Отаным - алтын анам бас иетін, Өлшенер өзіңменен қасиетім

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы

№100 орта мектебі • Бастауыш сынып мұғалімі: Бердешева Жадыра Молыбекқызы

Сабақтың тақырыбы: Отанды қорғау — басты міндет

Сабақтың мақсаты

  • Оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру.
  • Өз Отанын қорғай білудің азаматтық міндет екенін түсіндіру.
  • Егемендіктің бағасы — бабалардың ерлігі мен жанқиярлығы екенін ұғындыру.
  • Туымыздың мәңгі биікте желбіреуі — ел бірлігі мен жауапкершіліктің нәтижесі екенін бекіту.

Көрнекіліктер

  • Даналық сөздер
  • Плакаттар
  • Кітаптар көрмесі

Сабақ форматы

  • Кіріспе сөз
  • Өлеңдер мен нақыл сөздер
  • Күй, ән, би
  • Көрініс
  • Қорытынды

І. Кіріспе

Мұғалім: Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар! Бүгін бәріміз үшін ерекше қуанышты мереке күн. Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мерекесіне арналған «Отанды қорғау — басты міндет» тақырыбындағы тәрбие сағатына қош келдіңіздер!

Еңсесі биік еліміздің құдіретті, қасиетті халқы — қазақ жұртының сіздердей азаматтары мен азаматшаларын мерекемен құттықтаймыз!

Ұлттық қауіпсіздік — мемлекет тұрақтылығы

Тәуелсіз еліміздің дамуының қазіргі кезеңінде қауіпсіздік мәселесіне Президент пен Үкімет айрықша мән беріп отыр. «Қазақстан — 2030» стратегиясында ұлттық қауіпсіздік ХХІ ғасырдағы мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгіленген. Сондықтан шекара қауіпсіздігі — Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі.

Шекара — елдіктің айқын белгісі

Әр мемлекеттің аумағы мен шекарасының болуы — оның егемендігін айқындайтын негізгі белгілердің бірі. Қазақстанның мемлекеттік шекарасы 14 мың шақырымнан асады және Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай мемлекеттерімен шектеседі. Батысында Каспий теңізі, оңтүстігінде Арал теңізі шайып жатыр.

Тәуелсіздік жылдарындағы жетістік

Тәуелсіздік туы желбірегелі береке-бірлік нығайып, халық рухы көтеріліп, ел еңсесін тіктеген қыруар жұмыстар атқарылды. Мемлекетіміздің тарихының тереңдігі, жер байлығының молдығы, халқымыздың бейбітсүйгіштігі мен еңбекқорлығы, білімі мен білігі әлемге танылды. Бұл құндылықтардың бәрі мемлекеттік шекарамыздың мығым болуына қызмет етеді.

Бүгін сіздердің алдарыңызда 3-сынып оқушылары өнер көрсетеді: ән шырқап, өлең оқып, би билейді. Тәрбие сағатымыз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталады.

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші

Құдірет бар батырлықта, ерлікте,

Тіршілік бар бұзылмаған елдікте.

Жауларменен жағаласып сынға түскен сәттерде,

Елімізді, жерімізді сірә қолдан бердік пе?

Енді елін, жерін, халқын жаудан қорғаған батырлар туралы жыр жолдарына кезек береміз.

2-жүргізуші

Айтып кеткен ақындар өз Отанын сүйерін,

Жазып кеткен жазушылар тілге арнаған тілегін.

Енді Отан туралы нақыл сөздер мен өлең жолдарына кезек берейік.

Ел қорғаған ерлер туралы өлеңдер

1-оқушы

Абылай, Абылай десе Абылай!

Текті ұлан, алқымға қазақты ойлап кек тығылған!

Бірлікке қайтсем енді келтірем деп,

Көз салған Көкшетаудың көк шыңынан!

2-оқушы

Басқадан асып туған ер — Бөгенбай,

Едігедей ел қамын жер — Бөгенбай.

Қалмақты қысқа күнде қырық шауып,

Үш жүзге олжа салған сол Бөгенбай!

