Мерекенің белгісі шыршамен таныстыру

Ертегілер арқылы балаларды еңбекке тәрбиелеу

Шығармашылық жұмыс

Мақсаты

Ертегі арқылы балалардың тыныс-тіршілігін, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін, бақыт жолындағы күресін, өзара қарым-қатынастары мен мінез-құлықтарын таныту; еңбексүйгіштікке баулу; өз халқына, Отанына және туып-өскен табиғатына деген сүйіспеншілігін ояту.

Кіріспе

Жалпы алғанда, ертегілер — балалардың ақыл-ойын, адамгершілік қасиеттерін, сана-сезімін қалыптастыратын маңызды құрал. Ауыз әдебиетінің қай үлгісін алсақ та, онда болашақ жас ұрпақ үшін үлкен тәрбиелік мәні бар рухани қазына жатыр.

Сондықтан біз сол бай мұраны тиімді пайдаланып, балалардың бойына әдемілік пен әсемдікке ұмтылуды сіңіруіміз қажет. Мейірім мен махаббатты, сұлулық пен нәзіктікті адамның жүрегіне ұялататын да — осы ертегілер. Мұны естен шығармау маңызды.

Халық ауыз әдебиетіндегі көркем ертегілер жасөспірімдерге ғана емес, ересектердің де ой-өрісі мен дүниетанымын кеңейтуге әсер етеді. Балалар бос уақытында әдеби кітаптарды оқи отырып, халықтың қиялға құрылған өмірінен сабақ алады.

Осы бағыттағы ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің үлгісі ретінде және ата-анамен жүргізілетін «Ананың алақаны — балаға айдынды қоныс» тренингі аясында төмендегі сабақ жоспарын ұсынамын.

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті

Сабақ туралы мәлімет

Тақырыбы
Ормандағы шырша тойы
Білім беру саласы
Қатынас
Кіріктірілген білім салалары
Көркем әдебиет
Оқу іс-әрекеті
Тіл дамыту

Жалпы мақсат

Жаңа жыл мерекесімен таныстыру.

  • 1) Білімділігі

    Мерекенің белгісі — шыршамен таныстыру.

  • 2) Дамытушылығы

    Балалардың сөздік қорын байыту. Қыс мезгіліндегі табиғат ерекшеліктерін ажырата білуге үйрету. Сурет бойынша сөйлеу дағдыларын жетілдіру.

  • 3) Тәрбиелілігі

    Балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

  • әңгімелеу
  • түсіндіру
  • сұрақ-жауап
  • Венн диаграммасы
  • топтастыру стратегиясы
  • тірек сызба технологиясы

Көрнекіліктер мен құралдар

  • Қысқы табиғат көрінісі
  • Суреттер
  • Жұмбақтар
  • «Ормандағы шырша тойы» макеті
  • Безендірілген шырша

Сабақ барысы

Ұйымдастыру бөлімі

Әдепті елдің баласы алдымен амандасады.

— Сәлеметсіздер ме?

Сабағымызды бастамас бұрын бір-бірімізге жақсы тілектер тілейік.

Аспанымыз ашық болсын, Ата-анамыз аман болсын. Бәріміз дос болайық, Бәріміз күндей жарқырайық.

I. Ой шақыру

Аяз қысып, Өрнек сызып, Терезеңді торлайды. Қарға омбығып, Бет домбығып, Сырғанап жастар ойнайды. Кейде ұлып, Кейде ысқырып, Ұйытқып боран соғады. Бөбектерім, айтыңдаршы, Бұл қай кезде болады?

II. Қызығушылықты ояту

Балалармен қыс мезгілі, қыс айлары және жаңа жыл мерекесі туралы әңгімелесу арқылы сұрақ-жауап жүргізіледі. Шыршаның ерекшеліктері (діңі, бұтақтары, инелері, түсі, пішіні, ойыншықтары) бойынша бақылау сұрақтары қойылады.

Талқылау сұрақтары (үлгі)

  • Қазір жылдың қай мезгілі?
  • Қыс айларын атайық.
  • Қыс мезгілінде қандай мерекелер болады?
  • Алдымызда қандай мереке келе жатыр?
  • Жаңа жылда сендер не істейсіңдер?

Шырша туралы бағыттаушы сұрақтар

  • Шырша бізге қайдан келеді?
  • Шыршаның діңі бүдір ме, әлде жұмсақ па?
  • Шыршаның бұтақшаларында не бар? Инелері қандай?
  • Шыршада қандай ойыншықтар ілінеді? Ең жоғарыда не тұрады?
  • Шырша қандай геометриялық пішінге ұқсайды?

III. Ойын: «Шырша құрастыру»

Жұмбақтардың жауабын табу арқылы шыршаның бөліктерін құрастыру ұсынылады.

Жұмбақ 1

Өзі судан жаралған, бірақ судан қорқады.

Жұмбақ 2

Қырға сүйреп шығам, ойға мініп түсем.

Жұмбақ 3

Тікен-тікен тік пісте, қысы-жазы бір түсте.

IV. Жаңа сабақ: «Ормандағы шырша тойы»

Әңгімені макет арқылы көрсетіп, мазмұнын түсіндіру. Кейіпкерлердің көңіл күйі, оқиға желісі және жаңа жылдық дәстүрлер бойынша қысқаша талдау жасау.

V. Әңгімені баяндау (сұрақтар)

  • Руслан нешеге толды?
  • Ол кімдермен бірге тұрады?
  • Үйлері қайда орналасқан?
  • Қысқы демалысқа Русланның үйіне кім келді?
  • Руслан терезеден қандай құстарды көрді?
  • Руслан неге таң қалды?
  • Құстардың көңіл күйлері қандай болды?

VI. Сергіту сәті

Тауда туып, тауда өскен Шырша келді ортаға. Бәріміз бір дауыспен Дейміз енді шыршаға: Қуан, бізді таңырқат, Шамдарыңды жарқырат! Әдемілеп біз ілген Ойыншықтар тізілген. Қандай жақсы шыршамыз, Ән шырқайық баршамыз!

VII. Топтастыру стратегиясы

Суреттер арқылы қыс мезгіліне тән белгілерді, жаңа жыл мерекесінің атрибуттарын және шыршаға қатысты ұғымдарды топтастырып, қорытынды жасау.

Қызылқоға ауданы, Миялы селосы

МКҚК «Жасұлан» балалар бақшасы

Тәрбиеші: Айтжанова Әйгерім Кәдірбекқызы