Сиқырлы соқпақ дидактикалық ойыны
Оқу қызметі туралы қысқаша ақпарат
Тақырыбы
«Әжемізде қонақта». Коммуникация
Оқу қызметі
Сауат ашу
Мақсаты
- Өтілген дыбыстар мен әріптерді қайталау, [р] дыбысы мен Р әрпін бекіту.
- Сөздік қорды молайту.
- Қызықты тапсырмалар мен ойындар арқылы балалардың зейінін оятып, оқу қызметіне қызығушылығын арттыру.
- Қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеу.
Сөздік жұмыс
Робот
Үштілділік компонент
Әже — бабушка
Көрнекіліктер
Заттық суреттер; көк және қызыл гүлдері бар кілемше; дыбыстық талдауға арналған ойын тастары; жіп; өтілген әріптері бар көк және қызыл картон моншақтар; робот суреті; қарындаштар.
Сабақ барысы
1) Жылулық шеңбері және өткенді қайталау
Балалар, бүгін біз әженің үйіне қонаққа барамыз. Әжеміздің үйі ауылда. Оған қалай тез жетуге болады? (Балалар өз ойларын айтады.)
2) «Сиқырлы соқпақ» дидактикалық ойыны
Балалар, мен таптым: әжеміздің үйіне сиқырлы соқпақпен барайық. Бұл соқпақтың ерекшелігі — жолдағы әріптерді дұрыс атап өтсек, әжеміздің үйіне дәл барамыз.
Балалар төмендегі әріптерді атап өтеді: А, У, Л, О, Ә, Т, Н, Е, Ө.
Жарайсыңдар! Міне, әжеміздің үйіне де келіп қалдық.
3) Психологиялық жаттығу: дыбысты сезіну
Әжеміздің үйінде сүп-сүйкімді мысық бар. Көрсетіңдерші, ол қалай мияулайды? (мяу-у-у)
Ал үйді үлкен ит күзетіп отыр. Ол бөтен адамға ашуланса не істейді? (р-р-р)
- Ит қандай дыбыс шығарады?
- [р] дыбысын айтқанда тіліміз қандай қалыпта болады?
- [р] дыбысы дауысты ма, әлде дауыссыз ба?
- [р] дыбысын қандай түспен белгілейміз?
Ит сендердің ақылды екендеріңді байқап, сабасына түскендей. Ендеше, үйге кірейік.
4) «Ойлан, тап» дидактикалық ойыны
Ой, әжеміздің үйі қандай әдемі! Ендеше, ішінде [р] дыбысы бар заттарды атайық:
қоржын, ұршық, көрпеше, орамал, домбыра, торсық…
Енді осы сөздерді буынға бөліп айтайық.
Әжеміз көрінбейді. Сірә, ас үйде үй шаруасымен жүр. Дәмді иіс шығып тұрғандай, сезесіңдер ме?
5) Тыныс алу жаттығуы: «Майсөк»
Әжеміз бізге майсөк әзірлеп жатыр екен. Әжеміз келгенше, оның бізге дайындаған ойын тапсырмаларын орындайық.
6) Сөздік жұмыс: «Робот»
Әжеміздің үйінде үй шаруасына көмектесетін робот бар екен.
Робот — адамның жүрісі мен қимылын еліктіретін автоматтандырылған құрылғы. Ол адамның қызметтері мен іс-әрекеттерін орындай алады. «Робот» сөзін чех жазушысы енгізген, мағынасы — «жұмысқа шебер адам».
7) 1-тапсырма: «Робот» сөзін дыбыстық талдау
Бір бала тақтада «робот» сөзін дыбыстармен көрсетеді, қалған балалар орындарында отырып дыбыстық талдау жасайды.
8) Сергіту сәті: «Зейінді бол» ойыны
Әжеміз бізге әдемі кілемше тоқып қойыпты. Келіңдер, кілемшемен ойын ойнайық.
Ойын шарты:
Балалар кілемшені айналып билеп жүреді. Әуен тоқтағанда, егер дауысты дыбыс естілсе — кілемшедегі қызыл гүлді, ал дауыссыз дыбыс естілсе — көк гүлді басып тұрады.
9) 2-тапсырма: «Дыбыстың орнын тап»
Суреттегі сөз құрамындағы [р] дыбысының орнын анықтап, Р әрпін жазамыз.
10) Ниткография: Р әрпін жіппен жазу
Балалар, Р әрпін жіппен жазып көрсетіңдер.
- «Ара», «сиыр», «радио» сөздеріндегі [р] дыбысының орнын анықтау.
- Сөздің неше дыбыстан құралғанын айту.
- [р] дыбысының сөздің қай жерінде естілетінін көрсету.
Енді осы сөздерді қатыстырып сөйлем құрап көрейік.
11) 3-тапсырма: «Әріптер сыйлаймыз» ойыны
Әжеміз бізге арнап Р әрпін дайындапты. Кім құрамында [р] дыбысы бар сөз айтса, сол балаға әріп сыйланады.
12) 4-тапсырма: «Ғажайып моншақ» дидактикалық ойыны
Әженің моншақтары үзіліп қалыпты. Ендеше, әжемізге әдемілеп жасап берейік.
Ойын шарты:
Әріптер жазылған моншақтардан қысқа сөз құрап, моншақтарды жіпке тіземіз. Әр бала өз сөзін оқып береді.
Қорытынды
Міне, әжеміздің өзі де келіп қалды. Ендеше, моншақтарымызды әжемізге сыйлайық.
Әже:
Рахмет, балалар! Тапсырмаларымды өте жақсы орындадыңдар. Сендерге арнап майсөк әзірлеп қойдым.
Енді «Сиқырлы соқпақ» арқылы тобымызға қайтайық. Жолда балаларды мадақтап, қандай әсер алғандарын сұраймыз.
Күтілетін нәтиже
Біледі
- [р] дыбысының дауыссыз дыбыс екенін.
- Құрамында [р] дыбысы бар сөздерді атауды.
Игереді
- [р] дыбысының сөздегі орнын анықтауды.
- Сөздерді буынға бөлуді.
- Сөйлем құрауды.
Меңгереді
- Өтілген әріптерден қысқа сөздер құрауды.
- Моншақтарды жіпке ретімен тізбектеуді.
Автор туралы
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы. «Балдырған» балабақшасының тәрбиешісі — Алибекова Ұлмекен.