Оқушы зейінін сабаққа жұмылдыру
Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы әкімдігі
Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 орта мектебі • География пәні мұғалімі: Жандыкенова Жайнагүл Мағатаевна
Сабақ тақырыбы
Гидросфера туралы ұғым. Табиғаттағы су айналымы
Білімділік мақсаты
Оқушылардың гидросфера, оның құрамы және дүниежүзілік су айналымы туралы түсініктерін қалыптастыру.
Дамытушылық мақсаты
Әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы оқушылардың белсенділігін және қызығушылығын арттыру, пәндік стильде сөйлеу дағдысын дамыту, жергілікті су айдындары туралы білімін тереңдету.
Тәрбиелік мақсаты
Судың тіршілік үшін маңызын түсіндіру, табиғатты аялау мен үнемшілдікке үйрету, экологиялық тәрбие беру.
Күтілетін нәтиже
- Оқушылар судың тіршілік үшін маңызын түсінеді.
- Суды аялау және қорғау қажеттігін меңгереді.
- Табиғатта судың неліктен таусылып қалмайтынын (су айналымы арқылы) түсіндіреді.
Сабақтың типі мен ресурстары
Сабақтың типі
Жаңа сабақты меңгерту.
Техникалық құралдар
Интербелсенді тақта.
Пәнаралық байланыс
Математика, сурет, әдебиет, музыка, қазақ тілі.
Әдістер
Презентация, СТО стратегиялары, жұмбақ шешу, ассоциация құрастыру, халық педагогикасы, өзекті сұрақ, сұрақ-жауап, топпен жұмыс, диалог, географиялық диктант, Т-кесте, жеке жұмыс.
Көрнекіліктер
Атлас карта, оқулық, өлкетану материалдары, «Ақ бұлақ» бағдарламасы, мақал-мәтелдер, тыйым сөздер, слайдтар, бағалау парағы, «Білім ағашы», стикер, постер және тапсырма қималары.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сәлемдесу. Сабақта жоқ оқушыларды анықтау.
Психологиялық дайындық: «Айдай арайлап, Күндей күлімдеп, судай таза көңілмен сабағымызды бастайық.»
Оқушыларды топтарға бөлу (өзен, көл, теңіз, бұлақ, мұхит) және «Білім ағашының» түбіне жайғастыру. Топ ережесін нақтылау, бағалау парағын тарату, топ басшысы мен бағалаушыны анықтау.
Оқушы зейінін сабаққа жұмылдыру және бағалау критерийін оқушылардың өз айтуымен бекіту.
Бағалау өлеңі (алма түстері арқылы)
Жақсы білсең сұрақты — Қызыл алма алып же. Орта болса білгенің — Сарысына қолың соз. Жеткіліксіз оқысаң — Жасыл алманы ал-дағы, Білмегенді жүйелі Оқып өзің еңбектен. Ерінбесең қайталап, Жасыл алмаң қолыңда Қызыл алмаға айналып Жүресің сен тек алда!
II. Жаңа сабаққа дайындық — «Қызығушылықты ояту»
1-бөлім. Жұмбақтар
A. Аяқсыз-ақ жорғалайды, жүреді.
Ауызы да жоқ, сыңғырлайды, күледі.
Онсыз жер бетінде тіршілік жоқ —
Айтыңдаршы, осыны кім біледі?
Б. Қыста шыны боп қатады,
Жылыда су боп жатады.
В. Көзге көрінеді,
Ұстасаң қолға ілінбейді.
Шешуі: судың үш күйі — мұз, бу, су.
Оқушылар дәптерлерін ауыстырып, бірін-бірі бағалайды; сәйкес түсті алманы алады. Шешім арқылы жаңа сабақтың тақырыбы анықталады.
2-бөлім. «Ұшқыр ойлы балаға…» (халық педагогикасы)
Оқушылар су туралы алдын ала дайындаған мақал-мәтел, аңыз, ырым-тыйым сөздерін айтады.
