Көңілді балалар

Тақырыбы

Ана — біздің күніміз

Мақсаты

  • Әр адам үшін ең басты тұлға — Ана екенін түсіндіру.
  • Балалардың тілін, ойлау қабілетін дамыту.
  • Ананы құрметтеуге, сыйлауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Шарлар
  • Қанатты сөздер
  • Плакат
  • Техникалық құралдар

Жүрісі

Тәрбиешінің құттықтауы

Қош келдіңіздер, аяулы аналар, қадірлі ұстаздар! Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, 8 Наурыз мерекесі де келіп жетті. Бұл көктем мейрамының орны әрдайым бөлек. Себебі аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбейді.

Аналар — өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Тынымсыз тіршілік пен кең дүниеде әрбір сәби жүрегі «өзім» деп соқса, бүгінгі «Ана — біздің күніміз» атты ертеңгілігіміз сіздерге арналады.

Ендеше, балаларымыздың өнерін тамашалаңыздар.

I жүргізуші

Той пердесін ашайық,

Тойға шашу шашайық.

Аналарды құрметтеп,

Ән маржанын ашайық.

II жүргізуші

Сіздерден өскен балалар —

Батырлар мен даналар.

Құттықтаймыз мерекемен,

Құрметті абзал аналар!

Құттықтау сөздері

I жүргізуші: Қымбатты ақ жаулықты әжелер, асыл аналар! Сіздерді көктем айының ең алғашқы мерекесі — 8 Наурыз мейрамымен құттықтаймын!

II жүргізуші: Көктемгі күннің көзіндей жылы жүзді, нұрлы келбетті аналарымызды және сыныптас қыздарды көктемнің шұғылалы мерекесімен құттықтаймын!

Балалардың өлең-жырлары

Жаннұр

Қуанамыз, сыйлаймыз,

Қуаныштың мың гүлін.

Аналарды құттықтап,

Жырдан шашу арнаймыз.

Жанат

Үн қатасың бал тілмен,

Еркелеймін күнде мен.

Құттықтаймын, анашым,

8 Наурызыңмен!

Аян

Баланың да тірегі,

Даланың да тірегі.

Шаншымасын ешқашан

Аналардың жүрегі.

Бәріңіз де анасыз,

Біз үшін күн боп жанасыз.

Құтты болсын мейрамың,

Құттықтаймын, анашым!

Би

«Көңілді балалар» биі. Орындайтындар: Аян, Айым, Парасат, Ақгүл, Береке, Бибінұр.

Ақерке

Анам — менің панам ғой,

Содан қорған табам ғой.

Асықпа, анам, ертең-ақ

Отың болып жанам ғой.

Анам — менің асыл жан,

Құшағы нұр шашылған.

Күн секілді күледі,

Сипап ылғи басымнан.

Айым

Құтты болсын, ардақты анам,

Асыл анам, мерекең!

Құтты болсын теңдік алған

Қуанышты мерекең!

Нағыз бақыт — ананың

Ақтау дер ем ақ сүтін.

Парасат

8 Наурыз күнін

Мейрамдайды аналар.

Аналардың шаттығын

Құттықтайды балалар.

Ән

«Құттықтаймын, мама»

Әдемі

Аналарды сүйеміз,

Сөзін ойға түйеміз.

Әжені де ардақтап,

Әдеппен бас иеміз.

Әлпештеген баласын

Ана — бақыт, ана — жыр.

Әркім сүйіп өз анасын,

Мақтан етер әр ғұмыр.

Гүлхан

Ақыл құйған санама,

Күннен артық расында.

Күн алыста, ал анам

Ылғи менің қасымда.

Би

«Чунга-Чанга» (Жұматқызы Жанат)

Әжелерге арналған құттықтаулар

Тәрбиеші

Бүгінгі мейрам тек аналардікі ғана емес, ардақты әжелердікі де. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» — бекер айтылмаған. Келесі құттықтауларымыз сіздерге арналады, құрметті әжелер!

Айшабибі

Әжемді мерекесімен құттықтаймын,

Айтатын ән, беретін гүлім дайын.

«Әжетай, сені жақсы көремін» деп,

Ақырын құлағыңа сыбырлаймын.

Сұлтан

Өзің мені өсірген,

Айналайын, ақ әжем.

Тентек болсам кешірген,

Дана әжем, шөлдедің бе?

Шай қайнатып берейін,

Шекер салып, жан әжем.

Өзім құйып берейін,

Балдай тәтті бал әжем.

Жанат

Өскенде мен енді,

Аралаймын әлемді.

Сыйлық әкеп әжеме,

Таң қалдырам бар елді.

Қыздардың биі

«Айгөлек»

Жүрекжарды тілектер

Әсем

Шуақ төгіп күлімдейтін қарасам,

Анашымды күнге ғана баласам.

Жер бетінде ең жақыным — өзіңсің,

Мәпелейсің, аялайсың әрқашан!

Ақгүл

Айналайын, анашым,

Көкте күн боп жанасың.

Ет жүрегің елжіреп,

Құшағыңа аласың.

Сыйлаған маған өмірді —

Анашым менің аялы.

Жүрегі жұмсақ, көңілі —

Күн шуағындай саялы.

Нұрсұлтан

Теңдесі жоқ данаңсың,

Арқа сүйер панасың.

Еңбегіңді ақтаймын,

Аман болшы, анашым!

Әсел

Ана — біздің күніміз,

Ана — біздің гүліміз.

Ұланды ана қуантқан,

Ұзақ өмір сүріңіз!

Береке

Ерлік еңбек атқарған,

Еңбегімен мақталған,

Ел сенімін ақтаған,

Айналайын, ақ анам!

Бізді өсіріп, баптаған,

Жақсы болсақ шаттанған,

«Алтыным» деп мақтаған,

Айналайын, ақ анам!

Махмуд

Наурыздың сегізі —

Сұлулықтың негізі.

Әдемі сөзі баланың —

Анаға айтар лебізі.

Анасыз жоқ бір күнің,

Әжесіз жоқ бір күнің.

Ұсынамыз біз бүгін —

Сөздің сұлу шоқ гүлін.

Ұлдардың биі

«Қара жорға»

Қорытынды

Тәрбиеші: Осымен мерекеміз аяқталды, қымбатты да аяулы аналар мен әжелер! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Әлемдегі ең сұлу, ең мейірімді, ең қамқор жан — осы отырған сіздер. Дендеріңіз сау, көңілдеріңіз шат болсын. Әрқашан аман болайық!