Бірыңғай мүшелерге, қаратпа сөздерге және оңашаланған айқындауышқа қойылатын үтір
Сабақтың тақырыбы
Бірыңғай мүшелерге, қаратпа сөздерге және оңашаланған айқындауышқа байланысты қойылатын тыныс белгілері. Үтір.
Білімділік
Сөйлем құрамындағы тыныс белгілерінің қызметін, үтірдің қолданылу орнын және үтір қоюдың негізгі принциптерін меңгерту.
Дамытушылық
Проблемалық жағдайлар мен күрделілігі жоғары тапсырмаларды шешу арқылы дербес ойлауды дамыту, өз бетімен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру.
Тәрбиелік
Тілге сүйіспеншілікті арттыру, сөзді орынды қолдануға, тиянақтылыққа тәрбиелеу.
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
- Сабақтың түрі
- Дәстүрлі сабақ
- Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап, талдау, баяндау, түсіндіру, СТО (сыни тұрғыдан ойлау) стратегиялары
- Сабақтың жабдығы
- Слайд, интерактивті тақта, карточкалар
- Негізгі назар
- Үтірдің қойылу орындары мен себептері
Сабақтың барысы: ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу.
- Оқушыларды түгендеу.
- Сабаққа дайындықтарын бақылау.
Қайталау сұрақтары
- Қазақ тілі пәні бойынша қандай тақырыпты өтіп жатырмыз? (Пунктуация)
- Пунктуация дегеніміз не?
- Қандай тыныс белгілерін білесіңдер?
- Өткен сабақта қандай тыныс белгісімен таныстық? (Үтір)
- Үтір қандай жерлерде қойылады?
- Тыныс белгілері бізге не үшін қажет? Олардың маңызы қандай?
Негізгі ой
Ауызекі сөйлеуде интонация қандай рөл атқарса, жазба тілде тыныс белгілерінің маңызы сондай. Үтір — сөйлем ішінде ең жиі қолданылатын тыныс белгісі.
Ол бірыңғай мүшелердің арасында, қаратпа сөздерде, сондай-ақ оңашаланған айқындауыш құрылымдарында қолданылады.
Бүгінгі тақырып: үтірдің қойылуы
- Бірыңғай мүше дегеніміз не? Мысал келтір.
- Қаратпа сөздер дегеніміз не?
- Айқындауыш мүше дегеніміз не? Оның қандай түрлері бар?
- Оңашаланған айқындауыш дегеніміз не? Қандай жағдайда үтір қойылады? Мысал келтір.
Мысалдар
«Көктемде, жазда және күзде ауыр тікұшақтар тайгадағы бұрғылардың үстінде қалықтап жүреді.»
«— Армысың, хан ием! — деп оң қолын кеудесіне қойып, иілген кезде Абылай да орнынан көтеріле берді.»
«Біз, ауыл балалары, қыс болса, ол кісінің отынын жарып беруге, жаз болса, бұзауын айдап келуге таласып жүреміз.»
«Долы далада, қатуланған суық жүзді өгей далада, бұлар тағы да ұзақ жорытты.»
Талқылау сұрақтары (суретпен жұмыс)
- Суретке назар аударайық: кімдерді көріп тұрмыз?
- Билер туралы не білесіңдер?
- Қандай шешендік сөздерді жатқа білесіңдер?
- Мысалы, қалалық «Ақберен» сайысы өтіп тұрады. Сол сайысқа қатысып көрдіңдер ме?
- Биыл Қазақ хандығының құрылғанына неше жыл болды?
- Ендеше, осы билердің қазақ тарихындағы орны қандай?
Кітаппен жұмыс: «Жаттығулар керуені»
171-жаттығу
Шарт бойынша орындату. Бір оқушыға оқытып, тыныс белгілеріне назар аударту.
«— Балам, мынаны сындырып көрші, — дейді.»
«— Бұдан не түсіндің, балам? — дейді.»
172-жаттығу
Сөйлем мүшелеріне талдау жасау.
«Қаз дауысты Қазыбек би аумалы-төкпелі, күрделі, қилы заманда ғұмыр кешті.»
173-жаттығу
Шарт бойынша орындау.
«Әдебиет, өнер тарихында рухани таза болмысымен, турашылдығымен, даналығымен, күйлі-қуатты әрі сымбатты сөздерімен аты аңызға айналған ақыл-ой алыптарының бірі — Әйтеке би.»