Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы - Қазақстан Республикасының бас қаласы қай қала
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Баланың туған жері мен елі туралы білімін кеңейту.
Дамытушылық
Қиын, зұлмат жылдарда елдің азаттығы мен еркіндігін аңсаған ұлт зиялылары туралы түсінігін дамыту.
Тәрбиелік
Болашақта ел азаматы атына лайықты болуға тәрбиелеу, Отанға, жерге, елге деген сүйіспеншілікті арттыру.
Көрнекілігі
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің барысы
Шаттық шеңбері
- Елімізге тыныштық тілейміз!
- Күніміз жарқын болсын!
- Аспанымыз ашық болсын!
- Деніміз сау болсын!
- Нанымыз көп болсын!
- Көк туымыз биік болсын!
- Бәріміз дос болайық!
Сұрақ-жауап (жылыту бөлімі)
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Қыс мезгілі.
- Қыс мезгілінде неше ай бар?
- Үш ай бар.
- Қыс айларын ата.
- Желтоқсан, қаңтар, ақпан.
- Аптада неше күн бар?
- Жеті күн бар.
- Біз қай Республикада тұрамыз?
- Қазақстан Республикасында тұрамыз.
- Қазақстан Республикасының Елбасы кім?
- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
- Қазақстан Республикасының бас қаласы қай қала?
- Астана қаласы.
- Қай облыста тұрамыз?
- Маңғыстау облысында тұрамыз.
- Маңғыстау облысының қай қаласында тұрамыз?
- Жаңаөзен қаласында тұрамыз.
Жарайсыңдар, балалар! Сұрақтарға дұрыс жауап бердіңдер. Ендеше бүгінгі оқу іс-әрекетіміз ерекше болмақ. Бүгін «Айналамен таныстыру» сабағында «Тәуелсіздік тұғыры» тақырыбында әңгімелесеміз.
Тәуелсіз Қазақстан: жаңа дәуір
Тарихи бетбұрыс
Көп ұзамай Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алды. Бұл — еліміздің жаңа тарихындағы ерекше күн. Нақтырақ айтқанда, 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы болып сайланды.
Осылайша ғасырлар бойы халқымыздың асыл арманы болған егемен Қазақстанды құру жөніндегі ата-бабалар аманаты орындалды.
Елдің еңсесі көтерілген кезең
Тәуелсіздікпен бірге тіліміз бен дініміз қайта жаңғырды. Бүгінде Ата Заңымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз, көк Туымыз және төл теңгеміз бар алып мемлекетке айналдық.
Қазақстанды әлем таныды: экономикасы дамыған, өз бағытын нық ұстанған, бас қаласы бар ірі мемлекет.
Астана — жаңарудың символы
Астана — зәулім ғимараттар бой көтерген, театрлар мен ойын-сауық кешендері бар әсем қала. Мұнда әлемнің көптеген елінен туристер келіп, қаланың көркін тамашалайды.
Сонымен қатар елімізде жаңа технологиялармен жабдықталған мектептер мен балабақшалар саны артты. Соның айғағы — біз білім мен тәрбие алып отырған сәулетті, кең әрі жарық балабақшамыз.
Осындай бейбіт елде өмір сүріп отырғанымыз үшін әрдайым қуануымыз керек.
Сергіту сәті
Көк аспанда күн күлсін,
Бірге күлсін бүлдіршін.
Ұл қолында ту жүрсін,
Қыз қолында гүл жүрсін.
Бірге күлсін бүлдіршін.
Тәуелсіздік туралы тақпақтар
1-бала
Көк аспанда тулардың,
Желбіреген күні — бұл.
Елім деген ұлдардың,
Елжіреген күні — бұл.
2-бала
Атамекен ақ үйдің,
Азат болған күні — бұл.
Құндақтағы сәбидің
Қазақ болған күні — бұл.
Қазақ болған күні — бұл.
Қорытынды сұрақтар
Талқылау
- Қандай оқу іс-әрекеті болды?
- Не жайында әңгімеледік?
- Біз қай елде тұрамыз?
- Біздің рәміздеріміз қандай?
- Біздің ұлтымыз қандай?
- Қай тілде сөйлейміз?
- Қазақстан Республикасының Елбасымыз кім?
Тілек
Еліміз тыныш болсын,
Аспанымыз ашық болсын,
Болашағымыз жарқын болсын.
Осымен бүгінгі оқу іс-әрекетіміз аяқталды.