«Су бар жерде ырыс бар: ұстап балық жейсің, ақ бидай егіп, нанын жейсің.»
Тыйым мен таным
Халқымыз түнде су алуға тыйым салған. Су — киелі, оның иесі бар деп сеніп, оны Сүлеймен патша деп есептеген.
Қажет жағдайда:
Су атасы — Сүлеймен, Айдыныңа тас аттым. Рұқсат ет балаңа Су алуға бола ма? Түн ұйқыңнан ояттым, —
деп суға шолп еткізіп тас тастап барып қана алған.
Гректердің су құдайы — Посейдон.
Римдіктердің су құдайы — Нептун.
Мақал-мәтелдер мен тыйым сөздер
- Тұнып тұрған су сасиды, ойланбаған ми сасиды.
- Ақпаса су бұзылады.
- Судың бетін ашық қалдырма.
- Суды сапырма, суды сатпа.
- Суды бекер ағызба — үнемде, ысырап етпе.
- Суды лайлама, бұлақты былғама.
- Су ішкен құдығыңа түкірме.
- Лас су төккен жерді баспа.
- Түнде су төкпе.
- Ағынды суға кір жума.
- Судың да сұрауы бар.
- Суға түкірме, суға дәрет сындырма, суға қоқыс төкпе.
«Бұлақтың көзін ашу» — сауабы мол, қасиетті іс. Бастау-бұлақтардың көзін ашу — өмір-тіршіліктің де көзін ашу.
III. Мағынаны тану — жаңа сабақ
Су — табиғаттың ажырамас бөлігі. Судың көркемдігі адамның көңіл күйіне жағымды әсер етеді және ақын, суретші, сазгер, жазушы секілді өнер адамдарының шығармашылық шабытын оятады.
Әдебиет пен өнердегі су тақырыбы
Ы. Алтынсарин — «Өзен»; М. Жұмабаев — «Толқын».
Кескіндеме және музыка
И. К. Айвазовский — «Тоғызыншы толқын»; әндер: «Ертісім», «Есіл ағады», «Марқакөл», «Ақ ерке», «Ақжайық», «Каспий».
Топтық тапсырмалар
Жердегі су
Судың қасиеті
Кіші су айналымы
Үлкен су айналымы
Судың және айналымның маңызы
1-топ: Жердегі су
Жердің су қабығы — гидросфера. Жер ғаламшарының шамамен 3/4 бөлігі су.
Гидросферадағы судың 2,5%-ы ғана тұщы су, ал шамамен 97%-ы — мұхиттың тұзды сулары.
Құрлық сулары
Өзендер, көлдер, мұздықтар, жер асты сулары.
2-топ: Судың қасиеті
Ассоциация: «Су деген не?»
- Сусын; жердегі ең көп таралған зат; мұз, қар, жаңбыр, тұман, бу.
- Барлық ағзаға өмір сыйлаушы; картада көк түспен белгіленеді.
- Бұлақ, өзен, көл, теңіз, мұхит.
Қандай?
Түссіз, мөлдір
Не істейді?
Жұғады, ерітеді, ағады, шөлді қандырады
Судың басты қасиеттері
- Баяу жылынады және баяу суынады.
- Күшті еріткіш.
- Ағынымен жер бедерін өзгерте алады.
3-топ: Табиғаттағы кіші су айналымы
Халық даналығы: «Ақпаса су бұзылады» — су үнемі қозғалыста болады.
Су буланып жоғары көтеріледі, биікте суынып бұлтқа айналады, кейін жаңбыр болып жерге қайта түседі. Бұл — кіші су айналымы.
4-топ: Табиғаттағы үлкен су айналымы
Жауын-шашынның бір бөлігі өзен-көлдерге құйылады, бір бөлігі қайта буланады, енді бір бөлігі қар болып мұздықтарға жиналады. Тағы бір бөлігі жерге сіңіп, жер асты сулары арқылы мұхиттарға қосылады.
