Маңғыстау - ерте дәуірден тоғыз жолдың торабы

Кіріспе

Маңғыстау — республикамыздың даңқын әлемге әйгілеп отырған қазына қоймасы: мұнайлы өлке, тарихы көл-көсір, мәдени мұрасы бай кең аймақ. Бұл өңір 8 миллион гектарға жуық аумақты алып жатыр — мұндай кеңістікке Австрия, Швейцария, Нидерланды және Люксембург секілді бірнеше мемлекет түгел сиып кетер еді. Қойнауы кенге толы, қыры мыңғырған малға бай, халқымыздың рухани байлығын танытатын сәулет, тарихи-мәдени және әдеби мұралары мол өлке туралы әр кезеңде көптеген еңбектер жарық көрді.

Тоғыз жолдың торабы

Маңғыстау ерте дәуірден-ақ тоғыз жолдың торабы болды. X–XII ғасырларда Еуропаның көптеген сауда порттары мен қалаларын қамтыған Үндістан – Орта Азия – Еуропа бағытындағы сауда жолдарының бір тармағы осы түбек арқылы өткен. Бірқатар еңбектерде Маңғыстау көне заманнан Еуропа – Орта Азия және Орта Азия – Кавказ арасындағы қақпа қызметін атқарып, көптеген елдерді байланыстырып тұрғаны айтылады.

Осындай маңызды жолдың бойында орналасуы өңірдің мәдени, экономикалық және саяси өміріне елеулі ықпал етіп, өз дәуіріне сай ірі өркениет орталықтарының деңгейіне көтерілуіне жағдай жасаған.

Дереккөздер мен зерттеушілер

Маңғыстау туралы деректерді ежелгі грек ғұламалары Геродот пен Страбоннан бастап, әл-Истахри, әл-Мақдиси, Әл-Фадлан, Ибн Фадлаллаһ, Ибн Батута, Махмұд Қашқари, Әбілғазы Баһадүр еңбектерінен де кездестіреміз.

Әр дәуірде өлке топырағын басқан Г. С. Карелин, Э. А. Эверсман, Н. И. Андрусов және өзге де ғалымдар мен саяхатшылар аймақтың ертедегі ескерткіштері туралы құнды пікірлер қалдырған.

Зерттеудің өзектілігі мен мақсаты

Ғылыми жұмысымның тақырыбы — Маңғыстаудың ежелгі қалалары. Сондықтан өңірді зерттеген ғалымдардың деректерін негізге алдым. Маңғыстауда ежелгі қалалар көп, алайда олардың көбінің тарихы бізге толық мәлім емес. Маңқыстау, Алтынқазған, Уәлі, Аққауым, Керзі секілді қалалардың бір тобы ел аузында “ғайып болған шахарлар” атанып кеткен.

Зерттеудің түпкі мақсаты — өлкедегі ежелгі қалалар мен қамалдардың тарихына тоқталып, оны замандастарымызға кеңінен насихаттау және келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру.

Негізгі бөлім

Маңқыстау қаласы туралы деректер

Алғаш зерттеген қалаларымның бірі — Маңқыстау қаласы. Бұл қала жөнінде Шаһмардан Есеновтің “Маңқыстау” (1973) кітабында мынадай дерек келтіріледі:

“VII ғасырда Болгар Саксинге жетіп, Каспийдің шығыс бетіндегі Маңқыстау қаласына өтетін. Осы жол XII ғасырда половцылардың қолында болды, олармен жақсы араласқан Русь флоты теңізді шарлай бастады. Хазар мемлекетінің қирауы (X ғ.) Маңқыстауға дербестік алып берді. Үстірт пен Жемнің бойын мекендейтін солтүстік оғыздармен бірге Маңғыстау түрікмендері біраз уақыт ешкімге бағынбай, Маңқыстау қаласын әкімшілік орталық етіп, автономия болды, бұл кезде Маңқыстауды Хорезм әлсіреңкіреп бағындыра алмаса керек”.

Дерек: |1|

Осы үзіндіге сүйене отырып, Маңқыстаудың Каспий теңізінің шығыс жағалауына жақын орналасқанын байқаймыз: мәтінде Русь флотының кеме қатынасы туралы айтылады. Сонымен қатар, Маңқыстау қаласының X ғасырға дейін Хорезм ықпалында болғанын аңғаруға болады.

Хорезм саясаты және өңірге ықпалы

Географ Бекранның жазуына қарағанда, Маңқыстаудағы күшті тайпаларды бағындыру үшін Хорезм ең таңдаулы жалдамалы әскер ұстаған. Олар жойқын жорық жасап, Маңқыстау қаласын басып алып, солтүстік түрікмендерді мойынсұнуға мәжбүр етеді.

Хорезмнің қатал саясат жүргізген билеушісі Атсыз 1155 жылы Хорезм қаласын қуатты қамалға айналдырды. Ал Текештің ұлы Алладин билік еткен кезеңде (1200–1220) Хорезм мемлекеті дәуірлеу шегіне жетті: Бағдаттан Қыпшақ даласына дейінгі ұлан-ғайыр аумақта сан алуан халықтарды бағындырды. Еділ мен Жайық өңірі, сондай-ақ Маңғыстау жеріндегі тайпалар да осы жорықтардың ықпалын көрді.

Маңқыстау Еуропаға өтетін маңызды сауда жолының бойында орналасқандықтан, Мұхаммед II бұл өңірді Хорезмнің бір тірегіне айналдырғаны айтылады. |1|

Мәдени тоғыс және қала өмірінің мерзімі

Ежелгі мәдениет орны саналатын Маңқыстау аймағы Еуропа мен Орта Азия мәдениеттері тоғысқан мекенге айналды. Тарихшылардың жорамалынша, Маңқыстау қаласы X–XII ғасырларға дейін өмір сүрген.

Алайда бұл қаланың кейінгі тағдыры көмескі: ол моңғол шапқыншылығынан соң Отырар мен Тараз секілді жойылып кетті ме, әлде басқа себеппен өмір сүруін тоқтатты ма — бұл сұраққа нақты жауап беретін дерек аз. Қалай болғанда да, моңғол жорықтарынан кейінгі құжаттарда Маңқыстау қаласының аты ұшыраса бермейді.

Болжам: табиғи өзгерістер ықпалы

Менің болжамым бойынша, Маңқыстау Каспий теңізінің жағасына жақын орналасқан. Каспий деңгейі әр дәуірде өзгеріп отырғаны белгілі. Сондықтан қаланың табиғи апаттардың немесе гидрологиялық өзгерістердің салдарынан зардап шегуі де мүмкін.

Қараған, Сартас және су көздері туралы дерек

Деректерде Қараған мен Сартас пристаны да аталады. Сартастың күншығыс жағалауынан 10 км жерде Шытша деген мол сулы құдық бар. Сол құдықтан 1 км шықпай-ақ Ембі тауы көрінеді; тау баурайында тұщы бұлақтар ағып жатады.