Заттың тығыздығы және тығыздықтың өлшем бірлігі

7-сынып физика: заттың тығыздығы және тығыздықтың өлшем бірлігі

Бұл сабақта оқушылар заттың тығыздығы ұғымын меңгереді, тығыздықтың өлшем бірлігін (ХБЖ) ажыратады және тығыздық = масса / көлем формуласы бойынша есептеулер жүргізеді.

Оқу мақсаттары

  • Негізгі ХБЖ бірліктері мен туынды өлшем бірліктерді ажырату.
  • Дұрыс, дұрыс емес пішінді денелердің және сұйықтардың тығыздығын анықтау тәсілдерін сипаттау.
  • Тығыздықтың анықтамасын білу және ρ = m / V формуласы бойынша есеп шығару.

Сабақ мақсаттары

  • Дәстүрлі емес жұмыс түрлері арқылы оқушы белсенділігін арттыру.
  • Өзін-өзі бағалауға, жетістігін сезінуге және әлсіз тұстарын сыни тұрғыдан талдауға үйрету.

Бағалау критерийлері

Оқушы тығыздықтың анықтамасын біледі және ρ = m / V формуласы бойынша есеп жүргізе алады.

Тілдік мақсаттар (терминдер)

Қазақша

Ағылшынша / Орысша

Масса

Mass / Масса

Көлем

Volume / Объем

Өлшеу

Measure / Измерение

Дене

Body / Тело

Тығыздық

Density / Плотность

Сабақтың құрылымы

Сабақтың басы

Сәлемдесу. Сабақ мақсатына бағыттау және күтілетін нәтижелерді нақтылау.

Сабақтың ортасы

Оқушыларды топқа бөлу: «Тәтті әдісі». Үй жұмысын тексеру: сөзжұмбақ арқылы.

Қайталау сұрақтары

  • Масса дегеніміз не? Оны қалай өлшейміз? Қандай әріппен белгіленеді? ХБЖ өлшем бірлігі қандай?
  • Көлем дегеніміз не? Қандай әріппен белгіленеді? Көлемді қалай өлшейміз? ХБЖ өлшем бірлігі қандай?

Проблемалық сұрақ

Неліктен көлемі бірдей денелердің массалары әр түрлі болады? Ал массалары бірдей денелердің көлемдері неге әр түрлі? Бұл қандай екі шаманың арасындағы тәуелділік?

Негізгі түсінік: тығыздық

Бізді қоршаған денелер әртүрлі заттардан (ағаш, темір және т.б.) жасалады. Әр дененің пішіні, көлемі, ауданы, массасы сияқты өлшемдері бар. Бұл сипаттамаларды біз өлшеу арқылы анықтаймыз. Мысалы, массаны таразымен өлшейміз.

Дененің массасы оның өлшеміне және қандай заттан жасалғанына тәуелді. Мысалы, көлемдері бірдей болған жағдайда әртүрлі заттардың «ауырлығы» әр басқа болады. Демек, көлемдері бірдей денелерді салыстыру арқылы олардың ауырлау не жеңілдеу екенін байқаймыз.

Осы айырмашылықты сипаттайтын негізгі шама — тығыздық. Тығыздық — заттың көлем бірлігіндегі массасына тең физикалық шама.

Негізгі формула

ρ = m / V

Түрлендірулер

m = ρ · V
V = m / ρ

Өлшем бірлігі (ХБЖ)

кг/м³

Көлемді табу (тікбұрышты параллелепипед)

Егер дене дұрыс пішінді (өлшемдері a, b, c) болса, онда көлем: V = a · b · c.

Кітаппен жұмыс (3 минут)

Оқушылар мәтінді оқып, төмендегі сұрақтарға жауап береді:

  1. Тығыздық дегеніміз не?
  2. Тығыздық қандай физикалық шамаға жатады?
  3. Тығыздықтың формуласы және өлшем бірлігі қандай?

«Ыстық орындық» әдісі: есеп шығару

№1 есеп

Берілгені

a = 4 м
b = 2,5 м
c = 2 м
ρ = 1,3 кг/м³

Табу керек

m = ?

Шешуі

V = a·b·c = 4·2,5·2 = 20 м³
m = ρ·V = 1,3·20 = 26 кг

Жауабы: m = 26 кг

Қысқаша ақпарат

Мектеп: ЖББ Абай орта мектеп-балабақша кешені
Мұғалім: Айтимова З. Н.