3-оқушы

Дарабозым — Қабанбай,

Батыр туған ел үшін.

Жайратқан жауды алыбым,

Батырдың асқан белісің.

4-оқушы

Кенесары, Наурызбай,

Атағы шықты аңқылдап.

Жауды үркітіп қашырды,

Ақ алмастай жалтылдап.

Зәресін алды дұшпанның,

Найзағайдай жарқылдап.

Күй: Дина Нұрпейісованың «Тойбастар» күйі орындалады.

Отан туралы өлеңдер мен нақыл ойлар

5-оқушы

Отан деген не? — дейсің, ұлым.

Ол — сенің ғұмырлы анаң,

Жөргегіңнен жаныңа сіңіп қалған

Әнің мен жырың, арман.

6-оқушы

Отаным — алтын анам, бас иетін,

Өлшенер өзіңменен қасиетім.

Кәдеге аспай қалсам бұл өмірде,

Бұл жердің керек десең тасы жетім.

7-оқушы

Отаным — асқар тауым, күнімдейсің,

Анамның аялаған гүліндейсің.

Арқамнан әкем болып қағасың сен,

Сен маған анам болып күлімдейсің.

8-оқушы

Қазақстан дейтін менің бар елім,

Жатыр алып жарты дүние әлемін!

Бұл даланы алғаш көріп қуанғам,

Бұл далада өскен жанда жоқ арман.

Көрініс: «Ата-бабам аңсаған тәуелсіздік».

Тәуелсіз елдің ұланы — бүгінгі ұрпақ

9-оқушы

Мен қазақпын, ұланымын елімнің,

Мен қазақпын, тірегімін жерімнің.

Ұланымын туын көкке көтерген,

Болашаққа алға бастап жетелер.

10-оқушы

Көз тойғысыз қазағымның жері бар,

Ну орманы, тауы, өзені, көлі бар.

Қазағымның жерін, елін қорғайтын,

Жас жеткіншек ұланы бар, елі бар!

Ән: «Солдат болам мен ертең!» Орындайтындар: Арсен, Дамир, Ғалым, Нұрбол.

11-оқушы

Біз еліміздің білімін, мәдениетін көтеретін азаматпыз. Жаңа дәуір көшін жалғастырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға, еліміздің көркейіп, нығаюына үлес қосуды басты борышымыз деп санаймыз. Еліміз бен жеріміздің тыныштығы, бейбіт өмірі — өз қолымызда.

12-оқушы

Мен қырандай биікте қалықтаған елдің ұланымын. Тәуелсіздік таңы тілімізді, ділімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жаңғыртты. Қасиетті Ата Заң қабылданды. Егемендігіміздің айғағы — аспан түстес азат байрағымыз, гимніміз, елтаңбамыз дүниеге келді.

13-оқушы

Мен Қазақстан Республикасының азаматымын. Отанымның әлемде алдыңғы қатарлы, әділетті, өркениетті ел болуы үшін сапалы білім аламын. Жоғары мәдениетті азамат болып, өз Отанымды әрдайым қорғаймын.

14-оқушы

Н. Ә. Назарбаевтың ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы еңбегін, қиын кезеңдерде жүргізілген күрделі келіссөздерді, Қазақстанның көк байрағының әлем алдында биік желбіреуі үшін атқарған қызметін дүниежүзі мойындады.

15-оқушы

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге жиырма жыл болды. Арманы асқақ еліміздің ұлы көшін халқымыздың ардақты перзенті, әлемге әйгілі саясаткер Н. Ә. Назарбаев жарқын болашаққа бастады.

Хор: «Қазақ елі».

Қорытынды

1-жүргізуші

Көпшілігі кемімей толсын деймін,

Барлық елдің басына бақ қонсын деймін.

Келешекте егемен еліміз де

Орта Азия Барысы болсын деймін.

Осымен «Отанды қорғау — басты міндет» тақырыбындағы тәрбие сағатымыз аяқталды. Көріп, тамашалағандарыңызға рақмет! Сау болыңыздар!