайпалардың қазақ ұлты ретінде қалыптасуы аяқталып, қазақтың этникалық аумағын біріктіру ісі түбегейлі жаңа деңгейге көтерілді.

  • 2) Біртұтас саяси-әкімшілік жүйе

    Қалыптасқан ұлтты басқару және сыртқы қауіптен қорғау үшін ұлттық деңгейдегі саяси-әкімшілік жүйе орнықты.

  • 3) Аумақтың кеңеюі

    Мемлекет өз құрылған аймағымен шектелмей, уақыт өте қазіргі шекараларға жақындай түскен кеңістікке дейін аумағын ұлғайтты.

  • 4) Тең дәрежелі дипломатиялық қатынас

    Қоршаған ірі-ұсақ мемлекеттермен терезесі тең деңгейде қарым-қатынас орнатты.

  • 5) Әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму

    Салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі, діні айқындалған ел ретінде әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамудың дербес жолына түсті.

Жаңа сабақты бекіту (сұрақтар)

  1. Қазақ мемлекеті құрылуының тарихи маңызы қандай?
  2. Қазақ хандары Сырдария бойы мен Қаратау өңірін қашан басып алды?
  3. Алтын Орда ыдырағаннан кейін қандай жаңа мемлекеттер қалыптасты?
  4. Жаңадан құрылған Қазақ хандығы алдына қандай тарихи міндеттер қойды?
  5. Жасының үлкендігіне байланысты хан тағына бірінші болып кім отырды?

Бағалау және үй тапсырмасы

Бағалау

Оқушылардың жауаптары мен белсенділігіне қарай бағаланады.

Үйге тапсырма

  • § 37 тақырыбын оқып келу: Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайы.
  • Тақырып бойынша тест құрастырып келу.