Туған жерім Балқаш қаласы туралы тереңірек білу
Жауапты мұғалім
Жортарова Нұргүл
Сабақтың түрі
Шығармашылық
Өткізілу орны
№408 «Өзін-өзі тану» бөлмесі
Көрнекіліктер
Слайд, бейнетаспа, сызбалар
Мақсаты
- Туып-өскен жеріміз – Қазақстан Республикасын құрметтеуге баулу.
- Отанның отбасыдан, туған жерден басталатынын ұғындыру.
- Туған өлке – Балқаш қаласы туралы білімді тереңдету.
Кіріспе ой
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті міндеті – жас ұрпаққа адамгершілік пен рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерді бойға сіңіру, рухани бай тұлға қалыптастыру бала дүниеге келген күннен басталуы тиіс.
Халық даналығында: «Ағаш түзу өсуі үшін оған көшет кезінде көмектеседі, ал үлкен ағаш болғанда түзете алмайсың» деген сөз бар. Сондықтан балаға жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық сияқты адамгершілік құндылықтарды дарытуда отбасы мен педагогтердің рөлі шешуші.
Рухани-адамгершілік тәрбие – екі жақты үдеріс. Отбасы – шағын қоғам: әке де, ана да бала тәрбиесінде маңызды орын алады. Абайдың терең ойына сүйенсек, ата-ана бала өмірі үшін жауапты, оны өмірге «қажет кірпіш» етіп қалыптастыруға ықпал етеді.
Осы мақсатта ата-ана мен ұстазға бағыт-бағдар беретін пәндердің бірі – «Өзін-өзі тану». Бұл пән бала жүрегіне жол тауып, қоршаған ортаға мейіріммен қарауға тәрбиелейді: айналасындағы адамдарды құрметтеуге, жылы сөз айтуға, игі тілек тілеуге үйретеді.
Тәрбиелеу мен білім беру жұмысы балалардың жас ерекшелігі мен мүмкіндігін ескере отырып ұйымдастырылады. Адамгершілікке және еңбекке тәрбиелеу күнделікті өмірде, ересектермен бірлескен жұмыстарда, ойын мен оқу іс-әрекетінде жоспарлы түрде жүзеге асады.
Шаттық шеңбері
Ән
- Музыка
- И. Нүсіпбаев
- Сөз
- Е. Өтетілеуұлы
«Жас дәуірдің түлегіміз»
Бау-бақша, белдер,
Орман, тау, көлдер,
Көрікті шексіз даламыз.
Дәулеті тасқан,
Сәулеті асқан,
Көңілді ауыл-қаламыз.
Қайырмасы:
Жадырап күндей,
Жайнаған гүлдей,
Бақытты біздер баламыз.
Әңгімелесу
Оқушылардың «Өзін-өзі тану» сабағына қызығушылығын арттыру және туған жер туралы түсінігін кеңейту үшін әңгімелесу әдісі қолданылады.
Отан деген не?
Оқушының жеке түсінігі мен өмірлік тәжірибесі арқылы анықталады.
Туған жер деген не?
Өскен ортаға деген сүйіспеншілік, жауапкершілік, құрмет ұғымдары талқыланады.
Туған жерді қорғауға сенің үлесің қандай?
Таза ұстау, табиғатты аялау, қоғамдық тәртіпке үлес қосу мысалдары келтіріледі.
Балқаш қаласына – 75 жыл
Қаланың тарихы, еңбегі мен жетістігі туралы ой бөлісу.
Дәйексөз
«Біз балдырған баламыз,
Шырқап әнге саламыз.
Туған жердің төрінде,
Алау болып жанамыз.»
Отбасылық тәжірибе және өлкетану
Келесі кезекте сөз Қайыржан Диастың анасы – Бейсекина Күлзияға беріледі. Отбасында туған өлке туралы құндылықтарды балаға қалай жеткізуге болатыны жайлы ой қозғалады.
Балқаш: арман-қаланың қалыптасу тарихы
Балқашты оның тұңғыш құрылысшылары «арман-қала» деп атаған. Тарихшылардың айтуынша, мұндай күрделі табиғи, әлеуметтік және өндірістік жағдайда салынған қалалар сирек. Қала тақыр жерде – шөлдегі көлдің жағалауында бой көтерді. Ол кезде маңайда көшпенділердің шағын қыстақтарынан өзге ірі қоныс болмаған.
