Жолдауын Мемлекет басшысы
Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр кенті, М. Мақатаев атындағы №13 орта мектептің тарих пәні мұғалімі — Г. К. Казербаева.
«Мәңгілік Ел» ұғымын мен ұлтымыздың ұлы бағдары, «Қазақстан–2050» стратегиясының түпқазығы ретінде қабылдаймын.
Тәуелсіздікті сақтау — ең үлкен жауапкершілік
Тәуелсіздікке қол жеткізуден гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын екенін бәріміз білеміз. Бұл — әлем тарихында талай халықтың бастан өткерген ащы шындығы. Өзара алауыздық пен берекесіздік көптеген елдің тағдырын құрдымға жіберді. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жоғалып кеткен жұрт қаншама?
Негізгі түйін
Өткеннің тағылымынан сабақ алудың түйіні біреу: «Мәңгілік Ел» — өз қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Мәңгілік тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білу — байлығымыз да, бақытымыз да.
«Қазақстан–2050» бағыты
«Қазақстан–2050» — Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық! Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын. Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын. Жарқын іспен күллі әлемді таң қалдырып, елдігіміз мәңгі жасай берсін, — деген мазмұндағы ойлар Мемлекет басшысының Жолдауларында ерекше аталады.
«Мәңгілік Ел» — тарихи арман, бүгінгі ақиқат
Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында «Мәңгілік Ел» идеясының тарихи астарына тоқталып, оны ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы ретінде сипаттайды. Ол арман — әлем елдерімен терезесі тең қарым-қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет болу еді. Сондай-ақ тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді.
Іске асқан қадамдар
-
«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күннен бері жүйелі түрде жүзеге асырып келеді; бұл — тарихи сананы қалыптастыру мен дамытуға бағытталған бағдар.
-
Алғашқы нық қадамдардың бірі ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекара туралы Заңын атауға болады. Мұны «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырудағы берік негіз деп қабылдауымыз қажет.
Ішкі тұрақтылық пен келісім — ел дамуының тұғыры
«Мәңгілік Ел» идеясының келесі іргетасы — елдің ішкі тұрақтылығы, халықтардың өзара достығы мен татулығы, бір-біріне деген құрметке негізделген сыйластық. Этносаралық және дінаралық келісім — Қазақстан дамуының басты тұғыры.
Неге бұл маңызды?
Тек тату, бірлігі жарасқан ел ғана алға қойған мақсат-мұраттарына жете алады. Сондықтан ел ішіндегі татулық пен тұрақтылық «Мәңгілік Ел» жолындағы басты ұстаным болып қала береді.
Жаңашыл ұстаз — болашаққа бастайтын көшбасшы
«Мәңгілік Ел» туралы ой-түйіндерді жүзеге асыру жолында жан-жақты қаруланған, білімі мен біліктілігі арқылы болашаққа жол ашатын, ұйытқы әрі көшбасшы бола алатын жаңашыл ұстаздар қауымдастығының рөлі ерекше.
Білім алу және оны іске асыру
Білім алу бар да, оны өмірде қолдану бар. Сондықтан бәсекеге қабілетті, дамыған мемлекет болу үшін қоғамның сауаттылығы жоғары болуы шарт. Қазіргі әлемде жаппай сауаттылықтың өзі жеткіліксіз: азаматтар ең озық жабдықтармен, ең заманауи өндірістерде жұмыс істеу машығын меңгеруге әрдайым дайын болуы керек.
Мұғалімге қойылатын жаңа талап
ҚР «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің басты міндеті — ұлттық және азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, кәсіби шыңдарға жетелеуге жағдай жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу; білім беруді ақпараттандыру; халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу екені көрсетілген. Бұл әр мұғалімнен үздіксіз ізденіс, терең білім және жоғары біліктілік талап етеді.
Білім саясаты және жүйелі жаңғыру
Ел болашағының кілті — бүгінгі жас ұрпақтың қолында екені анық. Ал жас ұрпақтың тағдыры, олардың бойына білім мен ізгілік нұрын себетін — ұстаз. Сондықтан мұғалім даярлау ісін уақыт талабына сай қайта құру — қоғам үшін стратегиялық міндет.
2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама мазмұны
Елбасы Н. Ә. Назарбаев бекіткен Білім беруді дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы білім саласында орын алған олқылықтарды толықтыруға, білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сапалы білім арқылы адам капиталын дамытуға бағытталды.
-
Білім беру жүйесінің барлық деңгейінде қаржыландыруды жақсарту
-
Педагог мәртебесін көтеру
-
Білім беру менеджментінің сапасын арттыру
-
Электронды оқулықтарды жүйелі түрде енгізу
-
Мектепке дейінгі білім мен тәрбие сапасын күшейту
-
Орта білім, ТжКБ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді жаңғырту
-
Тәрбие жұмысы мен жастар саясатының тиімділігін арттыру
-
Ел экономикасының тұрақты өсуі үшін сапалы біліммен адам капиталын дамыту
Толық нұсқа
Құжаттың толық мәтінін жүктеп алып, кеңінен танысуға болады.