Бұл құбылыс үлкен су айналымы деп аталады. Судың мұхит пен құрлық арасында ауысуы — дүниежүзілік су айналымы.
Қосымша дерек: мантияда шамамен 20 млрд км³ су бар.
5-топ: Судың және су айналымының маңызы
Су — тіршілік көзі
- Адам ағзасының шамамен 65%-ы судан тұрады.
- Ересек адамға күніне орта есеппен 2,5 литр су қажет.
- Алма ағашы бір жазда 40 литрден артық су сіңіреді.
Ағзаға әсері
- Дене температурасын тұрақтандырады.
- Қоректік заттар мен оттегіні тасымалдауға көмектеседі.
- Қанның қоюлануына жол бермейді.
- Ішектің жұмысын реттеуге ықпал етеді.
- Зейінді ашып, шаршауды басуға көмектеседі; ұйқыны реттеуі мүмкін.
- Иммунитетті күшейтуге ықпал етеді, қарт жаста ұмытшақтықтың алдын алуға жәрдемдеседі.
Шаруашылықтағы рөлі
- Судан электр энергиясы өндіріледі.
- Демалыс, кәсіп, спорт және кеме қатынасы үшін маңызды.
- Емдік қасиеті бар су — арасан.
Өлкемізден мысал: Рахман қайнары санаторийі, Ертіс өзеніндегі СЭС-тер, Марқакөл және т.б.
Су айналымының маңызы
Су айналымы құрлық пен мұхит арасында ылғалдың, жылудың және минералдық заттардың алмасуын реттеуге қатысады.
IV. Ойтолғаныс — бекіту тапсырмалары
A) Географиялық диктант
Көп нүктенің орнына тиісті сөзді қойыңыз.
- Грек тілінен аударғанда «…» сөзінің мағынасы — су.
- Болашақта су көбеюі мүмкін, өйткені мантияда … су бар.
- Гректердің су құдайы — …
- Емдік қасиеті бар суды … деп атайды.
- … ғаламшарында су тек газ күйінде кездеседі.
- Халық су иесін — … дейді.
- «Шар» сөзінің грек тіліндегі мағынасы — …
- Өскемен қаласын … өзеніндегі СЭС қамтамасыз етеді.
- Шығыста түсіп кеткен адамды да, малды да тастан-тасқа соғып ағызатын … өзені.
Жауаптар
1. Гидро
2. 20 млрд км³
3. Посейдон
4. Арасан
5. Шолпан
6. Сүлеймен
7. Сфера
8. Ертіс
9. Бұқтырма
B) Географиялық есеп
Сыныптағы бір оқушы мектептегі су ағатын шүмекті толық жаппай, күніне 1 литр суды ысырап етті. Оқу жылы ішінде босқа ағызылған су неше түп алма ағашына жетер еді?
Нұсқау: алма ағашының бір жазда 40 литрден көп су сіңіретінін еске түсіріңіз.
C) Т-кесте
«Судың пайдасы мен зияны қандай?» — дәптерге екі бағанға бөліп жазыңыз.
V. Сабақты қорытындылау
Топтардың өзара бағалауы жүргізіледі.
Бағалау парағы бойынша бағалаушының қорытындысы тыңдалады.
Жекелеген оқушы өзін-өзі бағалайды.
Мұғалімнің жиынтық бағасы хабарланады.
VI. Үй тапсырмасы
- §27 оқу.
- 104-беттегі 35-суретті талдау.
- Кескін картаға ірі өзендер мен көлдерді белгілеу.
- «Судың да сұрауы бар» тақырыбына эссе жазу: «Су тапшылығын қалай шешуге болады?»
VII. Кері байланыс
Нені меңгердің?
Бүгінгі сабақтан алған негізгі түсінігіңді қысқаша жаз.
Қандай көмек керек?
Қай бөлімде қолдау қажет екенін көрсет.
Не түсініксіз болды?
Сұрақтарыңды нақтылап жаз.