Негізгі тарихи кезеңдер
- 1928 жыл — ленинградтық геолог Михаил Русаков Қоңырат қыраттарынан аса бай кен көздерін ашты.
- 25 маусым 1929 жыл — Қоңырат кен орнының ірі қоры дәлелденді (Қоңырат руднигі ашылды).
- 1936–1937 жылдар — кен байыту фабрикасы іске қосылды.
- 11 сәуір 1937 жыл — Прибалхашстрой кенті қала мәртебесін алып, Балқаш атауы берілді.
- 24 қараша 1938 жыл — алғашқы тазартылмаған мыс алынды.
Михаил Русаков туралы қысқаша
Михаил Русаков 1892 жылғы 2 қарашада Черновс-Тоболь селосында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1911 жылы 8 жылдық мектепті алтын медальмен тәмамдаған. Геолог болуға ұмтылысы туған жерге, табиғатқа деген құштарлығын танытты.
Алғашқы құрылысшылар КСРО-ның әр түкпірінен келді: әуелде шатырларда, жеркепелерде және киіз үйлерде тұрды. 1936 жылдың қаңтарында алғашқы көпқабатты үй пайдалануға берілді. Қаланы көркейту үшін көгалдандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп, көшеттер мен топырақ тиеген арбалар легі үздіксіз тасылды. 1935 жылы ботаникалық бақтың негізі қаланды.
Балқаш – әкімшілік, сауда және өнеркәсіптік орталық: адамдар тұратын, еңбек ететін және демалатын кеңістік. Қала тарихы көптеген еңбек әулеттерімен сабақтас.
Дінмұхамед Қонаевтың еңбек жолы
Бұл қала Дінмұхамед Қонаевтың еңбек жолымен де тығыз байланысты. Ол 1936 жылы Мәскеудегі түсті металдар институтын бітірген соң Қоңырат кенішіне келіп, қатардағы жұмысшыдан кен басқармасының басшысына дейін көтерілді.
Балқаш өңірі: табиғат пен кеңістік
Қазақстан картасында бұл аймақ көбіне шөлейт өңір ретінде көрінеді: ұшақ қанатының астында көсіліп жатқан шексіз сары дала, көкшіл ноқаттай көрінетін Балқаш көлі және Іле өзені атырауының көгілдір ирегі көзге түседі.
Алайда өңірді жаяу аралап өтсеңіз, табиғаттың бұл қуаң аймаққа да ғажайып сый тартқанын аңғарасыз: таң-тамаша шың-құзды таулар, тораңғылы тоғайлар, жағалауы мақпал құммен көмкерілген тып-тынық көл шығанақтары бар. Боз бетегенің күміс толқыны ойнаған дала көрінісі де өз алдына ерекше.
Балқаш көлі жер ендігі бойымен шамамен 600 километрге созылып жатыр.
Балқаштан шыққан дарындар мен батырлар
Бұл бөлімде Қабылғазы Амандықтың анасы – Замзәгүл Балқаштан шыққан дарынды тұлғалар мен ел қорғаған ерлер туралы әңгімелейді.
Елге белгілі тұлғалар
- Нарманбет Орманбетұлы
- Шашубай Қошқарбайұлы
- Күләш Байсейітова
- Манарбек Ержанов
- Рақымжан Қошқарбаев
Ерлік пен еңбек үлгісі
Жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып жеңіс туын қадап, Халық қаһарманы атанып, ел құрметіне бөленді.
Соғыс жылдарындағы өшпес ерліктің үлгісін көрсеткен жауынгерлер қатарында Н. Құлжанов, Ж. Ақбергенов және басқа да жерлестеріміздің есімдері мақтанышпен аталады.
Еңбек майданында да мыңдаған қала тұрғындары, әсіресе әйелдер, ерекше табандылық танытты. Соғыс жылдарында тек мыс зауытында 2875 әйел еңбек етті. Олар зауыт цехтарында, кеніштерде, фабрикаларда уақытпен санаспай жұмыс істеп, жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты.